«Күніне 4 сағат қар күрейді» – Полицияға тіл тигізген ШҚО тұрғыны 20 сағаттық жұмысқа жегілді
«Күніне 4 сағат қар күрейді» – Полицияға тіл тигізген ШҚО тұрғыны 20 сағаттық жұмысқа жегілді

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Қ.Қайсенов ауылының тұрғыны 20 сағатқа қоғамдық жұмысқа жегілді.

Ер адам арақ ішіп, көршілеріне әдепсіз сөздер айтып, тіл тигізген. Көршілері мұны учаскелік полиция қызметкеріне хабарлап, подъезде алкогольдік ішімдік ішіп отырғанын, ескеруге құлақ аспайтынын жеткізген. Тәртіп сақшысы оқиға орнына келіп, оны сабырға шақырғанымен қызып алған жігіт тәртіпке бағынбаған. «Бұл ретте оның барлық әрекеттері бейнекамераға түсіріліп, сотта дәлел болған. Әңгімелесу барысында 30 жастағы ер адам мас күйінде полиция қызметкерін әдейі балағаттаған. Сот шешімімен ол 20 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Пробация қызметінің есебіне алынып, қоғамдық жұмыстарды орындау үшін жергілікті атқарушы органға жіберілді. Енді ол күніне 4 сағат қала көшелеріндегі қоқыс жәшіктері мен қарды тазалайтын болады» дейді Өскемен қаласы бойынша пробация қызметінің басшысы Мақсат Манарбеков.

А.ӘБІЛ, Шығыс Қазақстан облысы