Шығыс Қазақстан облысында қатты жел бірнеше ғимараттың шатырын ұшырып әкетті, – деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. Бүгін Аягөз қаласы мен Ұлан ауданы Бестерек ауылында қатты соққан жел ғимараттардың шатырын ұшырып жіберген.
«Зардап шеккен ешкім жоқ. Сол жерлерде жергілікті атқарушы орган өкілдерінен құралған комиссия жұмыс істеп жатыр» делінген ақпаратта.18 қарашада облыста дауылды ескерту жарияланған болатын. Қар жауып, боран соғады деп күтілуде. Оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысатын жел жылдамдығы секундына 15-20 метрге, облыстың оңтүстігінде және солтүстік-шығысында 23-28 метрге, кей жерлерде тіпті 30 метрге дейін жетеді.