Ешкімге керек емес астаналықтар: елорданың біз білмейтін «құпиясы»
Ешкімге керек емес астаналықтар: елорданың біз білмейтін «құпиясы»
©Радмир Фахрутдинов
788
оқылды

Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтанға көшкелі ескі қаладағы біраз жер үй бұзылды, бұзылып та жатыр. Орнына зәулім-зәулім ғимараттар, көпқабатты тұрғын үй мен сауда орындары тұрғызылған. Айналаға қарасаңыз – бәрі көрікті, әдемі. Алайда биік-биік ғимараттардың тасасында қалған саяжайлар бар. Күн суытып, қыс қаһарына мініп келеді. Ал сол саяжайларда от жағып, күнелтіп жатқандар да жеткілікті. Тұран даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысында, Хан Шатырдың маңында «Дружба», «Учитель» және «Родничек» деген саяжай қауымдастығы бар. Бейне бір ұмытылған мекен дерсіз.

[caption id="attachment_171719" align="alignnone" width="1200"]Елорда ©Радмир Фахрутдинов[/caption] Саяжайға кірер арнайы жол да жоқ. Тіпті, бер жағындағы жер тегістеліп, құрылыс жұмыстары басталудың аз-ақ алдында тұр. Саяжайға кірер жолды таппай тұрғанымызда жанымыздан ескі бір көлік жүйткіп өте шықты. Шамасы ескілеу көлік тал-талдың арасына кіріп шыққандай. «Мына жолды білгеніне қарағанда, жергілікті тұрғынның бірі болар» деп, біз де соңынан ілестік. Сөйтіп, екі көшеден тұратын 15 шақты үйге тап болдық. Кейбірінің мұржасынан түтін шығып жатыр. Тіршілік иесі барын аңғартқандай. Бірақ басым көпшілігі босап, қаңырап бос тұр. Кейбірін бұзып, кейбірін тонап кеткендей. [caption id="attachment_171720" align="alignnone" width="1200"] width= ©Радмир Фахрутдинов[/caption] Шынымен әлгі көліктің иесі осы жердің тұрғыны болып шықты. Есімі – Нұрсұлтан. Айтуынша, маңайындағы үйден үй қалмаған, бәрі құлатылған. Осыдан бес жыл бұрын жолдың арғы бетінде тұрған көршісін бала-шағасымен үйінен қуып шыққан. Мемлекеттің қажетіне деп босатылған жер әлі бос тұрғанын жеткізді. «Бірі – төлеген ақшасын алып, көшіп кетті. Енді бірі әкімдіктің ұсынған ақысына көңілі толмай, соттасып жатыр. Кейбіріне әлі ақы да төлемеген. Өзіме жерді босатып берсін деген ешқандай қағаз әлі келмеді. Сондықтан күнімізді көріп отырмыз», – дейді ол. [caption id="attachment_171721" align="alignnone" width="1200"] width= ©Радмир Фахрутдинов[/caption] Ауласына бейтаныс біреудің келгенін көрген тұрғындар үйлерінен бір-бірлеп шығып, жинала бастады. Қай-қайсының да айтар зары, мұңы көп секілді. Бірақ бізге аса сенім артып тұрған жоқ. Журналист екенімізді естігенде: «Біз ешкімге керек емеспіз. Үкімет пен әкімдік біздің сөзімізге құлақ аспайды. Сіздерді біреу естиді деп ойлайсыз ба?» деген сенімсіздік танытты. [caption id="attachment_172032" align="alignnone" width="1200"] width= ©Радмир Фахрутдинов[/caption] Аты-жөнін айтқысы келмеген келіншек бұрын бұл саяжайда 140-тан астам үй болғанын айтты. «Қала ішінде өз пәтерім бар, кетіп қалуыма болады. Бірақ осы ит-мысықтарды тастап кете алмаймын. Жаным ашиды. 2007 жылдан бері осында тұрамын. Біздің қауымдастықта 140 саяжай болған. Медициналық колледж саламыз деп үкімет үйді құлатып, жерін алып алды. Бірақ алты жыл өтті, ол жер әлі бос тұр. Ештеңе тұрғызбайтыны бар, елді үйінен көшірмеуі керек еді. Бұл болмағанда 140 үй аман-есен тұрар еді», – дейді. [caption id="attachment_172033" align="alignnone" width="1200"] width= ©Радмир Фахрутдинов[/caption] Оның сөзінше, осы маңда 8 сотық жері, мансарды бар үлкен үйі болған. Жергілікті әкімдіктің бағалануымен 6 миллион теңге берілген. – 2016 жыл еді, аяқасты ақша құнсызданып, жеріміз үшін алған ақымыз тиын болып қалды. Пәтерге де жетпеді. Бірақ сол маңайдан көпқабатты үй тұрғызылатын болды. Үйреніп қалған жеріміз ғой. Үй салынып біткенше бас сауғалай тұрамыз деп кішкентай үй алып, қалған ақшаны салынбақ болған тұрғын үйге құйдық. Содан бері 6 жыл өтті. Ол үйдің құрылысы әлі бітпеді. Сұраған сайын «күзде өткіземіз», «көктемде аласыңдар» дегенді естумен келеміз. Енді қанша салынатынын кім біледі? Ал ертең мына үйіміз құлатылса, далада қаламыз. Не істейтінімізді білмейміз, – дейді Инна  (есімі өзгертілді) есімді тұрғын. [caption id="attachment_171723" align="alignnone" width="1200"] width= ©Радмир Фахрутдинов[/caption] Тұрғындардың айтуынша, бұл жерде жарық жоқ. Бүкіл үй «Родничек» қауымдастығының жарығын пайдаланып отыр. Ауызсуды да қаладан тасиды. Арықтың өзін екі қауымдастықтың үйлері мұғалімнен алып отыр. «Суды өзіміз қаладан тасимыз. Қыс кезінде жауған қардан жол жабылып қалып жатады. Сондайда 25 мыңға жалдап, жол ашып аламыз. Одан кейін ер азаматтарымыз  өздері күреп отырады», – дейді зейнеткер Элмира. [caption id="attachment_171728" align="alignnone" width="1067"] width= ©Радмир Фахрутдинов[/caption] Оның сөзінше, ол бұл саяжайға 2005 жылы көшіп келген. Артынан 2013 жылы «Родничек» қауымдастығына өтіп, сол жаққа көшкен. Кейін қызы тұрмысқа шығып, жанындағы үйге бөлек тұрған. Тағдырдың жазғаны болар, күйеубаласы өмірден ерте өтті. Қазір қызы қалада пәтер жалдап тұрады.  Өйткені екі бала бастауыш сыныпқа барады. Олардың бұл жерден қатынап оқуы қиын. [caption id="attachment_171724" align="alignnone" width="1200"] width= ©Радмир Фахрутдинов[/caption] – 2022 жылдың қыркүйегіне дейін үйді босатуды сұраған анықтамасы қолға былтыр тиді. Бірақ содан бері ешкім келіп, қанша беретінін әлі айтпады. Дегенмен жанымызда бой көтерген көпқабаттың үйдің 1 шаршы метрі – 410 мың теңге. Сонда бір бөлмелі пәтерің 17 миллионға бағаланып отыр. Екі жиенім, қызым төртеуміз оған сыймаймыз. Бұл үй құлатылса, тым құрығанда екі бөлмелі пәтерге жететін ақша төленсе екен. Дұрыс ақы берілмесе, үкіметке бұл үйімді оңайлықпен бермеймін. Өзімнің денсаулығым жоқ, инсульт алғам, қант диабетімен ауырамын. Ертең өліп қалсам, бала-шағам тентіреп көшеде қалады ғой. Сондықтан олардың қамын ойлауым керек , – дейді Элмира. [caption id="attachment_171729" align="alignnone" width="1070"] width= ©Радмир Фахрутдинов[/caption] Ал жасы 82-ге келген әжей Любовь Ивановнаның бұл жерде тұрғанына 50 жылдан асқан. Шалы 2007 жылы дүниеден өткен. Содан бері жалғыз өзі тұрады.

«Ол кезде бұл үйлердің бірі болмады. Айнала ағашқа толы, қалың орман  еді. Сарқыраған өзені болды, балық аулап, жеміс-жидегімізді теріп алатынбыз.  Кейіннен адамдарға жер беріле бастады. Сол кезде ағаштар кесіліп, үйлер тұрғызылды. Бірақ қазір ол үйлердің де ізі қалмады» деген әжей көп үйдің қаңырап тұрғанын меңзеді.

[caption id="attachment_171725" align="alignnone" width="1200"] width= ©Радмир Фахрутдинов[/caption] – Ертең мына баспанамды құлатса, қайда кететінімді білмеймін. Ойласам, ұйқым қашып, мазам кетеді. Тіпті, Кировадағы қарттар үйіне баруыңа болады деп мекенжайын беріп қойған. Бірақ оған бармаймын, осы жерде қаламын, – дейді әжей. Зейнетақымен күн көріп отырмын деген ол, қажетті нәрселерді көрші-қолаң қаладағы дүкеннен әкеп, көмектесіп тұратынын жасырмады.