Шымкентте  75 жастағы әжейді өз балалары үйінен қуып жіберген
Шымкентте  75 жастағы әжейді өз балалары үйінен қуып жіберген
Фото: otyrar.kz
266
оқылды
Шымкентте 75 жастағы әжейді балалары үйінен қуып жіберген. Оны далада жүрген жерінен көршілері тауып алды. Бұл туралы Aikyn.kz Отырар сайтына сілтеме жасап хабарлайды. Қазір өзі аяққа тұрғызып, білім алуына жағдай жасаған 5 баласынан жылу көрмеген ана «Көмек» дағдарыс орталығына жеткізілді.  Саламат Рахманқызы Шымкентте туып-өскен. Медбике болып жұмыс істеген. Күйеуі өмірден өткен соң, 5 баланы жалғыз өзі ешкімнен кем қылмай өсірген. Баспанасын сатып, ақшасын балаларына бөліп береді. Ал өзі үлкен қызының қолында тұрған. Кейін қызымен сөзге келіп қалып, өз перзенті үйден қуып жібереді.
"Күйеуім өмірден өткен соң, бәрін өзім аяққа тұрғыздым. Бәрі жоғары білім алды. 90-жылдары қиын болды, бірнеше жерде жұмыс істеп, бағып-қақтым. Өскен соң бәрі бөлек кетті. Жалғыз қалған соң, баспананы сатып, балаларға ақшасын бөліп бердім. Не өмірім қалды дейсің, балалардың қолында тұра тұрармын деп ойладым", – дейді Саламат Балабаева.
Бейнетінің зейнетін көрер шақта балаларынан қорлық көрген ана көше кезіп кетеді. Бірнеше күннен кейін бұрынғы көршілері тауып алып, дағдарыс орталығына алып келеді.
 "Әжей үлкен соққы алған. Екі күн бойы көшеде қараусыз жүрген. Бұл өмірден кеткісі келгенін де жасырмайды. Туған балалары қуып шыққан соң, елдің бетіне қалай қараймын деген ойлаған. Жалғыз ұлы да анасына қарамайды. Себебі келіні енесімен бірге тұрғысы келмейді", – дейді "Көмек" дағдарыс орталығының директоры Малика Жүсіпова.
Саламат Балабаева үлкен қызының үйіне қайта барған. Алайда қызы үйді сатып, көшіп кеткен. Қазір Саламат әжейдің дағдарыс орталығында жүргеніне екі ай болды. Ол мұнда түрлі қиындықтармен түскен жас аналардың балаларын бағуға көмектесіп, ақылын айтып отырады.