Газ жарылды: себеп неде?
Газ жарылды: себеп неде?
313
оқылды
Өкінішке қарай, республикамыздың әр түкпірінде соңғы жылдарда газ жарылысы мен газ қоспасының дүмпуі оқиғалары жиілеп кетті. Салдарынан ондаған адам мәңгілікке бақилыққа аттанып, жүздеген адам түрлі деңгейдегі дене жарақатын алған. Қайғылы оқиғалардың себептері мен салдары туралы ел арасында түрлі болжам айтылды. Бірі халықтың тұрмыстық әлеуметтік жағдайының төмендігін сын садағына алса, енді бірі табиғи газдың әлі де болса орталық және солтүстік аймақтарға тартылмауы суыт оқиғаларға себепші болғанын алға тартады. Қалай десек те, қоғам арасында тұрмыстық газ баллондарына сенімсіздік пен алаңдаушылық бар. Ресми деректерге зер салсақ, тек осы жылдың өзінде ірілі-ұсақты ондаған газ жарылысы тіркелген. Өт­кен жылдың қарашасында елордадағы дәмханадағы газ жарылысынан бір адам қаза тапқан. Осы жылдың ақпанында Петропавл қаласындағы газ жарылысы екі адамның өмірін қиып, ондаған адам жапа шексе, Қостанай­дағы газ қоспасы дүмпуінен үш адам түрлі деңгейде жарақат алған. Сондай-ақ Ақтөбе облысының Хромтау қала­сында, Шымкент, Тараз қаласын­дағы тұрмыстық газ жарылыстарының салдары жұрттың көкейінде көпке дейін қалды.

Заңды бұзған газ шаруашылығы нысандары

Еліміздің Төтенше жағдайлар ми­нистрлігінің мәліметінше, газ шаруа­шылығы нысандарында заңбұзу­шылық­тар көбейген. Бұл аумақтық бөлімдермен жүргізілген тексерістердің нәтижесінде анықталған. Ведомствоның ресми дерегі бойынша, өткен жылы 61, ал биыл Өнеркәсіп­тік қауіпсіздік комитеті аумақтық бөлімдерінің мемлекеттік инспекторлары газбен қамту нысандарына 30 мәрте тексеріс жүргізген. Оның нәтиже­сінде газ шаруашылығы нысандарында заңнама талаптарының 439 заңбұзу­шылық анықталған. Ал өткен жылғы қорытындыларға сәйкес 1 014 заң­бұзушылық тіркелген. Заңды белден басып, өрескел бұзу­шылыққа жол бергені үшін 12 жеке тұл­ға мен 52 заңды тұлғаға қатысты 64 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалған. Олар жалпы сомасы 5 миллион теңге айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оған қоса, газбен қамту нысандарында 6 апат болып, салдарынан 2 жұмысшы түрлі деңгейдегі жарақат алған. «Өкінішке қарай, осы жылдың қаң­тарынан 30 қыркүйекке дейінгі уақыт аралығында елімізде 54 газ қоспа­ларының дүмпуі мен 15 газ жарылысы мен газдан уланудың 6 оқиғасы тіркелді. Барлығы 76 адам зардап шекті. Оның ішінде 17 адам қаза тапқан», – делінген министрліктің ресми хабарламасында. Ал оған соңғы айлардағы қайғылы оқиғаларды қоссақ, жағдайдың аса қорқынышты екені айтпаса да түсінікті.

Қауіпсіздік ережелері сақтала бермейді

Ақмола облысында да газ қоспасы жарылыстарының зардабы үлкен. Тек соңғы бір жыл ішінде ғана облыс аумағында жеті бірдей газ жарылысы мен газ қоспасының дүмпуі оқиғалары тіркелген. Салдарынан ондаған адам жапа шегіп, мерт болған. Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінен түскен мәліметтерге сенсек, газ жары­лыс­тарының негізгі себептері тұрмыс­тық газ баллондарын қолдануда қара­пайым қағидалардың сақталмауы себеп болыпты. Атап айтқанда, суық уақытта тұрмыстық газ баллонын шамадан тыс толтырып, жылытылатын орынға кіргізу, тығыздауыш сақинаны салмай, от тұтату сияқты әрекеттер қайғылы оқи­ғаларға себепкер болған. «Өрттің шығу себебі газ жарылысы болса, өрт сөндірушілерге біршама қиындық туындайды. Ғимараттардың қабырғалары мен шатыры құлап, адамдарды апаттан құтқару және өртті сөндіруге елеулі қиындықтар келтіреді. Үйінділердің астында қалған адамдарды табу да аса қиынға соғады. Департамент халық арасында газ құ­рыл­ғыларын пайдалануда қауіпсіздікті сақтау бойынша алдын алу шараларын тұрақты түрде ұйымдастырады. Осы уақытқа дейін облыс аумағында төтенше жағдай қызметкерлері 168 130 ауланы аралап, 1 268 жиын ұйымдастырылды. Бұқара­лық ақпарат құралдарында да кең кө­лем­ді түсіндіру шаралары жасалды», – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдай­лар департаментінің баспасөз қыз­метінен.

Көгілдір отынды Ресейден аламыз ба?

Өкінішке қарай, еліміздің солтүстігі мен шығысындағы Петропавл, Көк-ш­етау, Семей, Өскемен, Павлодар қала­ларына әлі де болса табиғи көгілдір отын жеткен жоқ. «Сарырқа» газ құбы­рын тарту жобасымен аталған өңірлерге газ тарту күн тәртібінде тұр. Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазір елдің 54,3 пайызы ғана газбен қам­тылған. Яғни, шамамен 10,2 миллион адам табиғи газды пайдалануға қол жеткізген. «Сарыарқа» магистралды газ құбыры жобасы аяқталса, бұрын көмірмен жылытылатын Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларындағы 70 мыңға жуық үй, сондай-ақ Ақмола облысындағы 13 жоба бойынша 16 мыңға жуық адам газбен қамтылмақ», – дейді Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев. Министрліктің мәліметінше, сол­түстік және шығыс облыстарды Ресей газымен қамту да қарастырылып жатыр. Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін аталған өңірлерге «Газпром» және «Қазтрансгаз» арқылы газ тарту шығын­дары есептелмек. Бұдан кейін Ресей арқылы газ құбыры құрылысы да салынуы мүмкін. P.S. Газ жарылысының негізгі себептерінің бірі әлі күнге тұрмыстық газ баллон­дары­ның көпқабатты үйлерде де қолданылып келе жатқанын көпшілік жақсы біледі. Алайда газ тарту жобасының аяқталуы тағы бірнеше жылға созылатыны көпке мәлім. Бұдан бөлек, газ тарату нысан­дарындағы заңды белден басып, заңбұзу­шылықтардың еселеп артуы да қайғылы оқиғаларға себепкер болғаны және бар. Жедел арада тиісті шешімді қабылдап, көгілдір отынның қауіпсіздігін қамтамасыз етпесе, мәселе одан ары қарапайым ха­лық­қа ауыр тиетіні ақиқат. Бұл орайда тиісті министрлік пен Үкіметтің қарымды қарекеті қажет деген ойдамыз...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы