ҚызПУ қырғызстандық оқу орындарымен меморандумға қол қойды
ҚызПУ  қырғызстандық оқу орындарымен  меморандумға қол қойды
552
оқылды
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті қырғызстандық бірқатар жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты арттырмақ. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады. Бүгін Бішкекте өтіп жатқан Қазақстан мен Қырғызстан жоғары оқу орындары ректорларының форумы қарсаңында Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай И. Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті мен А. Мырсабеков атындағы Ош мемлекеттік педагогикалық университетімен ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Құжат академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында студенттер, профессор-оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер алмасуды, білім беру мен ғылыми байланыстарды арттыруға бағытталған конференциялар, семинарлар мен жиындарды үйлестіруді қарастырады. Сондай-ақ меморандумда академиялық ақпараттармен, оқу-әдістемелік құралдармен және материалдармен бөлісу, өзара келісім-шарттар негізінде басқа да академиялық ынтымақтастықтар орнату көзделген. Кездесуде тараптар түрлі бағыттағы қарым-қатынастарды нығайтудың мәселелерін талқылады. Өз кезегінде Қырғыз мемлекеттік университетінің ректоры Толобек Абдырахманов пен А. Мырсабеков атындағы Ош мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Бекмурза Зулуев ынтымақтастықты дамытуға ниетті екендіктерін жеткізді.

Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы