Қазақстандықтар otinish.kz сайтында утилизациялық алымға қарсы петиция жариялады, оған қазірдің өзінде 110 мыңнан астам адамның қолы жиналды. Өйткені импорттық көліктерді кәдеге жарату үшін алынатын төлемнің шектен шыққаны халықтың қалтасына ауыр соғып тұр. Утилизациялық алым барлық дерлік мемлекеттерде жиналады. Бірақ олардағы баға бізбен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Мәселен, Германияда – 100 еуро, Нидерландта – 30 еуро. Жалпы, Кәрі құрылықтағы мемлекеттердің ең қымбат дегенінің өзінде оның көлемі 100 мың теңгеден аспайды. Ал Жапонияда утилизациялық алым бізден тіпті 80 есе аз екен. Қазақстанда 2016 жылы утилизациялық алым енгізілгелі бері автокөліктердің құны екі есеге қымбаттап кетті. Утилизациялық алымның базалық мөлшерлемесі АЕК-пен белгіленеді. Демек, оның мөлшері жыл сайын артып отырады. Ол автоның маркасына, қозғалтқышының көлеміне қарай 460 мың теңгеден бастап 5,5 млн теңгеге дейін жетеді. Көп жағдайда бұл көліктің өз құнынан да асып кетеді. Бұл еліміздегі автопарктердің техникаларын жаңалауға көп кедергі келтіретіні түсінікті. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, осыдан алты жыл бұрын республикада 4 миллион 327,8 мың жеңіл авто тіркелсе, қазір олардың саны 3 миллион 849,9 мыңға дейін азайған. Көліктердің жылдан-жылға көбеюдің орнына, керісінше, жарты миллионға жуығының кеміп кетуі соның айғағы.
Жүк тасымалы тоқырауға ұшырады
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының шағын және орта бизнес комитетінің төрағасы және «Тәуелсіз автобизнес» одағының төрағасы Берік Зайыровтың айтуынша, Қазақстанда утилизациялық алымның қымбаттығынан жұрт Ресейден сатып алған көліктерін заңдастыра алмай жүр. Мысалы, жеңіл көлікті тіркету үшін 1 миллион теңгеден 3,5 миллион теңгеге дейін төлеу талап етіледі. Жүк көліктерін тіркету үшін 6 миллион теңге керек. Ал енді, ауыл шаруашылығы техникасын әкелу үшін алынатын утилизациялық төлем, тіпті 14 миллион теңгеге дейін жетеді. Бұл отандық автоөндірушілерді қолдау деген желеумен халықтың баяғыдай сырттан арзан әрі сапалы автокөлік тасып әкелуіне тосқауыл қою амалына көп ұқсайды. Сонымен бірге Қазақстанның халықаралық автомобильдік тасымалдаушылар одағы (ҚазАТО) халықаралық тасымал секторындағы отандық компаниялардың үлес салмағы құлдырап бара жатқанына да утилизациялық алымдар айыпты деп санайды. Соның салдарынан көлік компа- ниялары миллиондаған теңге шығынға батқан. «Халықаралық нарықтағы отандық тасымалдаушылардың үлесі еселеп азайды. Бұған халықаралық тасымалдарға тартылған автокөліктерден жиналатын утилизациялық алымның ұлғайтылуы себепкер. Оның көлемі бүкіл Еуразиялық одақтағы көршілес елдердің мөлшерлемесінен әлдеқайда жоғары болып отыр», – дейді ҚазАТО президенті Мақсат Сақтағанов. Соның салдарынан қазақстандық тасымалдаушылар экономикалық одақтағы өзге әріптестеріне қарағанда ең қолайсыз жағдайда қалған. Бүгінде қазақстандық компаниялар баға бойынша не Ресей, не Беларусь тасымалдаушыларымен бәсекелесе алмайды. Ол аздай, қазір шетелдік тасымалдаушылар Қазақстанның ішкі нарығында да үстемдігін жүргізе бастаған. Айта кетейік, 2017 жылдан бері Қазақстан арқылы өтетін халықаралық автоқатынастағы отандық тасымалдаушылардың үлесі 52%-дан 31%-ға дейін құлдыраған. Жағдай осылай жалғаса беретін болса, онда ішкі нарықтан да тұлдай болып айрылып қалатын күн алыс емес. Мақсат Сақтағановтың айтуынша, отандық кәсіпкерлер жүк тасымалының дамуына кедергі болып отырған жүк көліктерінен (ершікті автотартқыш) алынатын утилизациялық алымды қайта қарауды сұрайды. Халықаралық жүк тасымалымен айналысатын жүк көліктерінің саны Ресейде – 34 мың, Беларусьте –15 мың, Өзбекстанда – 8 мың. Ал Қазақстаннан 7,5 мың ғана жүк машинасы халықаралық тасымалға шығып жүр. 2017 жылдан бері бұл нарықта отандық тасымалдаушылардың үлесі бір жарым еседен аса кеміді. Басты себептердің бірі – утилизациялық алым. Қазақстанда ершікті автотартқышқа орта есеппен 1,6 миллион теңге утилизациялық алым төленеді. Мысалы, 2020 жылы автокөліктермен ел аумағы бойынша 4,9 миллион тонна жүк жөнелтілген. Соның 1,9 миллион тоннасы – қазақстандық экспорт, қалған 3 миллионы – шетелден келген импорт. Күйіндіретіні сол, тіпті отандық экспорттың өзі ресейлік және беларустік тасымалдаушылардың иелігіне бұйырған: былтырғы 5 миллион тоннадай жүктің тек 1,5 миллионы ғана қазақстандық тасымалдаушылар еншісіне тиіпті. Айтпақшы, Ресей және Беларусь тасымалдаушылары Қазақстандағы ақылы жолдарда жүргені үшін төлем төлемейді. Бұл мәселе ел Парламентінде де талқыланған болатын. «ҚазАвтоЖол» түсіндіруінше, шетелдік жүк көліктерінің мемлекеттік тіркеу белгісі оның базасында жоқ, тиісінше олардың ақылы жолдармен жүру ақысы туралы түбіртекті қандай мекенжайға жолдауы керектігін ұлттық компания білмейді. «Ал қазақстандық тасымалдаушылар көлік сатып алу кезінде мөлшері үлкен утилизациялық алымның ауыртпалығын көтеріп, әу бастан халықаралық нарықтың өзге қатысушыларымен тең емес жағдайда бәсекелесуге мәжбүр. Осыған байланысты халықаралық автокөлік тасымалына арналған автокөлік паркін жаңғырту және толықтыру мақсатында Қазақстандағы утильалымды жоюды немесе оның ставкасын Беларустегі ставкамен теңестіруді ұсынамыз», – дейді ҚазАТО басшысы Мақсат Сақтағанов.Ескі дүние кәдеге жаратылуы керек
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов утилизациялық алым отандық автонарықты қорғау үшін қажет дегенді айтады. Сондай-ақ ол шетелдік көліктер үшін бастапқы төлемді утилизациялық алыммен шатастырмау керегін түсіндірді. Соңғысы «утилизациялық алым» автомобильдің түрі мен қозғалтқышына байланысты анықталады. Ал «бастапқы төлем» елге экологиялық талаптарға сай келмейтін ескі машиналар әкелінбеуі үшін енгізілген. Утилизациялық алымның негізгі мақсаты – ескі машиналарды қайта өңдеу. Бұл – бірінші мақсаты. Екіншісі – қазақстандық автоөнеркәсіпті қолдап, ішкі нарықты сақтап қалу. Үшіншісі – еліміздегі автокөліктердің орташа жасын төмендету. Яғни ескі көліктерді азайту. Өйткені біздің автопарктеріміз өте ескі. Ол экологияға зиян. Әсіресе, үлкен қалаларда ескі көліктер экологияға орасан зор зиян тигізіп жатыр. Қазақстанда қолданыстан шыққан бір жеңіл көлікті тасымалдауға шамамен 18 900 теңге, ал утилизациялауға тағы 123 000 теңге жұмсалады. 150 000 теңге жарамсыз көлікті өткізген азаматтарға беріледі. Ал жеңілдік беретін сертификаттарға 315 мыңнан 750 мың теңгеге дейін қаржы бөлінеді. Қалған ақша орама қалдықтарын жинау, тасымалдау, қайта өңдеу және кәдеге жаратуға, қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау және жанармай құю бекеттері инфрақұрылымын құру үшін жұмсалады. Отандық көлік жасаушыларға утилизациялық алым сомасының белгілі бір бөлігі қайтарылады, мұның барлығы Қазақстандағы өндірістің дамуына бағытталған. Дегенмен утилизациялық алым енгізілгелі о баста көздеген мақсаттарының ешқайсына қол жеткізілген жоқ. Біздің автопарктердегі көліктердің 10 жылдан асқандарының саны 250 мыңнан артқан. 2015 жылға дейін еліміздегі автопарктер Жапониядан, Корея мен АҚШ-тан және т.б. мемлекеттерден жаңа көліктер келіп, жылдан-жылға жаңара түсетін, бірақ 2016 жылдан бастап, шетелден жаңа көліктер әкелу тиімсіз бола бастады. Көлік саудасымен айналысатын қаншама компаниялар банкротқа ұшырады. Мыңдаған адамдар жұмыссыз қалды. Утилизациялық алым жоқ кезде кәсіпкерлер шетелден мыңдаған көлік әкеліп, мыңдаған адамға жұмыс тауып беріп, бюджетке де миллиардтаған теңге салық төлеп тұрушы еді. Бүгінде бұл табыс түрі тым азайып кетті. Бірақ қалай болғанда да, утилизациялық алым керек. Себебі қандай да бір тауар өндіріледі, белгілі бір уақыттан кейін ол тозып, қоқысқа айналады. Сонда бұл алым қоршаған ортаны қорғау шаралары үшін жаратылуы шарт. Алайда оның мөлшері қымбат болмауы керек. Мәселе осыған келіп тіреледі. Жиналған қаржының қайда жұмсалғаны туралы есеп ашық жариялануы тиіс. Сонда ғана ол халықтың көңілінен шығып, ешқандай дау-дамайға себеп болмайды.