Үш жылға арналған бюджет жобасы
Үш жылға арналған бюджет жобасы
160
оқылды
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет жобасы және «Ұлттық қордан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы қаралды. Құжаттар пандемия салдарын еңсерудің жалпыұлттық басымдықтарын іске асыруға және Президент Қ.Тоқаев қойған міндеттерді орындауға бағытталған. «Қазақстанда пандемия салдарын еңсеруге басымдық берілгені белгілі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен азаматтарымыз бен зардап шеккен кәсіпорындарға әлеуметтік қолдау көрсетуге қо­мақты қаражат жұмсалуда. Жағдай әлі де болса оңай емес. Бірақ Қа­зақ­стан пандемия дағдарысын еңсеріп келеді. Сондықтан алдағы үш жылдың бюджеті негізінен қайта қалыпқа келуге және дамуға бағытталып отыр», – деді Сенат Төрағасы. Бюджеттің маңызды міндет­терінің бірі – мемлекеттің азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемесін мүлтіксіз орындау. Сәй­кесінше, бюджет шығыстарындағы ең үлкен үлес әлеуметтік салаға тиесілі. Сенаторлар талқылау барысында инфляцияның өсуіне, отын бағасына, мемқарыздың ұлғаюына, ауыл тұрғындарын таза ауызсумен, интернетпен жабдық­тауға, фельдшерлік пункттер желісін кеңейтуге қатысты бірқатар өзекті мәселені көтерді. Олар республикалық бюджет жобасына түзетулер енгізді. Атап айтқанда, автожолдарды жаңартуға, газбен жабдықтауға, су құбыры желілерін салу мен жөндеуге және басқасына шығыстарды ұлғайту ұсынылып отыр. Бұл шығыстарды Үкімет резерві қаражатын қайта бөлу есебінен қаржыландыру көзделген. Түзетілуіне байланысты «2022-2024 жылдарға арналған респуб­лика­лық бюджет жобасы» Мә­жіліс­ке қайтарылды. Ал Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт алуды көздейтін заң өзгеріссіз қабыл­данып, Президенттің қол қоюына жолданды.

Айхан ШӘРІП