Солтүстік Қазақстан облысында құс еті мен жұмыртқа бағасы аз ғана уақыттың ішінде аспандап шыға келді. Азық-түліктің барлығы қымбаттап жатқандықтан, халық бұған да үнсіз көнген еді. «Бақсам, бақа екен» демекші, сөйтсек еліміздегі «Адем-Кус» және Атай СК» құс фабрикалары ымыраласып, баға көтерді деген күдікке ілігіп отыр. Бүгінде бірінші санатты тауық жұмыртқасының 500 теңгеден арзаны жоқ. Екінші және үшінші санатты ұсақ жұмыртқаның өзі қымбат – 380-400 теңге. Кішігірім дүкендерде жұмыртқаның ондығы 600 теңгеден де сатылады. «Биыл бірінші сыныпқа барған ұлым мектепте күніне бір-ақ рет тамақтанатындықтан, үйден таңғы асын берген соң ғана шығамыз. Әділдің сүйікті тағамы – қуырылған жұмыртқа. Күнде таңертең осы тағамды сұрайды. Күні бойы аш жүрмесін деп сұрағанын береміз. Кеше үйдің ауласындағы азық-түлік дүкенінен жұмыртқаның ондығын 600 теңгеден сатып алдым», – дейді Петропавл тұрғыны Әли Ахметов. Жалғыз ол емес, шамасы келген солтүстікқазақстандықтардың барлығы да белгіленген бағамен келісіп, керегін амалсыздан сатып алып жүр. «Құс тұмауының салдарынан қаншама құс қырылып қалды. Тірі қалғандарының көзі құртылды. Жуырда көршілес Лебяжье ауылындағы тауықтар тағы қырылды. Ауыл маңындағы көлге ұшып келген жабайы құстардан тұмау жұқтырыпты. Ауылдағы ағайынның қорасындағы құс саны едәуір азайды. Оның үстіне, биыл жемазық қымбат әрі қат. Жанар-жағармай бағасы да аспандап кетті. Сондықтан жұмыртқа бағасы шарықтап шыға келетініне іштей дайын болғанбыз», – дейді Құралай ауылының тұрғыны Бақыт Жомарт. Кім білсін, бәлкім осы жайт та әсер еткен болар. Бірақ Премьер-Министр Асқар Мамин Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде орталық мемлекеттік органдар басшыларының және өңір әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын реттеу мәселелері бойынша өткізген кеңесте айтылғанындай, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында тауық жұмыртқасын өткізуді жүзеге асыратын 7 құс фабрикасының басшылары бәсекелестікке қарсы сөз байласқан деген күдік бар. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі баға бойынша бәсекелестікке қарсы ымыраласу белгілері бойынша құс фабрикаларына қатысты тергеуді бастап та кеткен көрінеді.
БІР ЖЫЛ ІШІНДЕ ЕКІ РЕТ ЫМЫРАЛАСУ
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Марлен Хамзин бұл ақпаратты растады. Оның айтуынша, бұл деректі департамент қызметкерлері анықтапты. «Бағаның қымбаттауына сараптама жүргізген кезде сөз байласу белгілері бар екенін байқадық. Биыл наурыз айында Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 2020 жылы және 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларында бірінші санаттағы тауық жұмыртқасын өндірудің және көтерме сатудың нарығына талдау жүргізілді. Бұған бөлшек саудадағы әлеуметтік маңызы бар тауар бағасының өсуі себеп болды. Жүргізілген талдау қорытындысы бойынша 4 құс фабрикасының іс-әрекетінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілері анықталып, Кәсіпкерлік кодексінің 170-бабы бұзылғанына қатысты, атап айтқанда нарық субъектілерінің бағаны белгілеу және ұстап тұру бөлігінде бәсекелестікті шектеуге бағытталған келісілген іс-әрекеттеріне тыйым салатын хабарламалар шығарылды. Хабарламалар мерзімінде орындалды. Ал шілде айында бізге облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасынан хат келіп түсті. Онда көтерме жеткізушілер бағаны қымбаттатқанына байланысты 1-санаттағы жұмыртқаның бөлшек саудадағы бағасы өскені көрсетілген. Инфляцияға қарсы ден қою шаралары жөніндегі Жол картасы аясында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің тапсырмасын, сондай-ақ басқарманың хатын орындау үшін, монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу мақсатында департамент 2021 жылғы қаңтар-қыркүйек кезеңінде осы тауар нарығына қайтадан талдау жүргізді. Талдау барысында 2 құс фабрикасының әрекеттерінде бұрын жіберілген хабарламаларда көрсетілген заңбұзушылық белгілері бар екені тағы да анықталды», – деді Марлен Викторович. Кәсіпкерлік кодексінің 199-бабына сәйкес, егер монополияға қарсы орган хабарлама шығарылған сәттен бастап бір жыл ішінде сол нарық субъектісінің әрекеттерінде дәл сол бұзушылықтың белгілерін тапса, хабарлама жібермей-ақ тергеу жүргізу туралы шешім шығаруға құқылы екен. Сондықтан әрекеттерінде монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері анықталған құс фабрикаларында осы дерекке қатысты тергеу бастау туралы шешім қабылданды. Бұл жұмыс үш айға созылады. Үкіметтегі кеңесте айтылғанындай, тауық жұмыртқасы, құс еті және қант нарығы субъектілеріне бағалық сөз байласу белгілерінің болуына және түрлі бағаны қолдануына қатысты 12 хабарлама жіберілген. Айта кетейік, осындай жағдай биылдыққа екінші рет тіркеліп отыр. Наурыз айында Шымкент, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл және Атырау облыстарында орналасқан 13 жұмыртқа өндіруші баға туралы сөз байласқаны әшкереленіп, оларға бағаны арзандату туралы ескерту жолданған болатын.СЕБЕП ПЕН САЛДАР
Былтыр құс тұмауы Солтүстік Қазақстан облысының 12 ауданында тіркеліп, 1,5 миллиондай құс қырылып қалған. Жұмыртқа және құс етін өндірушілердің шығынына тұмауға қарсы вакцина қосылды. Әрі құс фабрикаларына мемлекет тарапынан төленетін субсидия азайтылды: бұрын бір жұмыртқаға 2,5 теңгеден төленсе, қазір 1,5 теңге ғана. Келесі жылдан бастап бұл субсидия мүлдем тоқтатылмақ. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бұған қарсы. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Марат Ысқақов нарықтағы күрделі жағдайды ескеріп, демеуқаржыны тоқтатпақ түгіл ұлғайту керек деп есептейді. «Құс фабрикаларына бөлінетін субсидия қазіргідей бір жарым емес, 3 теңгеден төленгені дұрыс. Демеуқаржы төлеу мақсатына біздің облыс үшін шамамен 2 миллиард теңге қажет. Біздің палата Ауыл шаруашылығы министрлігіне осындай ұсыныс жолдады. Себебі былтырғы құс тұмауынан кейін тұралап қалған өндіріс орындарына қолдау қажет. Сонда ғана жұмыртқа өндірісін және экспортын жолға қоя аламыз», – деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы директорының орыбасары Марат Ысқақов. Бұған қоса, жанар-жағармай мен мал азығының қымбаттауы өнімнің өзіндік құнын өсіруге ықпал етті. Арпаның тоннасы былтыр 50 мың теңгеге бағаланса, биыл екі есеге қымбаттады: 100 мың теңге. Айта кетейік, жұмыртқаның өзіндік құнының 65-70 пайызы жемазық бағасына байланысты. Жалпы, жұмыртқа өндірісі елімізде 25 пайызға азайған. Бұған дейін жұмыртқа бағасы 700 теңгеге дейін жетеді деген жорамал айтылған болатын. Тиісті шаралар қолданылмаса, баға аспандай берері анық. Айтпақшы, жуырда Ұлттық статистика бюросы Солтүстік Қазақстан облысындағы инфляция деңгейі туралы ақпарат жариялаған еді. Бір қызығы, оған сенсек, жыл басынан бері өңірде жұмыртқа 5,6 пайызға, арпа 5,5 пайызға арзандады деп көрсетілген. Ал азық-түлік бағасы небәрі 8,1 пайызға ғана қымбаттапты.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы