Жаңа жоба жүзеге асырылмақ
Жаңа жоба  жүзеге асырылмақ
«Самұрық-Қазына» АҚ жыл соңына дейін парниктік газдардың шығарылымын 10%-ға азайтуды көздейтін, көміртек бейтараптығына қол жеткізетін даму тұжырымдамасын әзірлейді. Бұл туралы брифингте «Самұрық-Қазына» АҚ-ның стратегия, тұрақты даму және цифрлық трансформация жөніндегі тең-басқарушы директоры Ернат Бердіғұлов мәлімдеді. Қазір елдің ішкі нарығында инвес­тициялар тартуға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, жаңа жұмыс орын­дарын құруға, жаңа технологияларды енгізуге екпін түсірілген. «Біз жаңа өнеркәсіп нысандарын іске қосып, шикізаттық емес тауарлар өндірісін екі есеге арттыру міндетін қойып отырмыз. Қазір газбен, сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ көлік және энергетика салаларындағы 11 инфра­құрылымдық жобаны жүзеге асыруға кірісіп кеттік», – дейді қор өкілі. Ернат Бердіғұлов таяуда өткен СОР26 климаттық саммит туралы пікірін білдіріп: «Самұрық-Қазына» үшін де маңызды аспектілер бар, бастысы, біз парниктік газдардың шығарылымын азайту жос­парын ойдағыдай орындап келеміз. Жаһан­дық деңгейде энергоауысу тең­герімінің біртіндеп іске асуы қажет екенін бәрі ұғып отыр», – деп толық­тырды. Бүгінде Қазақстанда өндірілетін электр қуатының 70%-ы көмір жағу ар­қылы алынады. Газ, көмір және электр қуаты тарифтері өте төмен болған­дықтан, ел экономикасы дүние­жүзінде энергияны тұтыну көлемі бойынша 12-ші, ал көміртекті тұтынудан 5-орында тұр. Сол себепті де көмір жағуды бір­тіндеп азайту қажет. Ернат Бердіғұлов алдағы уақытта көмір стан­салары салынатынын айтты. Нысан­дарда ауаны ластамайтын, көміртекті сақтай білетін жаңа техно­логиялар енгізіледі. Мұндай жаңашылдықтар қазір зерттелу үс­тінде, олар өңірлерде сынақтан өт­кізіледі.