Үйлену тойындағы жанжал: Ақмола облысында 21 жастағы жігітті пышақтаған
Үйлену тойындағы жанжал: Ақмола облысында 21 жастағы жігітті пышақтаған
© inform.kz
578
оқылды
Ақмола облысында үйлену тойында жанжал шығып, 21 жастағы жігіт пышақ жарақатымен ауруханаға түсті, – деп хабарлайды облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметі.  22 қарашада Жарқайың аудандық ПБ кезекші бөліміне 57 жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, Бірсуат ауылында пышақ жарақатын алған 21 жастағы ұлына көмекке жедел жәрдем қызметін жіберуді сұраған.
«Оқиға орнына Жарқайың ауданының ПБ кезекші жедел-тергеу тобы дереу жетті. Анықталғандай, 2021 жылғы 21 қарашада жергілікті ЖШС асханасында үйлену тойы өткен. Тойда қонақтар арасында жанжал туындаған. Салдарынан бұрын сотты болған Нұр-Сұлтан қаласының 30 жастағы тұрғыны Бірсуат ауылының 21 жастағы тұрғынына іш тұсынан пышақ сұғып алған. Зардап шегуші «сол жақтан іш қуысына пышақ жарақатын салу, ішке қан кету» диагнозымен Жарқайың аудандық ауруханасына жатқызылды», – деді ведомствоның баспасөз қызметі ҚазАқпарат тілшісінің сауалына.
Ведомстводан атап өткендей, бұл оқиғаға Жарқайың ауданының ПБ сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне 106-бабының 1-бөлігі бойынша болып тіркелді.
«Күдікті Қылмыстық кодекстің 128-бабы бойынша Жарқайың аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізілуде, олардың соңында түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады», – деп толықтырды ведомстводан.