Қазақстанды қымбатшылық қысып барады. Жалпы, 2021 жыл бай мен кедей арасының алшақтығын айқын аңғарта түсті. Шенеуніктер жалақысынан айына жарты миллион теңгені тек тамаққа жұмсайтынын ашық айтса, тапқаны қапқанына жетпейтін қарапайым бұқара тиын-тебенін қайда жеткізерін білмей дал. Азық-түліктің өзіне әрең үнемдеп отыр.
Бай байыған сайын...
Жалпы, халықтың материалдық жағдайының төмендеп кеткенін Ұлттық банк те ашық жариялады. Биыл банк өкілдері инфляциялық болжам бойынша сауалнама жүргізген. Сонда халықтың басым бөлігі елімізде қымбатшылық сақталады деген пікір білдірген. Шынымен де келесі жылы баға 33 пайызға дейін өсетіні болжанып отыр. «Мысалы, қазанда несие алғандардың үлесі шілдемен салыстырғанда 3 пайызға өсті. Ал ақша жинайтын халықтың үлесі керісінше 3 пайызға азайды», – деп мәлімдеді Ұлттық банктің ақша-несие саясаты департаменті директорының орынбасары Денис Чернявский. Тіпті, сол қымбатшылық салдарынан таяуда ақтаулық Рүстем Тінеев атты азамат 6 баласын жұмыртқа сатып асырау үшін амалсыз 10 қабатты үйдің шатырына тауық бағып, 70 мың теңге айыппұл арқалаған еді. Бұл жағдайға бейжай қарай алмаған кәсіпкер Сырымбек Тау мен блогер Дәулет Төлеутайұлы әлеуметтік желідегі оқырмандарынан «жылу» жинап, көпбалалы отбасына 20 сотық жерімен және жиһазымен баспана алып берді. Бұл ретте көпшіліктен 12,5 миллион теңге жиналған. Енді олар баспанадан артылған ақшаға күні жұмыртқаға қарап қалған отбасына дүкен мен қора салып бермек. «Сүйеу болсын, тіреу болсын мың қазақ, сүрінгенде, бүгілгенде бір қазақ» дегендей, биліктен қайыр болмасын түсінген жұрттың осылайша бірін-бірі демеп отыруға көшкені – ащы да болса ақиқат. Бірақ бірді-екілі емес, мың-миллиондаған отбасының жағдайы көңіл көншітерлік болмаған заманда кім кімді жарылқап, қарық қылғандай?!. Сондай-ақ Семейде 3 айдан бері жалақы алмаған жылу электр орталығының жұмысшыларына басшылық сүт пен нанға талон беріп немесе түскі ас ұсынған. Онсыз да аз еңбекақыларын қолдарына соңғы рет шілдеде ұстатыпты. Ал кәсіпорын басшылығының мәлімдеуінше, айлықтың кешігуіне 300 миллион теңгеге жуық қарызын қайтармаған тұтынушылар кінәлі көрінеді. «Қыркүйек айынан бері 145 миллион теңге берешекпіз. Оның 1,8 миллионын төледік. Күнделікті түсіп жатқан қаржыны осы жалақыны төлеуге жұмсап отырмыз», – деп ақталды кәсіпорын директоры Азат Сарпеков. Енді сол берешекті қазір 1 150 адам зарыға күтіп отыр. Елімізде сол сияқты жұмысшылардың 4/1 бөлігі 45-105 мың теңге аралығында ғана айлық алады екен. Сонымен қатар 36,9 пайызы 105-210 мың теңге аралығындағы табысты қанағат тұтып жүр. Бұдан бөлек, қазір еліміздегі әр алтыншы бала кедей отбасында өсіп жатыр. Олардың 90 пайызы – көпбалалы отбасылар. Осылайша қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының ғалымдары елде балалар кедейлігі бар деген қорытындыға келіп отыр. Өйткені бізде бір балаға берілетін жәрдемақы 11 жарым мыңнан сәл асады. Енді елімізде 454 мың көпбалалы отбасы бар десек, оның ішінде жұмыссыз ата-аналар көп. Елдің жағдайы осындай болып тұрғанда, таяуда тілшілердің «Азық-түлікке айына қанша ақша жұмсайсыз?» деген сұрағына Мәжіліс депутаты Анатолий Симонов «қатырып» жауап берді. «Айына өз басыма 50 мың теңгедей кетеді. Ал отбасымды қоса есептегенде, 250 мыңдай жұмсалады», – дейді ол. Ал оның алдында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев азық-түлікке айына отбасымен 50-60 мың теңге жұмсайтынын айтқан болатын. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин болса, жалақысының миллион теңгеге жуық екенін, оның 500 мыңдайы айына отбасындағы 4 адамның тамағына ғана жұмсалатынын жасырмады. Жасырмайтын жөні де бар. Себебі бүгінде супер-бай мен әлемнің қалған бөліктері арасындағы алшақтық кеңейе түскен. Тіпті, былтыр өндірілген ақшаның 82 пайызы жаһан халқының ең бай 1 пайызының қалтасында қалса, кедейлерде ешқандай өсу байқалмаған. Oxfam компаниясының атқарушы директоры Марк Голдринг биыл 42 адам әлемдегі ең кедейлердің жартысында бар байлыққа ие болғанын мәлімдеді. Бұндай жағдайға салықтан жалтару, фирмалардың саясатқа ықпалы, жұмысшылардың құқығының тапталуы негіз болған. «Қарап отырсаңыз, бұл – теңсіздіктің қолайсыз деңгейі», – дейді Марк Голдринг. Statista.com жүргізген әлемдік рейтинг бойынша қазір біз байлардың саны артқан 10 елдің ішінде жүрміз. Пандемияға қарамастан, бүкіл әлемде бай-бағландардың саны артқан. Ал нақты Қазақстанның өзінде шіріген байлардың саны кейін қазіргіден 33 пайызға артатын көрінеді. Осыдан-ақ әлеуметтік теңсіздіктің шынайы жобасын көруге болады. Кедейлердің сіңірі шыға түссе, байлар үсті-үстіне байи түспек. Тіпті, коронадағдарыс жағдайында да қалтасы қалыңдаған олигархтардың саны еселенгенін көріп отырмыз.Азық-түлік бағасы ырыққа көнбей тұр
Биыл елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік әжептәуір қымбаттаған. Атап айтқанда, жыл басынан бері сәбіз 68,2 пайызға, пияз 30,2 пайызға, күнбағыс майы 60 пайызға, қырыққабат 27,1 пайызға, картоп 29,7 пайызға, қарақұмық жармасы 22,2 пайызға, тауық еті 15,5 пайызға, қант 12,5 пайызға бір-ақ ытқыды. Сондай-ақ сүт өнімдері бір жылда 7,6 пайызға, мал еті және ет өнімдері 9,5 пайызға қымбаттаған. Нан бағасы да 5,9 пайызға, ұн 11,1 пайызға, макарон өнімдері 11,1 пайызға артып отыр. Оған қоса дизель отынының бағасы бірден 16,6 пайызға көтерілді. Соның салдарынан оның 1 литрі біраз өңірде 215 теңгеге жетті. Ұлттық банктің есебінше, қазан айында көмір мен газ бағасы да аспандап кеткен. «Өңірлердің көбінде сұйытылған газ қымбаттады. Бұл тауардың бағасы республика бойынша 6,4 пайызға артып отыр. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысында электр энергиясының тарифі көтерілді (8,5 пайыз және 5,3 пайыз). Ал көмір республика бойынша 2,1 пайыз қымбаттады. Әсіресе, Қарағанды облысында баға қатты артты (9,5 пайыз)», – деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі. Қыл аяғы әлгі қымбаттаған азық-түлікті тұтынғаннан кейін қажет болатын дәретхана қағазының өзі ырыққа бағынбай кеткен. Өйткені биыл қағаз сүлгілер өндірісі 6,6 пайызға (3,5 мың тонна), дәретхана қағазы өндірісі 9,7 пайызға (23,8 мың тонна) қысқарған еді. Отандық компаниялар халықтың дәретхана қағазына, қағаз сүлгілерге, беторамалдарға сұранысын 68,7 пайызға қанағаттандырып отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 72,2 пайыз болған-ды. Ал импорт, керісінше, 7,9 пайызға артқан.Мамандар не дейді?
Сарапшылардың пікірінше, еліміздегі «жұмысы бар кедейлер» мәселесі негізінен коронадағдарыс кезінде күшейе түскен. Ал саясаттанушы Расул Жұмалы елімізде негізгі пайда көзін мемлекет немесе мемлекеттік бизнес иемденіп отыр деген пікірде. «Бізде күнкөріс минимумы, орташа жалақыны есептеп шығару методикасы да дұрыс емес. Ең жоғары жалақы (500-600 мың теңге) мен төменгісін (40-50 мың теңге) негізге алып, соның ортасын есептеп шығарады. Мұның бәрі жоқ нәрсені бар қылып, әлеуметтік жағдайдың орташа дамуының оңтайлы екендігін көрсету үшін жасалады. Шын мәнінде 42 мың теңгеге өмір сүру мүмкін емес қой?.. Әлем елдерінде санау реті мүлдем басқа. Оларда халықтың басым бөлігі қандай жалақы алады, соның орташасын шығарады. Сонда шынайы болады», – дейді ол. Осы орайда Расул Рысмамбетов бізде адам еңбегі бағаланбайтынын баса айтты. «Мен ауылда бір пошта қызметкерінің 21 мың теңге алатынын білемін», – дейді экономист-сарапшы. Міне, осыдан кейін-ақ еңбекақысы еңсесін түсірген жұрттың қолайлы өмірді дамыған Еуропа елдерінен іздеп, «Бәлен жерде алтын бар...» деп жыл сайын үдере көшіп жатқанына бірдеңе деудің өзі қиын.