Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдық мерейтойына арналған «Тәуелсіздік – Мәңгілік ел тұғыры» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияны ашқан ОҚМПУ Басқарма төрағасы-ректор, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлжан Сүгірбаева барша қонақтарды биылғы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесімен құттықтап, конференцияға қатысушыларға сәттілік тіледі. «Биыл – Алаш баласын шексіз қуанышқа бөлеген, іргелі ел, дербес мемлекет екенімізді әлемге жария қылған Тәуелсіздігіміздің ордалы 30 жылдығы. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен Тәуелсіздіктің отыз жылдығында мақтанышпен айтатын тарихи оқиғалар жеткілікті. Ең алдымен, тәуелсіз елдің барлық атрибуттары – ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және биліктің бүкіл тармақтарының өзара әрекет ету жүйесі бар ұлттық мемлекеттілік қалыптасты. Сөз бен баспасөз бостандығы, сайлау мен сайлану құқығы, партиялар мен қоғамдық бірлестіктер құру құқығы, дін бостандығы сияқты азаматтық қоғамның мызғымас құндылықтары конституциялық нормаға айналды. Ендігі жерде жеңістерімізді бағалап, кемшін тұстарды түгелдеп, жас ұрпақтың санасына Қазақстан Республикасының тарихи шежіресін, тәуелсіздік тағылымын мықтап ұялатуымыз керек. Еліміздің шын отаншылдарын, мемлекетшілдерін тәрбиелеуіміз қажет. Ол үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуымыз керек», – деп атап өтті Гүлжан Дәулетбекқызы өз баяндамасында. Сонымен қатар жиында қазақ мәдениетін жаңғыртуға үлкен үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, тарихшы, академик Өзбекәлі Жәнібековтің мерейтойы да Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі және дәл бүгінгі күні бұл қос мерекенің қарашаңырақта атап өтілуінің ерекше мәні бар екені аталды. Одан соң Қазақстанның Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушыларға арнаған құттықтау хаты оқылды. Түркия Республикасы Гази университетінің ректоры Мұса Йылдыз, Өзбекстан Республикасы Алишер Науаи атындағы университеттің ректоры Шухрат Сирожиддинов және Қ.Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің бірінші вице-президенті Женгиз Томар осынау жиынға тікелей эфир арқылы байланысқа шығып, тақырыптың өзектілігін, өтіп жатқан конференияның жас ұрпаққа берері мол екенін атап өтті. Пленарлық мәжілісте тарихшылар Хангелды Әбжанов, Берекет Кәрібаев, Осман Йорулмаз, Дина Аманжолова тағы басқа ғалымдар еліміз Тәуелсіздік алған 30 жыл ішіндегі жеткен жетістіктері мен даму жолдарын айшықтаса, филолог Құлбек Ергөбек мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің азаматтық, қайраткерлік болмысын, ұлттық құндылықтар мен мәдениет, өнер саласының жаңғыруына қосқан сүбелі істерін саралады. «Қазақстан азаматтарының бәрі бірдей тарихшы болуы міндетті емес. Бірақ елі мен жерінің, халқы мен тұлғаларының тағдыр-тарихынан кем дегенде мектеп бағдарламасы деңгейінде хабардар болуы – әркімнің перзенттік парызы», – деді профессор Хангелді Махмұтұлы. Ал М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ақмарал Ибраева Қызылжар өңіріндегі Алаш қайраткерлерінің Тәуелсіздік жолындағы күресіне тоқталды. Жалпы, 4 секциядан тұратын мәжілісте ғалымдар тақырып аясында тың тақырыптармен бөлісті.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы