Атырауда АИТВ жұқтырғандар көбейді
Атырауда АИТВ жұқтырғандар көбейді
331
оқылды
АИТВ жұқтырғандар саны артып келеді. Дертті жұқ­тырған 400 адамның дені – Атырау қаласында. Оқушы, студент жас­тардан да анықталып отырған дерттің елу сегіз пайызы – ер-азаматтар. Атырау облысында АИТВ жұқ­тыру­­шылар саны жыл сайын тіркеледі. Ең алғаш 1993 жылдың қазанында бір адамнан анықталса, қазір дертті жұқтыр­ғандар саны 400-ге жеткен. АИТВ жұқ­тырғандардың 321-і –қазақстандықтар, ал 79-ы – шетелдіктер. Бұл туралы Атырау облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығы алдын алу бөлі­мі­нің маманы Мереке Баймұханова мәлім етті. Биыл 10 айда 32 адамнан алғаш рет АИТВ анықталған. Вирус жұқтырған­дардың 87 пайызы 15 пен 49 жас ара­лығындағылар екен. Бұл өткен жыл­дың осы уақытымен салыстырғанда 14 жағ­дайға көбейген. Атырау облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес және алдын алу орталығы эпи­деми­о­логия бөлімінің меңгерушісі Ж.Тө­лемі­сованың айтуынша, індеттің құрығына іліккендердің 58,2 пайызы ерлер, ал 41,7 пайызы – әйелдер. Олардың жас ерекшелігі әртүрлі. Мәселен, 19 жасқа дейінгілер 3,4, 20-39 жас аралығындағы 68,3, 40 пен 62 жас аралығындағы 28,6 пайыз адам вируспен күресіп келеді. Әлеуметтік мәртебесі бойынша нақтылайтын болсақ, 116 адам жұмыс істейді, 173-і еңбекпен қам­тылмаған. Маманның айтуынша, вирусты жұқ­тырудың негізгі жолы жыныстық қа­тынас. АИТВ адамдарға 80 пайыз осы жолмен жұққан. Бір сәттік ләззат үшін жеңгетайлықпен жолға қойылған биз­нестің де бұл аурулардың таралуына жол ашып отырғаны сөзсіз. Одан қалса, бір шприцпен бірнеше наша­қор­дың да қан тамырлары арқылы екпе салуы жұқтыру көрсеткішіне елеулі үлесін қосады. АИТВ адамның иммун тап­шы­лығы вирусы жұққан бойда ешқандай белгі байқалмайды. Бұл вирус иммун­дық жасушаларды жылдар бойы біртіндеп зақымдап, төртінші сатысына өткенде сырқатты асқындырып жібереді. Ең қауіптісі – ауру жұқ­тыр­ғандардың өздері білмей тұрып, басқа адамдарға ауру жұқтырушы болатыны. Бір қуанарлығы – Атырау облысында ЖИТС-пен есепте тұратын науқас жоқ. Біз көрсетіп отырған көрсеткіш – АИТВ жұқтырушылар. Олар дәрігерге үнемі қаралып, өз ден­саулығына көңіл бөлген жағдайда өзгелермен бірге өмір сүріп, отбасылы бола алады. Диспансерлік есепте тұрғандармен психолог, инфекционист, гинеколог, фтизиатр, дерматолог мамандар жұ­мыс істейді. Оларға қолдау көрсетіп, тиісті медициналық көмекті толық көрсете отырып, сапалы ұзақ өмір сүруіне жағдай жасайды. Емін үнемі қабылдап жүрген адам айналасын­дағыларға қауіпсіз. Олардың жағдайын түсініп, шеттетіп, оқшауламай, кері­сінше қолдау көрсетсек, бұл аурудың таралуын азайтуға мүмкіндік болады. Атырау облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығында әлеуметтік осал топтарды қорғаныш құралдарымен қамту үшін достастық кабинеті мен сенім бекеттері жұмыс істейді. Бұл кабинеттердің медицина қызметкер­лері рейдтерге шығып, қорғаныш құрал­дарын таратып, ағарту жұмысын атқарады. Алайда түрлі сала мамандарына, жалпы орта білім беретін мектептерде, арнайы орта және жоғары оқу орындарында мұғалімдер, оқу­шы­лар және студенттерге санитарлық-ағарту шаралары жүргізіліп, ақпарат­тық материалдар тарату жолға қойылса да, өңірде АИТВ жұқтыру көрсеткіші төмендемей тұр. Бұл дерттің мектеп жасындағылардан анықталуы дабыл қағарлық. Атырауда 6 мектеп оқушысы және осыншама студент АИТВ жұқ­тырған. Жоғары оқу орнының студенті Нұрлы Талаптың айтуынша, дерек көздерінде әлемде әр 10 секунд сайын 1 адам АИТВ инфекциясын жұқты­ратыны туралы мәлімет бар. Адамнан-адамға жыныстық жолмен, анадан ба­лаға емізу арқылы және қан құю ке­зінде жұғатын дертті жұқтырған адам­ның ең жақын адамы ауырғанда донор бола алмайтынының өзі кім-кімді де ойландырса, қанекей...

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы