Үш баласымен суицид жасаған келіншектің өлер алдында жазған хатының мәтіні жарияланды

Үш баласымен суицид жасаған келіншектің өлер алдында жазған хатының мәтіні жарияланды

Алматыдағы Жетісу-1 шағынауданында болған қайғылы оқиғаның негізгі себебі жазылған деп болжанған марқұмның өлер алдында қалдырған хатының мәтіні жарияланды. Келіншектің соңғы хатының мәтінін журналист Нұргүл Тапаева Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында бөлісті.

«Біз бұл өмірде бізге берілген сынаққа төзе алмадық. Өмір сүруден шаршадық. Ешкімді кінәламаймыз. Ары қарай өмір сүрудің еш мәні қалмады, бізді кешіріңіздер. Кінәлілер өздерін біледі», – деп жазыпты марқұм соңғы сөздерін.
Бұған дейін қалалық полиция балаларын лақтырып, артынша өзі де терезеден секіріп кеткен әйелдің мұндай қадамға отбасылық жанжалдың кесірінен барғанын хабарлаған болатын. Олар келіншектің өлер алдында жазып кеткен хаты бар екенін де мәлімдеген. Марқұм 28 жастағы келіншек 2014 жылы күйеуге шыққан екен. Айта кетейік, қайғылы оқиға бүгін сағат 12:20 шамасында Алматыдағы Жетісу-1 шағынауданында болған еді. 28 жастағы әйел тоғызыншы қабаттан алдымен үш баласын лақтырып, артынан өзі секіріп кеткен. Балалардың үлкені – 6, ортаншысы – 5, кішісі 2 жаста болған.

Нұрболат АДЫРБЕК,

Алматы