Бүгінде елімізде 278 мың фермер бар екен. 19 жарым миллион халықты асырап отырған да солар. Биыл осы фермерлердің жағдайы мәз емес. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, пандемия кібіртіктеткен экономикаға қуаңшылық қосылды. Оның үстіне, соңғы бес жылда ауыл шаруашылығына бөлінген 2 трлн субсидияның талан-таражға түскені белгілі болып отыр. Осы уақытқа дейін мемлекеттік демеуқаржыны берудегі қитұрқылықтар шаруаларды аяқтан шалып келген.
Көмек тегін, қызмет ақылы
2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында республика бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 5 523,9 млрд теңгені құраған екен. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,4%-ға жоғары. Мұндай статистиканы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшылары келтіріп отыр. «Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) ішінде ауыл шаруашылығы үлесінің артуы ұлттық валютаның девальвациясына, инфляцияға және дәнді-майлы дақылдардың әлемдік қолайлы бағасына байланысты. Соңғы фактордың әсері қысқамерзімді болуы мүмкін. Өйткені таяу жылдарда Ресей мен Украинада және дәстүрлі экспорттық нарықта әлеуетті бәсекелес болып саналатын басқа да елдерде дәнді және майлы дақылдар өндірісі өсіп, экспорт бағасы төмендейді деп болжанып отыр. Сондықтан да қалыптасып отырған ахуалға қарамастан субсидиялау саясатын ақсатып алмауымыз керек», – дейді «Атамекен» ҰКП Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев. Бүгінде елімізде субсидиялаудың 10 ережесі әрекет етеді екен. Онда 54 бағыт қарастырылған. Соңғы 3 жылда субсидиялауға 1 039,1 млрд теңге бөлінген болса, 2019 жылы – 324,1 млрд, 2020 жылы – 366,2 млрд, 2021 жылы 373,8 млрд теңге жұмсалыпты. Алайда шаруалар бұл субсидияны толық ала алмай әуре болып жүр. «Елімізде жыл сайын субсидия бөлінеді. Осының бәрі кімнің қолына тиеді? Көбіне ұйымдасқан, іргелі, ірі шаруашылықтардың қолына тиеді. Майда шаруалардың 90 пайызының субсидияға қолы жетпей келеді. Біздегі негізгі мәселе осында. Екінші мәселе – субсидия беруде Qoldau деген бағдарлама бар, біз соңғы екі жылда осы порталмен айтысып-тартысып келеміз. Өйткені субсидия алу үшін шаруалар ақша төлеуі керек. Мұны Үкімет басшысы да біледі. Оған хат та жазылды. Былтыр маусымда ол Ауыл шаруашылығы министрлігіне мемлекеттік қызмет тегін болу керегін ескерткен де болатын. Бірақ бәрі керісінше болып отыр. Мәселен, бұрын фермерлер екі АЕК төлейтін болса, былтырдан бастап оны 31 жарым мың теңгеге көбейтіп тастады. Ал енді есептеңіз, 278 мың фермер портал арқылы субсидия алсын дейік, соны 31 500 теңгеге көбейтіңіз? Бұл не деген сұмдық?! Сонда мал бақпай, тер төкпей, бір пернені басып қана сонша қаражат табу деген нонсенс қой», – дейді «Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы» заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлер қауымдастық нысанындағы бірлестіктің басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев.Беру де, қайтару да қитұрқылықтан
Субсидия мәселесі, таяуда астанада өткен І шаруалар құрылтайында да сөз болды. Шаруалардың айтуынша, мұндағы проблема – су тегін берілуі тиіс мемлекеттік көмекті қолына билік тиген шенеуніктердің өздеріне ыңғайлап құрған схема бойынша бөлуі. Соның кесірінен субсидия беру тетігі күрделеніп кеткен. Мәселен, шымкенттік шаруалар есептік нөмір алудан қиналып отыр. «Біздің Жетісай, Мақтаарал аудандарында жайылымдық жер атымен жоқ. Соған қарамастан біздің шаруалар 10 мың басқа дейін малды Шардара орман шаруашылығының аумағында ұстап отыр. Ол жер жалға беріледі. Демек, меншігіміздегі жер болмағандықтан, капиталды құрылыс салуға, құдық қазуға болмайды. Тіпті, ондай құрылысқа мұқтаждық та жоқ. Өйткені климат жылы болғандықтан, біз малды қыста бір ай ғана ағаштан жасалған уақытша қорада ұстаймыз. Оның үстіне, қолымызда мемлекеттік акт жоқ, сондықтан да біз оған есептік нөмір ала алмаймыз. Ал субсидия алу үшін есептік нөмір болу керек және ол ақпараттық базада тіркелуі керек. Осының кесірінен біз қаншама жылдан бері мемлекеттік көмектен қағылып келеміз. Мұны айтып министрге, сенаторларға, «Атамекен» палатасына хат жаздық. Вице-министрдің атынан «есептік нөмір алмауға болады» деген жауап та келді. Бірақ оны облыстық басқарма басшысы елемей отыр», – дейді SHOPAN ATA ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының мүшесі Әліпбек Бақтыбаев. Мемлекеттік субсидия бөлуде Маңғыстау да шет қалып отыр. Өйткені қағида жасалған кезде жергілікті ерекшеліктер ескерілмеген. Маңғыстауда асылтұқымды мал өсіру өте қиын. Жергілікті климатқа шыдайтын Адай жылқысы асыл тұқым ретінде саналмайды, ал субсидия көп бөлінетін сиыр үшін шөлді түбекте шүйгін шөп өспейді. Сондықтан да құрылтайда бас қосқан шаруалар субсидия мал түріне емес, етке берілуі керек деген тұжырымды бірауыздан қолдап отыр. Бұл субсидияға қол жеткізе алмай отырғандардың жанайқайы болса, мемлекеттен көмек алып, шенеуніктердің қателігінен оны кейін қайтару әлегіне қалып отырған шаруалар да аз емес. Мұның барлығы субсидия берудегі қитұрқылықтармен байланысты. Мәселен, қыркүйек айында Алматы облысындағы 15 фермерге Ауыл шаруашылығы басқармасынан 10 күннің ішінде алған субсидияларын қайтару туралы хат келген. Олар 2018-2019 жылдары бас-аяғы 2,8 млрд теңге демеуқаржы алған. Қарағанды облысында да осындай жағдай. Асылтұқымды бұқалар үшін мемлекеттен көмек алған олар онысын неліктен ешқандай негізсіз қайтаруы керек екеніне наразы. Мұндай деректер елімізде ондап саналады. Жемқорлық пен қитұрқылық әрекеттердің кесірінен қарапайым шаруаның еңбегі еш, тұзы сор болғалы тұр.Қазаннан қақпақ, иттен ұят кеткен...
Расында да, соңғы 5 жылда елімізде ауыл шаруашылығына бөлінген субсидия қадағалаусыз қалған. Мақсатты жұмсалуы бақыланбаған. Мал және егін шаруашылығына, суармалы жер, жайылымға бөлінген қаражат діттеген жеріне жетпей, шенеуніктердің қалтасында қалып отырған. Жымқыру схемасы жылдан-жылға бірдей болып келіпті. Соның бір тәсілі – ақпараттық жүйелердегі ақауды пайдалану. «Түркістан облысында бір шаруа қожалығының өзінде үлкен сиырлардың жасын бұзау деп көрсеткен 400 дерек тіркеліп отыр. Яғни, субсидия алу үшін төлдің санын өтірік өсіріп көрсеткен. Сондықтан да мұндағы жымқыруға сеп болған фактордың бірі – ақпараттық жүйелердегі ақау. Бұл схемаға Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынышты ведомство – Ұлттық аграрлық-ғылыми орталық қатысқан. Оның қызметкерлері ақпараттық жүйе қолында тұрғандықтан, мәліметтердің барлығын өтірік енгізіп отырыпты. Бұл осында анықталған жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың бір парасы ғана. Тіпті, фермерлердің атынан электронды цифрлық қолтаңба жасап, базадағы ақпараттарды бұрмалаған деректер де бар», – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов. Тіпті, тергеу барысында Қазақстан шекарасынан Өзбекстанға заңсыз мал тасымақ болған қылмыстық топ құрықталыпты. Ол мал субсидияға өсірілген төлдер екен. Бүгінде агенттік 65 қылмыстық іс тіркеген. 18 адам күдікті деп танылып, оның 14-і қамалған. Жүздеген адам «қорғалуға құқы бар куәгер» статусымен қорғауға алынған. Тергеу біткен соң Үкіметке кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс берілмек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі анықталған жүйелі проблемаларды кешенді түрде жою бойынша нақты шаралар көрсетілген 170-ке жуық ұсыным жасап шығарыпты. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл ұсынымдарды жүзеге асыру жоспары дайындалып жатыр.Нұрлан ҚОСАЙ