Дүлей дауыл Тараздың астаң-кестеңін шығарды
Дүлей дауыл Тараздың  астаң-кестеңін шығарды
134
оқылды
Тараз қаласында қатты соқ­қан жел салдарымен күресу жал­ғасуда. Бір сәтте шаһардың ша­­ңын көтеріп, нысандардың ша­тырын ұшырып, тал, электр ба­ға­­ны мен аялдамаларды құ­ла­тып, бұқараны газ бен жарықсыз қалдырған да­уылдың шығынын шенділер әлі есептеп біте алмай жатыр. 17 қараша күні таңертеңнен бастал­ған жел ең әуелі балабақша мен мек­тептердің жұмысын тоқ­татты. Ата-ана­ларға ба­лаларын алып кету туралы хабарлама түс­кеннен кейін көптеген меке­ме­де де тіршілік үзілді. Жақын­да­рының қауіпсіздігі үшін жұмысын тастап жүгірген мамандарына мекеме бас­шылары да тоқтау айта алмады. Ал жел салдарынан істен шыққан бағдар­шам­дар қала кө­шелеріндегі көлік кепте­лісін кө­бейтіп, темір тұлпарын жол бо­йы­­на тастап кеткендер де көп болды. Жел­ден таса жер іздегендердің бірі үй бұ­рышына тығылса, енді бірі бала­ларын жетектеп, үйле­ріне асықты. Жол бойында құлаған ағаштар мен электр бағандарынан жұрт аяқ алып жүре алмай қалды. Шалқалай құлаған аялдамалар мен жыртылып жерде жатқан бил­бордтардан көз сүрінді. Ал әлеу­меттік желілерде жүріп келе жат­қан көлік үстіне құлаған талдар мен электр бағандарының сурет­тері мен видеолары тарады. Тіпті, ток астында қалған бір кө­лікті өз көзімізбен көріп, жаға ұс­тадық. Бір сөзбен айтқанда, жүйт­кіген жел бір пәсте Тараздың тал­қанын шығарды. Алғашқыда жергілікті билік та­ра­пы­нан ешбір ақпарат айтыл­ма­ғанымен, кеш­кісін Тараз қаласы әкімінің орын­ба­сары Асхат Есе­налиев баспасөз мәсли­хатын өт­кізіп, жел салдарынан зақым­данған нысандар туралы мәлімет берді. – Таразда жылдамдығы секун­дына 38 метрге жеткен қатты да­уылдың салда­ры­нан 18 көпқабатты тұрғын үйдің 50-200 шаршы метр және 16 мектеп, 4 балабақ­шаның 50-300 шаршы метр шатырларына және 4 балабақшаның қоршауына зақым келді. Бұдан бөлек, сағат 18.00-дегі жағ­дай бойынша шаһар көшелерінде 18 электр бағанасы құлап, 1,5 шақырым электр же­лі­лері үзілген. Сондай-ақ электр же­ліле­рінің үзілуіне байланысты 5 кіші қазан­дықта жылу беру уа­қытша тоқтатылды. Сонымен қа­тар 45-тен аса үлкенді-кішілі тал, 12 аялдама құлап, 32 бағдаршам істен шықты. 34 бильборд, 9 бан­нер және 64 жалауша жыртылып, бүлінді. Оқыс оқиғаға байланысты ша­һардағы барлық мектептің оқу­шыларын сағат 10.00-ден үйлеріне қайтарып, оқу процесін онлайн жүйеге көшіру туралы шешім қа­былданды. Құлаған ағаштарды кесу және аумағын тазалау жұмыс­тарына «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нан 6 бригада тартылса, электр желілерін қалпына келтіру бо­йынша «ЖЭС» ЖШС мен Тараз қалалық электр жүйесі тарапынан 22 бригада жұмылдырылды. Барлық кәсіпорын мен мекеме күшейтілген режимде жұмыс істеп жа­тыр. Төтенше жағ­дайдан келген шығын көлемі есеп­теліп жатыр, – деді Асхат Есе­налиев. Бұл күні бірқатар ауданда да қарлы боран тұрып жұрт көгілдір отын­сыз қалғаны туралы хабар жетті. Осындай зақымданудан кейін қала мен аудан тұрғындарының бір бөлігі түнін жарық пен газсыз өт­кізді. Ал ме­дициналық мекеме­лер­ге желден зардап шеккендер то­лассыз ағылды. Денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметке сүйенсек, 53 адам медициналық кө­мекке жүгінген. Қалалық көп­бейінді ауруха­наға 43 адам қаралса, 4-еуі ста­ционарға жат­қызылған. Облыстық көпбе­йінді балалар ауруханасына 4 бала түссе, 3-еуі стационарлық, 1-еуі амбу­латорлы түрде ем қабылдаған. Ал Байзақ аудандық орталық ауру­ханаға 6 адам түссе, Жам­был ауданы Жал­пақтөбе ауылында 17 жастағы жасөспірім көз жұмды. Тұр­ғындардың айтуынша, ба­ла жел кезінде үй үстіне шығып, теле­ди­дардың антеннасын жөндемек болған екен. Абайсызда аяғы та­йып кетіп жерге құлап, жедел жәр­дем көлігі келгенше қайтыс болып кеткен. Бұдан бөлек, Жам­был ау­даны Еңбек ауылында жел­дің салдарынан бір тұрғын үй толығы­мен өртеніпті. Қазір аудан әкімдігі тарапынан жапа шеккен және қара жамылып отыр­ған отбасыларға барынша көмек көрсетілуде. Дауыл күні облыстағы бірқатар авто­жолдар да жабылды. Нақтырақ айтсақ, «Алматы-Ташкент-Тер­мез» автожо­лының 160-238 шақы­рымында автокө­ліктің барлық түрінің жүруіне тыйым салынды. Сондай-ақ «Қордай» және «Күйік» асуларына кезекшілік қойылып, жолда қалып кеткен көлік иелері құтқарылып, қауіпсіз жерге жеткі­зілді. Бүгін барлық автожолдар қайта ашылып, көлік қатынасы ретке келтіріліп отыр. Жалпы, апат салдарымен кү­ресуге әкімдіктің құрылымдық мекемелерінің күші жетпегені жасырын емес. Сон­дықтан бұл жұмыстарға кәсіпкерлермен қатар еріктілер де жұмылдырылды. Қазір 56 техника мен 1 300-ден аса адам­ның күшімен 200 тал бұталары мен 224 тонна қоқыс шығарылып отыр. Сондай-ақ тұрғындар «асар­латып» үйі қираған көрші­леріне қол ұшын беруде. 18 қараша күнгі жағдайға кел­сек, қала әкімдігі зақымданған 12 бағананың қылпына келтірілгенін мәлімдеді. Қал­ған 6-ауы алдағы күндері жөнделеді деп күтілуде. Жарыққа қосылмаған 4 алап болса, Барысханда – 450, Кірпіште (Кир­пичная) – 600, Қарасайда – 360 және 28 саяжайда 4 350 тұрғын жарықсыз отыр. Жылу беру бойынша 5 қазан­дық іске қосылса, 187 абонентке көгілдір отын жеткізілген. Енді 39 жеке тұрғын үйді газға қосу жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, 18 бағдаршамның жұ­мысы ретке келтірілсе, электр қуатының болмауына байланысты 14-і әлі істемей тұр. Жел салдарынан құлаған 12 аялдама қалпына келтірілсе, 35 тал алынып тасталып, қалған 10-ында жұмыстар жүргізілуде. Қала аумағында 19 мектеп оффлайн, 41 мектеп онлайн ре­жим­де оқытылуда. 45 балабақ­ша­ның 41-і оффлайн, 4-і онлайн жұмыс істеуде. Облыс бойынша тоқталсақ, дауыл кезінде 417 көмек көрсету бойынша қоңырау түскен. Бұл жа­йында «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында облыс әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет баян етті. Өңірдегі 51 білім нысанында – 41 мектеп, 8 балабақша, 2 кол­ледждің 5 мың шаршы метрге жуық шатыры, 10 ден­саулық сақ­тау нысанының 2 430 шаршы метр шатыры, 2 мәдениет үйінің 90 шаршы метр, 7 әкімшілік ғима­рат­тың 210 шаршы метр, 21 көп­қабатты тұрғын үйдің 5 мыңнан астам шаршы метр шатырлары ұшып, зақымдалды. Қазір барлық бағыттар бойынша тиісті жұ­мыстар жүргізіліп жатыр, – деді Рүстем Рысбайұлы. Ал облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Мом­баев дауыл салдарынан жабылған жолдардан 110 адам құтқарылғанын хабардар етті. Оның 3-еуі балалар. – Тараз қаласынан 15 шақырым қа­шықтықтағы Жамбыл ауданы Жалпақ­төбе ауылындағы Жамалов көшесі, №1 мекенжайында орналасқан жеке тұрғын үйдің шатырында тұрып, қатты желдің салдарынан үй иесінің ұлы, 2004 жылы туған Д.Әділжанов жерге құлап, жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмды. Ол аймақта 50 мыңнан астам абонент электр жарығынсыз қалды. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 150-ден астам қызметкер мен 35 техника жұмыл­дырылды. Материалдық шығын мен бүлінген объектілердің нақты санын ар­найы комиссия есептеуде, – деді Ермек Жамбылұлы.

Міне, осылайша бір күн тұрған дауыл биліктегілерді де, бұқараны да әбігерге салды. Әрине, «апат айтып келмейтіні» белгілі. Сондықтан қазір дауыл салдары­мен жұмыла күресіп, тұрғындар өмірін қалыпты жағдайға түсірген абзал.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы