Елордадағы «Нұр Астана» мешітінің атауы өзгерді
Елордадағы «Нұр Астана» мешітінің атауы өзгерді
477
оқылды
Елордадағы «Нұр Астана» мешітінің атауы Әбу Насыр әл-Фараби болып өзгертілді, – деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің сайты. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Төралқа мәжілісінде «Нұр Астана» мешітінің атауын өзгерту жөніндегі Ғұламалар кеңесінен ұсыныс түсті. ҚМДБ бөлім басшылары, облыс имамдары мен Орталық аппарат қызметкерлері мешіт атауының өзгеруін қолдап, дауыс берді. Осылайша 15 жылдық тарихы бар мешіт ендігі таңда ойшыл, ғұлама әл-Фарабидің есімімен аталатыны туралы шешім қабылданды. "Жақында ҚМДБ-да ғұламалар кеңесінің ұсынысымен елордамызға талай жылдар қызмет еткен Нұр-Астана мешітінің атауын әл-Фараби бабамыздың атына өзгерту жайында ұсыныс берілген болатын. Аллаға сансыз шүкірлер болсын! Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың атына өзгерту жайында шешім қабылданды. Жалпы, осы елорда төріндегі мешітке бабамыздың аты берілуі тектен-тек емес. Өйткені, ең бірінші әл- Фараби деген кезде әрбір мұсылман үшін, әрбір қазақ руханиятына имандылықты, білімге деген құштарлықты, қанағатшылықты, қарапайымдылықты еске түсіреді", – деді Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Ерболат Жүсіпов.  width=Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қабылданған шешім нәтижесінде бүгін ресми түрде бұрынғы мешіт атауы жазылған тақтайша алынып, орнына Әбу Насыр әл-Фараби атындағы жаңа мешіт атауымен тақтайша орнатылды. "Мешітке әл-Фарабидің есімін бергенде біз екі себеппен қуандық. Бірінші — ғылым, білім келеді, әл-Фарабидің аты бізді жаңғыртып тұрады деп. Екінші жағдай, біз енді әл-Фараби атымен әлемге таныламыз, әлемді танимыз деп. Әл-Фараби біз үшін рухани көпір", – дейді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы.  width="Әбу Насыр әл-Фараби деген адам жеті ғасыр бойы бүкіл адамзаттың ақыл-ойының негізгі тірегі болды. Осы исламның пәлсапасын, дүниетанымын бүкіл дүние жүзіне кәсіби түрде насихаттап, жеткізген - Әбу Насыр әл-Фараби. Сондықтан әл-Фарабидің атымен мешіттің аталуы, бұл - өте тамаша әрі орынды", – деп атап өтті ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Ғарифолла Есім.  width=2005 жылдың 2 наурызында ашылған мешіт елорданың Есіл ауданында орналасқан. Мешіт Катар мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бин Халифа әл-Сәнидың қайтарымсыз сый ретінде бөлген қаржысына тұрғызылған болатын. Орталықтың ашылуына сол тұстағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, Қағба мен Құран бейнеленген, сүрелер түсірілген жапқышты сыйға тартқан.

Фото: astana.gov.kz