Кедергісіз келешек – азаттықтың жемісі
Кедергісіз келешек –  азаттықтың жемісі
Мемлекеттің озықтығы оның әр азаматына деген қамқорлығынан көрінеді. Мүгедектігі бар адамдар да кез келген адам сияқты оқуды, жұмыс істеуді, көшеде, ғимарат ішін­де еркін жүріп-тұруды, саяхат­тауды және өмірден ләззат алуды қалайды. Алайда тіршілік ортасын­да бұған қолайлы жағдай жасал­мауы мүмкін. Мемлекеттің міндеті, бизнестің парызы кемтар кісінің алдынан тұратын кедергіні ба­рын­ша жойып, олардың мейлінше толыққанды өмір сүруіне жол ашу болса керек. Бұл бағытта еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін тың шаралар, ізгі істер бастау алды.

Өшпенділіктен қамқорлыққа бетбұрыс

Зерттеушілердің айтуынша, Кеңес ке­зінде жарымжандарға ашықтан-ашық қысым жасалды. Қоғам оларды «калека», «кол­ченогий» және басқа да ауыр сөз­дер­мен әжуалады. «Кеңестік адам кемтар бола алмайды» деген жалған ұғым белең алды. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі адам­дар көшеге көп шыға алмайтын. Олардың проблемасы көтерілмейтін. Бұл сөздің шындық екенін мына дерек растайды. 1960-жылдардың басында әс­ке­ри тақырыпқа арналған танымал радио­бағдарламалардың біріне Екінші дүние­жүзілік соғыс мүгедегі, мәскеулік Иван Румянцев шақырылады: ол Берлинге же­тіп, Рейхстагқа шабуылдағандардың бірі. Жүргізуші оған микрофон ұсынғанда ардагер кенет еңіреп жылап қоя береді. Жасын сүртіп отырып, себебін түсіндірген: «Бұл күнге жетемін деп ойламаппын. Мені енді бүкіл одақ естиді емес пе?! Соғыстан кейін өзге бес мүгедекпен бірге жертөледегі 15 шаршы метрлік шағын бөлмеде ұй­лығып тұрып келеміз. Сыртқа шықсақ, бар жерден қуады. Ардагер екенімізді айтып, сәл де болса құрмет көрсетуді сұрасақ: «Соғысқан шығарсың, наградаңды алдың, тағы нені көксейсің?!» деп тап береді», – деп мұң шақты ардагер. Ресейлік зерттеуші Наталья Волкова­ның мәліметінше, Батыспен бақталасқан КСРО әлемге жақсы болып көріну үшін кембағал адамдарды қоғамнан шеттетті, оларды арнайы мекеме-интернаттарда жа­уып ұстады, болмаса өз пәтерінен сырт­қа көп шықпауына мәжбүрледі. Тек соғыстан 2,5 миллион адам аяқ-қолынан айырылып қайтқан. Олар үшін барлық республикада қала сыртында, не қалтарыс көшеде ҰОС мүгедектерінің арнайы үй­лерін қаптатып салды. Кеңес өкіметі мүгедектерден қоғамға пайда тигізіп, жұмыс істеуді талап етті. «Встать в строй!» деген ұранмен атақты ұшқыш Маресьевтің, аяқ-қолы жоқ болса да әртүрлі қосымша аспап көмегімен жұ­мыс істеген тракторист Ниловтың үлгісі алға тартылды. Алайда кембағал жан­дар­дың жұмыс түгіл қалыпты өмірге оралуға жағдайы келе бермейтін. Олар протез, арба, басқа да керек-жарақтан қатты мұқтаждық тартты. Ақын, жазушы Әбу Сәрсенбаевтың: «Сен құрметте оны! Түсіндің бе, қарағым? Ол ақшаға сатқан жоқ, Тізеден кесіп аяғын» деп күрсіне жазуының мәні бар. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ахуал күрт өзгерді. Еліміз БҰҰ-ның мү­гедектерді қорғауды көздейтін конвен­цияларына, халықаралық келісімдерге қосылды. Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың тап­сырма­сымен Үкімет Кеңес заманында әбден кісікиік болып қалған мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға қайта кі­ріктіріп, әлеуметтендіру шараларын қол­ға алды. Бүгінде осы маңызды іске елі­міздің көш­басшы партиясы «Nur Otan» «Кедергісіз келешек» партиялық жо­басы аясында қуат­ты қолдау көрсетіп, Елбасы Н.Назар­баев пен ел Президенті Қ.Тоқаев қойған міндеттердің орында­луын қадағалап отыр.

Қазақстанда қанша ерекше адам бар?

Тәуелсіз Қазақстанның мүмкіндігі шек­теулі әлеуметтік қорғау саласындағы саясаты оларды қоғамға толыққанды кі­ріктіруге және халықтың осы санаты бас­қалармен теңдей өмір сүріп, жұмыс істеп, білім алуы, қоғам өміріне еркін қатысуы үшін кедергілерді жоюға бағытталған. Елде әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер түріндегі мемлекеттік көмек пен қолдауды, әлеуметтік оңалту аясында ағзаның жоғалтқан функцияларын қал­пына келтіруді, арнаулы әлеуметтік қыз­меттер көрсетуді қамтитын көпдеңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі әрекет етеді. Мемлекет мүмкіндігі шектеулі жанды бюджет қаражаты есебінен протездік-орто­педиялық көмекпен, сурдо-тифло­тех­никалық құралдармен, кресло-арбалар­мен, санаторий-курорттық емделумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтуға күш салып келеді. Қазақстанда 702,1 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 424,5 мыңы немесе 60,5%-ы еңбекке қабілетті жаста. 180,7 мыңы немесе 25,7%-ы қария, зейнеткер. 96,9 мыңы немесе 13,8%-ы 18 жасқа дейінгі балалар. 2021 жылғы қазандағы жағдай бо­йын­ша, 528,1 мың адам мүгедектігіне бай­ла­нысты мемлекеттік әлеуметтік жәр­демақы алады. 2021 жылғы қаңтар-қыр­күйек ара­лығында республикалық бюджеттен мү­гедектігі бойынша жәрдемақы төлеуге 232,4 млрд теңге жұмсалды. 2021 жылғы 1 қазанда бұл жәрдемақының орташа мөлшері 48 743 теңгені құрады. «Мемлекет мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру ісін жетілдіру үшін шаралар қабылдайды. 2020 жылы әлеуметтік төлемдерге, техникалық құрал­дармен және оңалту қызметтерімен қам­туға бюджеттен 455 миллиард теңге бө­лінді, 2021 жылы осы мақсаттарға 486 миллиард теңге көзделген. Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды іске асыру үшін тіршілік әрекетінің барлық бағы­тын­да кешенді іс-шаралар іске асырылуда», – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қор­­ғау министрі Серік Шәпкенов. Қазақстанда енді мүгедектігі бар адам­дарға көмек көрсету үшін арнайы ор­та­лықтар ашылып жатыр: 2021 жылы 15 өңі­рінде Ten Qogam орталықтарын құру жос­парланған. Нұр-Сұлтан мен Алматыда іске қосылған бұл орталықтарда мүгедек­терге психологиялық және құқықтық кө­мек, жұмысқа орналасуға жәрдем көр­сетілуі тиіс. 2021 жылғы қыркүйекте ел Парламенті «Кейбір заңнамалық актілерге азамат­тардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын қабылдады. Құжатта I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтар үшін жәрдемақы енгізілді. Бұл жәрдемақы бөгде адамның күтімін қажет ететін тағы 24 мың адамды қамтиды. Сондай-ақ заңда 7-16 жастағы балаларды мүгедектік топ­тарына бөлу қарастырылған. Бұл ретте «мүгедектігі бар балалардың барлық тобы үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылады». Бұл шара 30 мыңдай балаға қатысты болады.

Жарымжан емес, жақсы жұмыскер

2021 жылдың І жартысында жұмыспен қамту орталықтарына жүгінген еңбекке жарамды мүгедектердің 29,7%-ы жұмысқа орналаса алыпты. Ал «Nur Otan»-ның «Өз­ге­рістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға қарай жұмысқа орналасқан мүге­дек­тігі бар адамдар саны 30%-ға дейін өсуі тиіс. Премьер-Министрдің бірінші орын­ба­сары Әлихан Смайылов жауапты орган­дарға мүгедектерді жұмыспен қамту бағы­тында қолдау шараларының кешенін жү­зеге асыруды тапсырды. Оған арнайы курс­тарда оқыту, жұмыс орындарын қайта жаб­дықтау, жұмыс беруші кембағал адам­ды жұмысқа алса, оның жалақысының бір бөлігін бюджеттен субсидиялау, жұмыспен қамту квотасының сақталуын бақылау кіреді. Бұл шаралар әзірленіп жатқан 2025 жылға дейінгі жаңа Ұлттық жұмыспен қам­ту жобасында көрініс табады. Экономикалық белсенділік үшін мүм­кіндіктер жасау мақсатында былтыр мүге­дектерге арналған кәсіптер атласы әзір­ленді. Бұл анықтамалық мүгедек адам­дарды жұмысқа орналастыру кезінде пай­да­ланылатын болады. 12 мыңнан астам кәсіп зерделенді, нәтижесінде мүгедек­тіктің І тобы үшін 2,5 мыңға жуық кәсіп, ал ІІ және ІІІ топтардың әрқайсысына 7 мыңға жуық кәсіп ұсынылды. Бұл санаттағы азаматтар жұмыс істей алуы үшін алдымен, олар оңалту, әлеу­меттендіру қызметтерімен, жүріп-тұруға, өмір сүруге қажетті керек-жарақтармен жете жабдықталғаны жөн. 2020 жылы «Әлеуметтік қызметтер порталы» (aleumet.egov.kz) өмірге жолдама алды. Сол арқылы мүгедектер бұрынғыдай мемлекеттік сатып алусыз, өз бетінше, оңалтудың тех­никалық құралдары (ОТҚ) мен қызмет­терді жеткі­зу­шіні және өндірушіні таңдай алады. Сон­дай-ақ портал арқылы жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының қыз­меттеріне және санаториялық-курорттық емделуге тапсырыс беруге болады. Биылғы жыл басынан пор­тал арқылы 214 мыңнан астам мүгедектігі бар адам – ОТҚ, 6 мың­нан астамы – ымдау тілі қызметін, 32,5 мыңнан астамы – жеке көмекшінің қыз­метін, 48 мыңға жуығы санаториялық-ку­рорт­тық ем алды. Сондай-ақ толыққанды еңбек ету үшін жұмыс орны, өмір сүру ортасы осындай жандарға қолайлы болғаны абзал. Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін ғима­раттарды пандустармен, арнайы лифтімен, жеке дәретханалармен және зағип жандар үшін бағыттауыш белгілермен қамту се­кілді инфрақұрылымды жақсарту мәселесі қарастырылып жатыр. Мүгедек жандар жиі баратын мониторинг объектілерін назарда ұстау үшін аймақтық қоғамдық ба­қылау топтарының жұмысы жандандырылды. Әрине, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде мүгедек азаматтардың қаншама жыл қор­даланған барлық мәселесі шешілді деу асылық болар еді. Басқаны айтпағанда, бар­лық жер пандустармен жабдықтал­ма­ған. Еңбек министрлігінің дерегінше, Қазақстанда жалпы саны 22 мың объект мүгедектігі бар адамдарға қолайлы етілуі тиіс. 2021 жылғы 28 қазандағы жағдайға сәйкес, «Nur Otan»-ның «Кедергісіз келе­шек» партиялық жобасы аясында 4 151 әлеу­меттік инфрақұрылым объектісін ерек­ше қажеттілігі бар жандарға бейімдеу жүр­гізілген. Стандарттарға сай бейім­дел­ген нысандардың үлесі 18,9%-ды құрады. Арбаға таңылған адамдар биік бор­дюрлер кесірінен тротуарға шыға алмай, автожолдың жүріс бөлігімен, көліктермен бірге қозғалуға мәжбүр болып жатады. Бұдан бөлек, елеулі қаржылық шығынды талап ететіндіктен немесе ескі ғимарат­тар­дың конструкциясы жаңа стандарттарды енгізу мүмкіндік бермейтіндіктен, әзірге өңірлерде мүгедектер үшін қолжетімді орта құру ісі баяу жүріп жатыр. Озық ел­дерде тротуарларды тактильді жолақ­тар­мен, ра­дио­маяктармен жабдықтау, ғи­ма­раттар қа­баттарын және лифт батырма­ларын Брайль қарпімен белгілеу, көше­лерде дыбыстық, жарықтық дабылдат­қыш­тар орнату және басқа жаңашылдықтар қолға алынған. Мұның бәрі аталған са­наттағы азаматтарына қамқорлық жасау бағытында азат Қазақ­станның алдында қандай ірі міндеттер мен биік асулар тұрғанын көрсетсе керек.

Айхан ШӘРІП