Елордадағы «Үміт» дағдарыс орталығынан пана тапқандардың бірі күйеуінен таяқ жеген, екіншісін енесі сабап тастаған. Енді бірін 30 жыл отасқан жары ойыншығына айналдырып, ойына келгенін істеген. Мазақ. Кемсіту. Тағы да ұрып-соғу. Тағдыр тәлкегі. Олар адам өзгермейтінін, өзің үшін қорлықтан бас тартпасаң, балалар үшін кетуің керек екенін айтады. Бірақ мұны айту үшін, түсіну үшін біріне 15 жыл, енді біріне 30 жыл қажет болды. Әкесінің анасына қол көтергенін көрген және сол кезде анасына араша түскен бала ертең агрессорға айналады. Үнсіз көнген ұл бала өскенде жасқаншақ, өз басын да қорғай алмайтын хәлге түседі деп отыр психологтер. Зорлық-зомбылықтан сананы тазарту мүмкін бе?
«ӨЗГЕРЕДІ ДЕП ҮМІТТЕНДІМ»
3 баланың анасы Айгерім Серікбаева 13 жыл бойы араққа салынған, ұрып-соғатын, жанын ауыртатын күйеуінің өзгеретініне сеніп, зорлық-зомбылыққа шыдап келген. Бәлкім, баста ұнатып қосылған, өмірлік жарым деп таныған жарын түрменің ар жағынан бір-ақ шығаруға қимаған шығар. Бәлкім, әке-шешеден жастай айырылып, артында сұраушысы болмаған соң, санадағы қорқыныштың жетегімен жан баласына басындағы жағдайды ашыла да, ашына да айта алмаған болар. Шашынан сүйреп, бөлмеге қамап, денесінің сау жері қалмағанша соққының астына алғанда ғана көршілері араға түсіп, полиция шақырыпты. «Өзім Шымкент қаласының тумасымын. Алматыда күйеуіммен 10 жыл тұрып, сосын жаңа өмір бастаймыз деп елордаға қоныс аудардық. Бұрында ұрсып, ұратын. Астанаға келгеннен кейін ішіп алып, көк ала қойдай сабады. Мені ғана емес, балаларға да қол көтеретін. «Үміт» дағдарыс орталығына ауыр хәлде түстім. Денемнің сау жері жоқ. Заңды некеде 6 жыл, оған дейін 7 жыл азаматтық некеде тұрдық. Көрші қыз болмағанда мені де, балаларымды да аман қалдырмайтын еді ана түрімен. Телефоным да болған жоқ. Бәрін алып қойған. Әке-шешем жас күнімде қайтыс болған. Туыстарым бар, бірақ олар Шымкентте. Олар жағдайды біледі, бірақ араласпайды. Үлкенім 5 жаста. Одан кейінгісі 3 жасқа толады», – дейді ол. Естіген кезде жаның түршігетін бұл жағдайды Айгерім есіне түсіргенде көз жасына ерік берді. «Үміт» дағдарыс орталығында психологпен жұмыс істеп, бойын бала кезден билеп алған қорқыныштан бірте-бірте арылып келе жатқанын жеткізді. «Өмірге деген құлшынысым өшіп қалған еді, өйткені үнемі зорлық, қорлық көріп келген адам рухсыз қалады. Оған дейін ұрғанда 2 рет сотқа дейін барып, соңында кешіргенім бар. 4 айдан бері осы орталықты паналап отырмын. Күйеуім осында екенімді білгенде қорқытты да, кешірім де сұрады. Бірақ қазір заңды некеде емеспіз, орталықтың заңгерлері көмектесіп, ажырасып кеттім. Алимент төлеп жатқан жоқ. Мұнда қауіпсіз, балалар балабақшаға барады. Тамақ тегін. Қыз-келіншектерге айтарым, адам өзгермейді. Күйеуімді арақты қойдырамыз деп талай оқыттық, ем алды. Бірақ ішкілікті қойған емес. Үшінші баламды босанғаннан кейін мінезі қиындап кетті», – дейді А.Серікбаева. Орталықта 6 айға дейін тұруға болады, 3 балалы ананың 2 айы ғана қалды. «Орталықтан шыққан соң қайда барарымды білмеймін үш баламен, әкімдіктегілер балаларды балабақшаға орналастырса, сол жерде жұмыс істеп аяққа тұрып едім», – деп отыр. [caption id="attachment_171878" align="alignnone" > ©Радмир Фахрутдинов[/caption]«80 ПАЙЫЗЫ ОҢТҮСТІКТЕН КЕЛГЕН»
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Үміт» дағдарыс орталығы 2013 жылғы 1 қарашада ашылған. Сол уақыттан бері 1 830 қызмет алушы қабылданып, 603 ана мен 1 126 бала қамқорлыққа алынды. Өткен жылы 218 жанға пана болса, биыл 272 қызмет алушыға, оның ішінде 86 әйел, 186 балаға қолдау көрсеткен. Орталыққа 18 жастан 58 жасқа дейінгі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары, оның ішінде қатыгез іс-әрекетке ұшыраған, өз бастамасымен де, ішкі істер, білім беру, денсаулық сақтау органдарының жолдамасымен де жүгінген кәмелетке толмаған балалары қабылданады. «Үміт» дағдарыс орталығы директорының орынбасары Шынар Какимова орталықтан көмек сұрағандардың 80 пайызы салт-дәстүр сақталған, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған деп жүрген оңтүстік өңірдің тумасы дейді. «Бүгінде орталықта 51 ана баласымен тұрып жатыр. Өткен жылы індет кезінде 2 ай карантинде болдық. Сырттан ешкімді қабылдамадық, ешкімді шығармадық. Содан көрсеткіш төмен. Дегенмен хабарласқандар, көмек сұрағандар саны өте көп болды. Біз оларды «Қорғау» орталығына жіберіп отырдық. Біз өкінішке қарай 50-ден артық адам қабылдай алмаймыз. Себебі орын саны шектеулі. Қазір толық, егер хабарласып, жағдайы ауыр болып жатса тағы 5 орын жасап бере аламыз. Немесе жекеменшік дағдарыс орталығына ақысыз тұруға жібереміз», – дейді орталық директорының орынбасары. Айгерімнің жағдайына тоқталсақ, ешкімді жайдан-жай шығарып жібермейді. Оқытып, жұмысқа орналастырады. Балабақша бар. Ортаға бейімделіп кетсін деп, сол балабақшаға жібереді. «Мұнда келгендердің басым бөлігінде жоғары білімі жоқ. Балалары кішкентай болғандықтан шыдайды. Көбісінде тәрбиеден, ажырассам ұят болады деп ойлап, шыдап жүреді. Өйткені орталықтағылардың 80 пайызы – оңтүстік өңірден. Яғни, ата-анасына, әпкесіне күйеуім ұрады десе де, олар «шыда, ұят болады» деп үйретеді. Көп жағдайда жоқшылық, жұмыссыздық», – дейді орталық директорының орынбасары. Статистикаға сүйенсек, жылына 400-ден аса әйел күйеуінің қолынан қаза табады. «Жақсы әйел – жаман еркектің басын төрге сүйрейді, жаман әйел жақсы еркектің басын көрге сүйрейді» деген мақалды тілге тиек етіп, қоғам кінәні, жауапкершілікті әйел адамға арта салуға құмар. Ал психолог Әсел Асылбекова «зорлық-зомбылық, ұрып-соғу о баста отау құрғаннан бастап дұрыс сөйлеспеуден, отырып әңгімелеспеуден шығады» дейді. Қандай да бір түсініспеушілік туындағанда ұрысқа жеткізбей екеуара дауыс көтермей, ақырын отырып шешу керек. Сол мәселе кейін сол жерде қалу керегін жеткізді. Телефонның айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызғанын қайтейік, талай отбасының түбіне жетіп, жақынын жат қылып отыр.«ТАЯҚТЫ ТІЛЕП АЛАДЫ»
«Бүгін күйеуі әйелін ұрып, сабап тастаса, одан пайда іздейтін әйелдер болады. Ертесіне кешірім сұратып, қалауын орындатады, бағалы сыйлықтар алып беруін талап етеді. Енді біріне қорқыныш кедергі болады. Тағы, қызға кішкентайынан қате жіберуге болмайды деп өсірсе, ертеңгі күні санасындағы шекарадан шыға алмай, қорлыққа төзгіш келеді. Үшіншісі, соған өзі алып келеді. Ерінің намысына тиіп, сөз қайтарып, «ұр, ұр ал» деп тұрып алады. Мұндай көкбет әйелдер жақсы күйеуді де тиранға айналдыруы әбден мүмкін», – дейді психолог Ә.Асылбекова. [caption id="attachment_171880" align="alignnone" > ©Радмир Фахрутдинов[/caption]БАЛАНЫҢ БОЛАШАҒЫН ОЙЛАЙСЫЗ БА?
Ұрыс-керісті көрген бала кімді жақтарын білмейді. Немесе бұл қалыпты жағдай деп қабылдайды. Кейбір балалар ондай жағдайда анасын қорғаштап, әкесіне әліне қарамай қарсы тұрады. Қауіптісі, ондай бала өзін мықты сезінуге, анасын, кейін айналасындағыларды қорғап жүреді де, түбінде өзінің қалай агрессорға айналғанын аңдамай қалады. Себебі өзіне қарсы шыққанды қабылдай алмайды. Абьюзерлен содан шығады дейді психологтер. Кей балалар ондай жағдайда анасын қорғай алмайтынын біліп, өзін қорғап қалу үшін әкесін жақтап шығады. Өскен кезде ондай бала психологиялық тұрғыда құрбанға, жәбірленушіге айналуы әбден мүмкін. Орталықта Вика есімді аяғы ауыр келіншекпен тілдестім. Оны енесі соққының астына алған, күйеуі қазақ. Бір айдан бері осы орталықты паналауда. Анасы баласына өз қалауындағы келіншекті алып бергісі келген. Ал ұлы өзінен жасы үлкен, балаларымен қалған жалғызбасты Виканы таңдапты. Шаңырақ көтерсе де, ана көңілі тыншымай, баласының таңдауына көнбей, ақыры келінімен оның балаларын ұрып, үйден қуып шығыпты. «Бітпейтін қорлау, төмендету. 4 жыл шыдап келдім. Кетейін деп кеткенім жоқ, енем қол көтерді. Мені ғана емес, балаларымды да ұрды. 1 айдан бері осы жердемін. Күйеуім жақсы адам. Болашаққа деген жоспарым жоқ. Енем мені жақтырмайды. Күйеуім мені жақсы көреді, бірақ әлі келген жоқ. Таныстарға шығып, үйге оралуымды айтыпты. Енеммен бірге тұра алмайтыным анық, бөлек шықсақ қана қосылармыз», – деді ол. Ұрып-соғу, зорлық-зомбылықтің себебі көп. Жоқшылықтан ғана болмайды екен. Хан сарайындай үйі бар, кәсібін дөңгелетіп отырған сырт көзге бақыттан басы айналып жүргендей көрінетін Айнұрдың үйіндегі жағдайы ешкімнің ойына да кіріп-шықпаушы еді. Себебі өзіне сенімді, ашық, батыл көрінетін келіншекті күйеуі 30 жыл бойы не істесе де, өзгемен салыстырып, намысына тиіп, ұрып-соғып, кемсітіп келген. «Ұру, балағаттау, аузына келгенін айту. Мен осының бәріне шыдап келдім. Астанаға көшіп келгенімізге 10 жыл болды. Үйленгеннен кейін 2 айдан соң осы жағдай болды, сонымен 30 жылға жалғасты. Жұмыс істетпейді, үйден шығармайды. Қатты қызғанады, бірақ өзі басқа әйелдермен жүреді. Құрбым деп жүрген әйелмен көзіме шөп салды. Оны ешкімге айтпа деп, тағы мені сабады. Мен оны қызғанбаймын. Ол әйелмен қыдырып келгеннен кейін маған «сен оның тырнағына да татымайсың» деп тағы қорлайтын. Мен 47-де болсам, ол әйел 60 жаста, әрі 5 баласы бар. АҚШ-та жұмыс істеген, өзіне қарап қалған әйел ғой. Ұру деген жай, көрсетпегені жоқ. Себебі әке-шешем қайтыс болып кеткен. Артымда ешкімім жоқ. Менімен ажырасқысы келмейді. Себебі мүлікті бөлгісі келмейді, мүмкін мені өз-өзіне қол жұмсасын деген шығар», – деп ашынады ол. Айнұрдың 10 жастағы қызы бір нүктеге қарап отыруды шығарыпты. Қазір психологтың бақылауында. Екі қызы тұрмыста, құдалардан ұят болады деп жан баласына тіс жармай, ақырында іштегі жан жарасы сыртқа шықпағаннан денесін теңбіл дақ басып, ауруға айналғанын жылап отырып жеткізді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық жайында 125 мыңнан астам арыз түскен. Нәтижесінде, 9 645 азаматқа сот арқылы ерекше талап қойылды. 40 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 70 228 тұлғаға жәбірленушіге жақындауға тыйым салынды. Отбасында зорлық көрсететін азаматтарды жәбірленушіге жақындатпау мерзімі 30 тәулікке дейін ұзарды. Бұрын мұндай азаматтар құрбанына 10 күнге дейін жақындай алмайтын. Сондай-ақ олар әрекетін қайталаған жағдайда 5 тәулікке дейін қамалады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – әлеуметтің басты дерті. Екі адамның арасындағы мәселе балаға, қоғамға, ұрпаққа кесірін тигізеді. Зорлық-зомбылықтың себебін, салдарын жаздық оқырман. Ар жағы – өз еркіңізде.Наима НҰРӘЛІ