Желтоқсан құрбаны, Өскемендегі педагогикалық училищенің 2-курсында оқып жүріп, небәрі 16 жасында қыршынынан қиылған қазақтың батыр қызы Сәбира Мұхамеджанова 35 жылдан кейін ақталды. Мұндай жағымды жаңалықты бізге Шығыс Қазақстан облыстық JELTOQSAN-86 қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Рамазанов сүйіншілеп жеткізді. Бұл хабарды естігенде қуанғанымыз өз алдына «Сәбира Мұхамеджанова әлі күнге дейін ақталмаған ба?» деп таңданғанымыз да рас. «Осы жыл біз үшін қуанышты, мерейлі жыл болды. Желтоқсан көтерілісінің қаһармандарының бірі Сәбира Мұхамеджанова ғана емес, онымен бір топта оқыған 28 қызбен бір курста білім алған 8 жігіт ақталды. Бұл бізге оңай болған жоқ. Осы жұмыстың басы-қасында жүріп, желтоқсаншы қыз-жігіттердің ақталуына зор үлес қосқан Алматыдағы тіркелмеген «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсенбай Сайфолдаға айтар алғысымыз зор», – дейді Марат Рамазанов. Өзі де Желтоқсан көтерілісіне қатысқан, бүгінде кезінде жазықсыз жаза арқалаған замандастарын ақтаумен шындап айналысып жүрген Бейсенбай Сайфолдамен ұялы телефон арқылы сөйлескенімізде көп жайға қаныққандай болдық. Сәбира Мұхамеджанованы ақтау жұмыстарының қаншалықты қиынға соққанын да түсіндік. «Сәбираны біз Алматы қалалық прокуратурасы арқылы ақтадық. Ақтамас бұрын онымен бір топта оқыған 28 қыз, орыс тобында білім алған Сәуле Өмірбекова және 8 жігіттің ақтау құжаттарын алдық. Бір қызығы, Сәбираның ауылдасы Сәуле Өмірбекова 1987 жылы оқудан шығарылған. Себебі 1986 жылғы у-шу кезінде үн-түнсіз кетіп қалған екен. «28 қыз ақталғанда қалай жалғыз өзін қалдырамыз?» деп, оны да тізімге қостырдық. Сөйтіп, «Сәбирамен бірге оқыған 29 қыз ақталды, енді Сәбираның өзін де ақтаймыз» деп қуанып отырғанымызда Алматы прокуратурасы көңілімізді су сепкендей басты. «Сәбираны ақтай алмаймыз, өйткені туған-туыстары жоқ. Егер 28 қызға хат жаздырып, «қарсы емеспіз» деген қол қойдырып әкелсеңіздер, бұл мәселе шешілуі мүмкін. Бас прокуратура бізге осылай деп отыр» деді. Содан жанұшырып, Шығысқа барып, 28 қыздың қолын қойдырып, Алматы қалалық прокуратурасына табыс еттік», – дейді Бейсенбай Сайфолда. 2021 жылдың 27 қыркүйегінде берілген, Алматы қаласы прокурорының орынбасары Н.Ракишев қол қойған анықтамада былай деп жазылған: «1986 жылғы желтоқсанның 26-сы күні «Желтоқсан» оқиғасына қатысқанына байланысты С.Мухамеджанова Өскемен қаласында жатақхананың бесінші қабатынан секіріп, өзін-өзі мерт етті. Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңы негізінде 01.01.1970 жылы туған Сабира Есимбековна Мухамеджанова саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде танылады». Шығыс Қазақстан облыстық JELTOQSAN-86 қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Рамазанов сан жыл сарғая күткен құжаттың көшірмелерін жақында Сәбира Мұхамеджанова туып-өскен ауылдағы мектеп пен Өскемендегі білім алған колледж ұжымына және Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музейге табыстапты. Ал тіркелмеген «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсенбай Сайфолда алда әлі де жұмыс көп екенін жеткізді. Оның сөзіне сенсек, 2010-2021 жылдар аралығында республика бойынша 400-ге жуық, Өскемен қаласы бойынша Желтоқсан көтерілісіне қатысы бар 38 азаматтың (28-і Сәбираның топтасы, біреуі орыс тобында оқыған Сәуле Өмірбекова, 8 жігіт – курстасы және С.Мұхамеджанованың өзі) ақталуына жәрдемдесіпті. «Орайы келгенде айта кетейін, қазір менің қолымда Алматыда болған Желтоқсан көтерілісіне қатысқан 15 адамның ақталу құжаттары бар. Олар – сол уақытта Алматыда жұмыс істеген өскемендіктер. Сәбира Мұхамеджановамен бірге немесе жоғары курста оқып жазаланған студенттердің тізімін Өскемендегі партиялық архивтен алдым. Мәселен, Сәбирадан жоғары, яғни 3-курста оқығандар да алаңға шыққан. Алдағы уақытта оларды да ақтау керек деп ойлаймын», – дейді ол. Сәбира Мұхамеджановамен бір курста оқып, бір жатақханада тұрған, биыл 8 жігіттің қатарында ақтау құжатын алған Амангелді Орамалов мұның өзі үшін күтпеген жағдай болғанын айтады. «Әйгілі дүмпудің өткеніне 35 жыл болыпты. Шынымды айтсам, бізді де біреу елеп-ескереді, ақталамыз-ау деген дүние ойымызға келмепті. Сәбирамен бір жатақханада тұрғанымыз, алаңда көп студенттермен бірге жүргеніміз рас. Ол бесінші қабатта тұратын еді. Мен үшінші қабатта тұрдым. Сол күні Өскеменде 100-ден астам жастар әуелі қазіргі Республика алаңына жиналып, сол жерден Ущанов алаңына дейін ұранымызды, талаптарымызды айтып, жүріп өттік. Соңымыздан қалың әскер колонна болып келе жатты. «45 Гастроном» жақтан, яғни алды мыздан тағы бір коллана келіп, екі жақтан қоршады. Қашатындары қашып үлгерді. Екі кісі отыратын уазикке 6 кісіні отырғызып алып кетті. Біз үш жігіт Стаханов көшесіндегі полиция бекетінде үш күн жатып шықтық. Бір кісілік камераға 11 кісіні қамады. Үш күнде төрт пирошкиді әрең дегенде жалынып сұрап алдық. Әрбір 15 минут сайын жеке-жеке тергеуге шақырды. 15-16 жастағы кезіміз. Жатақханадағы 18-ден асқан жігіттерге «сендер шықпай-ақ қойыңдар. Соттап жіберуі мүмкін. Біз кәмелет жасқа толған жоқпыз, ешкім соттай қоймас, ештеңе болмас» деп алаңға бардық қой алаңсыз. Сәбира қайтыс болғаннан кейін комиссия құрылып, жатақханадан шығарылып, оқудан қуылдық. Бірақ жатақханаға кіріп жүрдік. Жыл аяғында әкем келіп, ауылға алып кетті. Не деймін, ақталғаныма қуаныштымын», – дейді Сәбира Мұхамеджанованың курстасы. Айта кетейік, Өскеменде Сәбира Мұхамеджанованың есімі берілген 560 метрлік көше бар. Өзі туып-өскен Тарбағатай ауданындағы Ақмектеп ауылындағы мектептің алдына бюсті қойылған. 2001 жылы «Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. «Осыдан бір-екі жыл бұрын облыстық Тіл басқармасына Сәбираның ауылындағы мектепке оның есімін беру жөнінде хат жазылған. Олар бұл ұсыныстың республикалық ономастикалық комиссияның мақұлдауынан өтпегенін айтты. Себебі Сәбира Мұхамеджанова танымал тұлғалар тізімінде жоқ екен. Дегенмен осымен тоқтап қалмай жұмыс істеп жатырмыз. Өскемен әкімдігі Сәбираға қаладан басқа көше береміз деп отыр», – дейді Марат Рамазанов.
Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы