Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының Жолдауы аясында аймақтың дамуы туралы мәлімдеді. Аймақ басшысы тәуелсіздік жылдары және Жолдау аясында атқарылған жұмыстарға тоқталып, негізгі тірек салалардағы даму көрсеткіштерді баяндады. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағыттағы тапсырмаларына сәйкес тәуелсіздік жылдары өңір экономикасына 4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Жалпы, өңірлік өнімдегі өнеркәсіп өндірісінің үлесі 1991 жылғы 11 пайыздан 30%-ға дейін, ал ауыл шаруашылығының үлесі соңғы 10 жылда 3,9%-дан 6,3%-ға дейін артты. Күріштің өнімділігі мен жалпы алынған өнімі бүгінде 1991 жылғы көрсеткіштерден 1,5 есеге өсті. Өңіріміз жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілері санының өсу қарқыны бойынша елдегі үздіктердің қатарында. Атап айтқанда, осы жылдың 9 айында өнеркәсіп өнімі өндірісі 0,5%, оның ішінде өңдеу саласы 12,6%, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 2,3%-ға өсті. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілері саны 6,6%, құрылыс жұмыстары 2,4%-ға өсіп, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 3,5%-ға артты, – деді Гүлшара Әбдіқалықова. Өңір басшысының айтуынша, биыл 2 408 пәтерлік 110 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатқан көрінеді. Оның ішінде Байқоңыр қаласында 250 пәтерлік 5 тұрғын үй бар. Жыл аяғына дейін 1 608 пәтерлік 94 тұрғын үй пайдалануға берілмек екен. Аймақ экономикасына, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 2,6 есе артқан. Баспасөз конференциясында облыс әкімі өнеркәсіп саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығы аясында биыл құны 45 млрд теңгені құрайтын, қолданысқа түскенде 500-ге жуық жұмыс орны ашылатын 4 жобаны іске қосу жоспарланыпты. Олардың қатарында Қызылорда қаласындағы шу болған шыны зауыты да бар. Сонымен қатар Жаңақорған ауданы «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинатының және Арал ауданында кальцийленген сода зауытының құрылысы басталмақ. Шиелі ауданында «Баласауысқандық» ванадий кен орнында осы жылдың желтоқсан айынан бастап ферромолибден өнімі өндірілмек. Мұнымен қоса, Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму картасы аясында қой, сиыр және жылқы етінен жасалған консервілер, күріш, қарақұмық ботқасы, жантақ балы, қауыннан жасалған чипсы және тағы басқа азық-түлік өнімдері өндіру қолға алыныпты. Әкімнің сөзінше, өңірде ішкі нарықты өз өнімдерімен толықтыру мақсатында 2% несиелеу бағдарламасы іске қосылған. Ол мақсатқа облыстық бюджеттен 400 млн теңге бөлінген. Спикер су деңгейінің тартылуына байланысты суды үнемдеп, тиімді пайдаланудың жолдарын атап өтті. – Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, жалпы көлемі 775 млн текше метр құрайтын Қараөзек су қоймасын салу басталады. Біздің мақсат суармалы сумен байланысты проблемаларды ескере отырып, ауыл шаруашылығы өндірісін, әсіресе егіншілікті әртараптандыруды және су ресурстарын тиімді пайдалану, – деді Гүлшара Әбдіқалықова. Сондай-ақ аталмыш Жолдауға сәйкес, 2025 жылға дейін республика бойынша қайта жаңғыртылатын 120 каналдың 21-ін Қызылорда облысы аумағында жүзеге асыру көзделген. Биыл құрғақшылық салдарынан Арал ауданында мал жаппай қырылды. Суармалы судың жетіспеуіне байланысты төтенше жағдай жарияланып, жедел шаралар нәтижесінде жағдай тұрақталды. Малшыларға көмек ретінде жемшөппен қамтамасыз етуге, сондай-ақ суат мәселесін шешуге, жайылымдарды, шабындықтарды суару және көл жүйелерін суландыру мәселелерін шешуге 600 млн теңге бөлінген. Төтенше жағдайға байланысты меценат Болат Өтемұратовтың қорынан 280 млн теңге қаржы бөлініп, аталған қаржыға Қостанай және Ақтөбе облыстарынан қажетті жем қоры тасымалданды. Сонымен қатар Ақтөбе облысының Ырғыз ауданынан 15 мың гектар жайылымдық жерлерін 5 жылға жалға алу жөнінде келісім жасалып, биылғы жылдың 30 қыркүйегінде Арал ауданы мен Ырғыз ауданы әкімдіктері екіжақты меморандумға қол қойды. Аймақта биыл күріш егісі 89 мың гектардан 83 мың гектарға дейін қысқартылған. Су тапшылығына қарамастан өткен жылғы деңгейде 500 мың тонна өнім алынып, орташа өнімділік 59,8 ц/га құрапты. Баспасөз конференциясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қорының жұмысы баяндалды. Жыл басынан бері облыстық бюджеттен 3 124 тонна өнім сатып алуға 900 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ айналым схемасы бойынша қарыз қаражаты берілген. «Бүгінде әлеуметтік маңызы бар тауарларға баға индексі орташа республикалық деңгейден аспайды», – дейді әкім. Жыл бойы тұрақты түрде 36 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліпті. Қазір өңірде жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құраған. Облыс әкімі жыл басынан бері 27 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, оның 14 мың 114 тұрақты жұмыспен қамтылғанын тілге тиек етті. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы 849 мүмкіндігі шектеулі адам жұмыспен қамтылған. Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі коронавирус инфекциясын тежеу бағытындағы тұрғындарға вакцина салу жұмыстарының қарқынын тізбектеді. – Бүгінде вакциналауға жататын облыс тұрғындарының 86,2%-ы вакцинаның бірінші компонентін алса, 72,5%-ы екінші компонентін алды. Жыл басынан бері вакцина салатын кабинеттер саны 34-тен 106-ға дейін артты. Pfizer вакцинасын салуды 15 қарашадан бастадық. Бүгінде 23 400 дозасы өңірге жеткізілді. Талаптарға сәйкес, 2 мұздатқыш камера сатып алынды, жақын арада тағы 10 камера мен 20 термоконтейнер жеткізілетін болады. Барлығы 97 мың доза жеткізу көзделіп отыр. Дәрі-дәрмекке қатысты мәселе жоқ, – деді Г.Әбдіқалықова. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі әлеуметтік мәселелерге де тоқталды. Әкімнің дерегінше, бүгінде облыс халқының 97%-ы орталықтандырылған сумен, 65%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Аймақтағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі жыл аяғына 75%-ға дейін жеткізіліпті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы қарқын алып жатыр дейді. Әкім апатты мектептерді жою мен жаңа нысандарды салу бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Елбасының тапсырмасына сәйкес, биыл Қызылордада колледж студенттері үшін 475 орындық 3 жатақхана ашылған. Сонымен қатар 1 қыркүйекке 748 орындық 3 мектеп пайдалануға берілді, оның ішінде 2 жекеменшік мектеп бар. Жыл соңына дейін 900 орындық тағы 2 мектеп тапсырылады екен. Оның біреуі апаттық мектептің орнына берілмек. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында бұқаралық спортты дамыту мақсатында 7 спорт кешені пайдалануға берілген, 6 спорт кешенінің құрылысы жалғасып жатқанға ұқсайды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста 2 мың 156 баланы қамтитын мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржыландыруды 2021 жылғы 212 млн теңгеден келесі жылы 4 312 балалар үшін 638 млн теңгеге ұлғайту жоспарланған. Сонымен қатар мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде 1 522 баланы қамтитын үйірмелерге биыл облыстық бюджеттен 100,1 млн теңге қаржы бөлінсе, келесі жылы 2 150 бала үшін бұл қаржы 301 млн теңгеге ұлғайтылыпты. Сыр өңірінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысы, Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты жыршы-жыраулар байқауы өткізілген. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Сыр өңірі фольклоры антологиясының І томы «Жанқожа батыр» жарыққа шықты. Сондай-ақ биыл атақты күрішші, «дала академигі» Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығы аталып өтіліп, Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жылдығы аясында Қазалы ауданында ескерткіш орнатылған. Баспасөз конференциясы соңында Гүлшара Әбдіқалықова журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы