Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов қанша жалақы алатынын айтты
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов қанша жалақы алатынын айтты
© tengrinews.kz
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовке сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен тергеуге алынған орынбасарлары туралы сұрақ қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Сіздің екі бірдей орынбасарыңыз сыбайлас жемқорлық бойынша күдікке ілінгенін білесіз. Заңнама бойынша, қоластындағы қызметкер жемқорлықпен ұсталса, мемлекеттік органның бірінші басшысы қызметінен өз еркімен кетуі керек. Егер орынбасарларыңыздың кінәсі дәлелденсе, отставка туралы өтініш бересіз бе? Облыс әкіміне БАҚ өкілдері осындай сұрақ қойды.
«Бұл сұраққа бұрын да жауап берген болатынмын. Иә, Нұрлан Таубаевтың үстінен тергеу жүріп жатқаны туралы факті бар. Тергеу қорытындысы бойынша, сот қандай шешім қабылдайды, соған байланысты. Сот оны кінәлі деп таныса, мен отставка туралы өтініш жазуға дайынмын. Нұрлыбаев туралы да осыны айтамын. Сот ол да сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген шешім шығарса, заң бойынша отставка туралы өтініш беремін», - деді Махамбет Досмұхамбетов.
Брифинг барысында облыс әкімі өзінің жалақысы  туралы сұраққа да жауап берді.
«Өздеріңіз де білетін шығарсыздар, әкімдердің айлығы көтерілген болатын. Менің еңбекақым айына 1 млн 954 мың теңгені құрайды», - деді әкім.