Жүйеленбеген жобаның соңы сергелдеңге салды
Жүйеленбеген жобаның соңы сергелдеңге салды
158
оқылды
Шымкенттік бір топ кә­сіпкер Арғынбеков көшесі мен Бәйдібек би даңғы­лы­ның қиылысына салынатын жолайрықтан кәсібімізге нұқсан келеді деп, бұл жо­баға келіспейтінін білдірді. Себебі Бәйдібек би даң­ғылының бойына орна­лас­қан бірнеше тойхана мен ірі сауда орындары, медицина орталығы мен түрлі мекеме автотұрақтарынан айырылу қаупінде тұр.

Кәсіпкерлер салынғалы жатқан жолайрыққа қарсылық білдірді

Еске салсақ, Шымкент қала­сының бас жоспарына сәйкес осыдан 5 жыл бұрын жос­парланған Бәйдібек би – Арғынбеков кө­­ше­лерінің қиылысындағы жолай­рық­ты салу келесі айда басталмақшы. Құрылыс жұ­мыстарын толығымен аяқтау мерзімі – 2023 жылдың соңы. Құрылыстың техни­калық көр­сеткіштеріне сәйкес Байдібек би даң­ғы­лында 700 метр, Ар­ғын­беков көше­сінде 921 метр аралықта жол жұмыстары жүр­гізілмек. Жоспарға сәйкес, жолайрықта ені 80 метрлік 4-6 жолақты жол қа­рал­ған және мемлекет мұқтаждығына 61 учаскені алу көз­делген. Соны­мен қоса, жол жиегінде екі 1,5 метрлік жаяу жүргінші жолы және 1 метр­лік веложол са­лынатын болады. Ны­сан құ­рыл­ысына жа­уапты мерді­гер – «Казах­Дор­Строй» ЖШС болса, техникалық қада­ға­лау­шы «ЮжКаз­Эксперт» ЖШС болып танылған. Алайда құрылысы жақын күн­дері бас­талады деген әңгіме шық­қаннан Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылы­сындағы дәріхана, дүкен, бизнес орталықтары және басқа да кә­сіпкерлік нысандарының иелері­нен маза қашты. Олар жаңа жо­лай­ры­ғын салу жобасымен таныс­қан соң өз нара­зы­лығын білдірді. Кәсіпкерлердің айтуынша, жо­лайрығын жобалағанда тапсырыс беруші мен мердігер жол бойында орналасқан кәсіп­керлік нысан­дарындағы кіру-шығыс нүк­те­лері мен автотұрақтарды есепке ал­маған. Олар бұл жоспарланған жұмыстарға келіспейді. Осылайша, бұл мәселе жуырда қала әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Мақсұт Исаховтың қатысуымен «Атамекен» кәсіп­кер­лер палатасында тағы талқыланды. Кәсіпкерлер жаңа жолайрығының жобасы­на өзгерістер енгізуді та­мыз айында сұраған болатын. Ол кезде 61 кәсіпкерлік нысаны «қы­зыл сызыққа» түскен. Олардың біразы Шымкент қаласының бе­кітілген бас жос­парынан кейін са­лынған. Соған қарамастан биз­нес субъектілерін салуға рұқсат берілген. Мақсұт Пернебайұлы да осы жолайрық­тың жобасы 2016 жылы бекітіліп, қоғамдық тыңдауда тал­қы­ланып, барлығы да шешіліп қойғанын еске салды. Бүгінге дейін сарап­тамадан өтіп қойған жобаның әне-міне құрылысы да басталмақ. «Әрине, кез келген құ­рылыс әрбір адамға біраз қо­лай­сыздық туғызатыны сөзсіз. Кә­сіпкер болсын, тіпті жеке адамды да біраз әурешілікке салады. Мәселен, сіз өзіңіздің пәтеріңізде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатсаңыз да, уақытша қолай­сыз­дықтарды сезінесіз. Бірақ біз 1 миллион 100 мың тұрғыны бар қаланы ой­лауымыз керек. Және бірінші кезекте осын­ша адамға қолайлы өмір сүру үшін жағ­дай жасауға тиіспіз. Сіздер көп болса, 20-30 шығарсыздар. Сіздерге де тиімді жолды қарастырып жатыр­мыз. Әрине, сіздер үшін жобаны кайта қарап, бірқатар автотұрақ белгілеп, кейбір аумақтарға бел­гіленген аумақты қысқартып жа­тырмыз», – деді ол.

Бизнестің түрін ауыстыруға ұсыныс білдірілді

Алайда жергілікті кәсіпкер Мақсат Ор­манбек билікке өзінің ренішін білдірді. «Не­гізінен, осы мәселені көтерген біз. Ал өзі­мізге тиесілі нысанды салғанда өз-өзі­мізден емес, барлық талапқа сай жерді алып, рұқсат қа­ғаз­дары­мыз­ды да реттеп, ғимарат тұрғыз­ған­быз. Осыдан 5 жыл бұрын жоба бекітілген», – дей­ді. Бізден бірауыз сұраған жоқ. Бірде-біре­уі­мізді тың­дауға шақырмаған. Заң бо­йын­ша шақы­рылуымыз керек еді. Оңтайландырылып жатқаны ес­кертілуі тиіс. Бізбен келісіммен бе­кіткенде, бір шешімге келер едік. Биз­несімізді дамыту үшін қан­ша қаржымызды құйдық. Пан­демия кезінде де бизнесіміз тұра­лап қалды. Иә, қала дамуы керек. Оған қарсы­лығымыз жоқ. Бірақ біз ше, кәсіп­керлер не істеуіміз керек? Мәселен, емха­наның ашыл­ғанына бір жыл ғана бол­ды. Бізге қоғамдық тыңдаудың хаттамасын да көр­сетпеді», – деп ашынды кәсіпкер. Кәсіпкерлердің сұрағына жа­уап берген Мақсұт Пернебайұлы қалай болғанда да, екі көшенің қиылысы жолайрықсыз болмай­ты­нын қадап айтты. Қазірдің өзін­де кептеліс кө­бейіп тұр. Тұрғындар саны да артып ба­ра­ды. «Өткен жы­лы осы уақытта бала туу көр­сет­­кіші бойынша республикада бе­сінші орын­да тұрсақ, биыл бірінші орынға шығып ке­тіппіз. Шым­кентте әрбір 10 минутта бір бала туы­ла­ды. Сіздер өздеріңізді ғана емес, елді де ойла­ңыздар. Тіпті, бизнесіңіздің түрін ауысты­рыңыз. Сіз де заман ағымына ілесіңіз. Жолай­рықтың болатыны туралы айтып келе жат­қа­нымызға 2 жылға жуықтап қалды», – деді ол. Кәсіпкерлердің шағымдары­нан кейін жоба қайта қаралатын болды. Енді кәсіп­керлер жобаның бас инженері Нафиса Алукаевамен бірігіп жобаны оңтайлан­ды­рады. Оған қалалық әкімдіктің осы салаға жауапты басқармасы да қатысуы тиіс. Жалпы, шындығына келгенде күн са­йын өсім көбейіп жатқан үшінші мегапо­лис­те жүйеленбеген дүние көп екені рас. Келешекте жоспарланбай салынған талай нәрсенің шикілігі де көрініп қалып жатыр. Қалай бол­ғанда да, жақсы маманның тапшы екені се­зіледі. Мүмкін, жанашыр­лықтың аздығы ма дейсіз кейде...Оған дәлел, міне оңтай­ланған жоба кәсіпкер­лердің мүддесі ескерілмеуінің себебінен тағы жаңартылмақ. Тағы да қыруар қаржы қаралатыны айтпаса да белгілі... «Ақымақ бас екі аяқтың сорының» кебі.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы