Полиция лейтенанты Болат Жанбота былтыр ішімдік ішіп алып, көлік тізгіндеген өзіндік қауіпсіздік қызметкерін ұстаған, – деп хабарлайды КТК.
Бірақ қызметін қалтқысыз орындаған инспектор көп ұзамай қудалауға ұшыраған. Оны «Ішкі істер органдарының абыройына нұқсан келтірді» деген желеумен жұмыстан босатқан. Жұмыстан кетуге себеп болған оқиға былтыр желтоқсан айында болған. Аға инспектор Болат Жанбота қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушіні тоқтатпақ болған. Алайда жүгенсіз жүргізуші қаша жөнелген. Оны бірнеше экипаж қуып жүріп ұстаған. Сөйтсе, тізгіндегі жүргізуші мас болған. Оны сараптамаға апарғанда Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметкері екенін білген. «Кім болса да хаттама толтырамын» деген лейтенанттың басы содан бері бәлеге қалыпты.Болат Жанбота: «Тексеру барысында жүргізуші Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке қауіпсіздікті басқару қызметкері болып шығады. Сол бойынша біз баяндадық басшылыққа. Кезекші жеке қауіпсіздікті басқару қызметкерін шақыртып, сол уақытта баспасөз қызметі келеді. ЖҚБ басшы құрамы менен түсініктеме бер дейді. Не бойынша, не түсініктеме деп айтсам, бұлар айтады, сені қорғау мақсатында, қазір ол қызметкер саған қарсы арызданады. Мен оларға сол себептен, сене отырып айтқанындай, жазып берем, баспасөз қызметін шақырдым деп жазып беремін», – дейді.Алайда, ертесіне Болаттың ісін Полиция департаментінің тәртіптік кеңесі қарап, «Ішкі істер министрлігінің абыройына нұқсан келтірді» деген желеумен жұмыстан қуған. Екі жыл қызметінде «сөгіс түгілі, ескерту алмадым» деген экс-полицей бұған дейін де бір әріптесін ұстатып жіберіпті. Яғни өзінен ақша бопсалаған тағы бір өзіндік қауіпсіздік қызметкерін жемқорлыққа қарсы күрес мамандарына ұстап берген. «Осындай әділдігім үшін басшыларға жақпай қалдым» деген экс-полицей ішкі істер жүйесінде былық көп дейді. Болат Жанбота: «Сонда полиция қызметкерлері қарапайым халықты жазамыз, ал заңда жүрген мемлекет қызметкерлеріне заң жоқ па, сонда? Оларға арыз рәсімдей алмаймыз ба? Президент Жарлығы бар, өзі айтқан сөздерінде «рөлге отырған мас жүргізуші – адам өлтіруші» деп айтылады», – дейді. Телеарнаның мәліметінше, шындық іздеп шырылдаған азамат Шымкент қалалық Полиция департаментіне барған. Мас полицейді ұстағаны үшін Болат Жанботаны жұмыстан қуған тәртіптік кеңестің төрағасы да ләм-мим деп ештеңе айтпады. Себебі, өзіндік қауіпсіздік басқармасы тікелей министрлікке бағынады дейді. Министрлік экс-полицейдің ісін сот қарады деп, Шымкенттегі әл-Фараби аудандық сотына сілтеді. Ал шешім шығарған аудандық судья уақыты жоқ екенін айтып жауаптан ол да жалтарды.
Сондықтан 11 ай бойы Шымкенттегі құзырлы орындарды аралап шаршаған экс-полицей өз ісін қайта қарауын сұрап, Ішкі істер министрінен бастап, Жоғары сотқа дейін шағымданбақ.