Онлайн жұмысқа рұқсат
Онлайн жұмысқа рұқсат
291
оқылды
 Бүгінде жұмыссыздардың қатарын толықтырып отырғандардың дені балалы аналар мен жалғызбасты, не болмаса толық емес отбасындағы ата-аналар. Олар үшін жұмыс табу аса қиын. Өйткені олар жұмыс істей жүріп отбасы шаруасын да қатар алып жүру керек. Өзекті болып отырған осы мәселені Ұлттық кеңес отырысында Мемлекет басшысы көтеріп, жалғызбасты ата-аналарды қашықтан жұмыс істету керектігін, ол үшін заңнамаға тиісті өзгеріс енгізу уақыт күттірмеу шешілу қажеттігін айтты. Қолданыстағы заңнамада балалы аналар мен жалғызбасты асыраушылардың құқығы қорғалар болса, жұмыс берушілер де жалғызбасты асыраушыларды жұмыссыз қалдырмасына кім кепілдік бере алады? Президенттің айтуынша, ерлерге қарағанда әйелдерге жұмыс пен бала күтімін қатар алып жүруге тура келеді. Мәселен, әйел декретке шыққанда, кәсіби дағдысы мен машығын жоғалтады. Соның салдарынан көбі еңбек нарығында бәсекеге қабілетті емес болып қалады. Бәрінен бұрын жалғызбасты және толық емес отбасындағы ата-аналарға ерекше еңбек шартын жасайтын уақыт жетті. Сондықтан Президент жалғызбасты ата-аналарға қашықтан жұмыс істеуге заң жүзінде рұқсат беретін тетіктерді қарастыру қажеттігін ескеріп: «Заңнамалық деңгейде жалғызбасты ата-аналарға қашықтан жұмыс істеуге және қысқартылған жұмыс режиміне құқық беруді қарастырған жөн. Дамыған елдерде ірі компаниялар өз кеңселерінен балалар бөлмесін ашады. Мұндай практика бізде де қалыпты дүниеге айналуға тиіс», - деді ол.   «Балам болғаны үшін жазықты болдым» Соңғы жылдары жұмыс берушілер балалы аналар, үйдегі жалғыз табыс табушы ата-аналардың заңда көрсетілген еңбек шартын бұзу жағдайлары жиі болады. Аяғы ауыр аналардың жұмысқа тұруына да түрлі кедергілер бар. Бала күтіміне байланысты демалыстан кейін орны сақталмау, қала берді негізсіз қысқартуға жіберетін оқиғалар да кездеседі. Алматы облысының тұрғыны, көпбалалы ана Құндыз Жалғасқызы бала күтіміне байланысты демалысынан кейін мектеп әкімшілігінен көресінді көргеннің бірі. «Мамандығым мұғалім. Үшінші баламнан кейін жұмысқа шығу үшін өтініш жаздым. Бірақ мектеп директоры үш жыл толмай жұмысқа кірісе алмайтынымды айтты. Өйткені менің орныма басқа маман алып қойған. Сол үшін маған беретін сағат аз болатынын сылтауратып шығарып салды. Екінші рет барғанымда екі маман көп болатынын айтып, мені қысқартатынын жеткізді. Заңгердің кеңесінен кейін, мектеп әкімшілігін сотқа бердім. Соттасып жүріп, өз жұмысыма алынғаныммен, ол жерде ұзақ тұрақтай алмадым. Себебі жұмыс арасындағы бос уақытта балаларыма уақыт бөлген кезді аңдып тұрады ма, дәл сол кезде маған іздеу салатын болды. Балам болғаны үшін жазықты болдым. Соңында жұмыстан біржола шығып кеттім», - дейді ол. Ал төрт баласын жалғыз өзі асырап отырған Назгүл Елемесова аптаның алты күні табаны тесілгенше еңбек етуге мәжбүр. Кейбір кездері түнгі ауысымда жұмыс істейтін оның үйдегі төрт баланың қамын жасауға қосымша уақыты жоқ. «Медициналық мекемеде тазалық қызметкері болып жұмыс жасаймын. Аптаның екі күні түнгі кезекшілікке түсемін. Жетінші сыныпта оқитын үлкенім бауырларының тамағын жасап, сабағын оқытады. Шынымды айтсам, олардың тәрбиесімен айналысуға уақытым бола бермейді. Өтпелі кезеңде жүрген қыздарыммен анасы болып сыр ақтаруға да уақыт таппаймын. Кейде үйге сілем қатып келгеннен кешкі асымды ішпестен төсекке құлаймын. Балаларымды қосымша сабақтарға да қатыстыруға тірнектеп жинасам да ақшам жетпейді, не көңіл бөле алмаймын. Жұмыстан шығып кетейін десем, бізді кім асырайды?», - дейді Назгүл Елемесова. Асыраушыларды әлеуметтік қолдау жоқ Балалы аналар түгілі, отбасы және демографиялық саясатты ұстанып, гендерлік тепе-теңдікті сақтаймыз дейтін елімізде жалғызбасты және толық емес отбасындағы ата-аналарды әлеуметтік қолдау атауымен жоқ. «Неке және отбасы туралы» кодексте «жалғызбасты ана» немесе «жалғызбасты әке» деген жеке түсінік қаралмаған. Сол үшін олар әлеуметтік жағынан жеке қорғауға алынбайды. Бұл Қазақстанда жалғызбасты ананың немесе жалғызбасты әкенің құқықтық мәртебесі де айқындалмағандығын анықтап береді. Демек жұмыс берушілер тарапынан да баланы өз бетінше тәрбиелейтін ата-аналардың біріне де ешқандай жеңілдіктер беруі міндеттелмейді. Жеңілдік түгілі, балалы аналар мен жалғыз асыраушылардың еңбек заңнамасында бекітілген құқығы да аяқ асты етіледі екен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекторы, бас сарапшы Нұрбол Байсыновтың айтуынша, он айдың өзінде ғана 9 мыңнан аса құқықбұзушылық анықталған. «Елдегі еңбек заңнамасына сәйкес балалы аналар жұмыс берушімен келісе отырып, отбасы тәрбиесіне қосымша уақыт сұрауына болады», - дейді Нұрбол Жораұлы. Алайда еңбек заңнамасында көрсетілген мүмкіндіктерді пайдаланып жатқан ата-аналар да, жалғызбасты асыраушылардың басынан сипайтын жұмыс берушілер де аз. Бос жұмыс орны бәріне ортақ Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша директор орынбасары Алма Нұрмағамбетова отбасында еңбекке жарамды адамды жұмысқа тұрғызу бағдарламасы жұмыс істейді деп отыр. Егер үш жасқа дейінгі немесе қарауында мүгедек бала болса оларды жұмыс істеуге ешкім мәжбүрлей алмайды. «Қазір уақытша және тұрақты жұмыстан бөлек, көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан грант ұтуына болады. Биыл 10 көпбалалы отбасы мемлекеттен 583 мың ақша алып кәсіп ашты. Ақшаны кері қайтармайды, тек бір жылдан кейін алған ақшаның есебін беру керек», - дейді Алма Нұрмағамбетова.  Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары  Талғат Есімов бос жұмыс орны барлық өтініш берушілерге бірдей берілетінін жеткізді. Яғни көпбалалы, жалғызбасты, толық емес отбасындағы асыраушыға бөлек жеңілдік жоқ. «Қашықтықтан жұмыс, жарты күн немесе күніне 2-3 сағаттық жұмыстар бар. Мұндай жеңілдіктер қарастырылатын жұмыс орындарына әкімдік тарапынан ұсынылған  мүмкіндігі шектеулі жандар, пробация қызметіндегі адамдар, жазасын өтеп шыққандар мен жетім балаларға арналған. Төрт түрлі санаттағы адамдарға жұмыс берушілер тарапынан жеке бос орындар бар», - дейді ол. Сондай-ақ Жұмыспен қамту орталықтарына жұмыс іздеп келетіндердің көбісі әйелдер екенін де алға тартты. Түсіністік таныту деген түсінік жоқ Заңгер Кәмшат Шынтекова балалы және жалғызбасты ата-аналардың еңбек құқығы заңды түрде нақты белгіленіп, қорғалу керек екенін жеткізді. Олай етпесе үй мен түздің тірлігін қатар атқаратын ата-аналардың денсаулықтарын күтулеріне де уақыттары жоқ. Ал дені сау емес ата-анадан мықты ұрпақ дүниеге келмесі анық.  «Менің алдыма неше түрлі аналар көмек сұрап келеді. Отбасылық мәселесінен бөлек, мемлекеттен қамқорлық ала алмай жатқанын айтып шырылдап келетіндер бар. Жалғызбасты аналар мен әкелердің баратын жері қалмай қиналып жатады. Соңғы уақытта жалғызбасты ата-аналар мен асыраушылардың еңбек құқығы қорғалмайды. Жұмыс берушілер олардың отбасы жағдайын елең қылмайды. Түсіністік таныту деген түсінік жоқ. Тек қана жұмысшының жұмыс қабілеті ғана керек. Заңнамада аналардың емес, жұмысшының құқығы деп қаралады. Жұмыс берушілер балалы аналардың еңбек құқығын бұзса, аудандық еңбек инспекцияларына, прокуратураға шағымдануына құқылы. Еңбек инспекциясы шығарып берген қорытындыға келісе салуға болмайды», - дейді заңгер. Отбасы және демография саласының сарапшылары 2050 жылға қарай әйелдер бала табуды кейінге ысырып, мансап қууды бірінші орынға шығарады деп болжап отыр. Өйтпеске тағы амалдары жоқ. Қанша жерден гендерлік көрсеткіштер мен әлеуметтік қолдау, қолданыстағы заңнамаларды ескерсек те, әйелдердің еңбек етуіне, не отбасы тәрбиесіне көңіл бөлуіне тиісті қолдау аз. Тараптардың пікірінен түсінгеніміз, еңбек шартында балалы аналар мен жалғызбасты ата-аналарды қолдайтын нақты ереже бекітілмей, аналарды бұрнағы айтқандай «бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетуге» үгіттей алмаймыз.

Жадыра МҮСІЛІМ