Данияр Елеусіновтің қарсыласы белгілі болды
Данияр Елеусіновтің қарсыласы белгілі болды

Олимпиада чемпионы кезекті айқасында «Crazy» (есі ауысқан, ессіз, құтырған) лақап атымен белгілі 33 жастағы мексикалық Данте Хардонмен жұдырықтасады.

Алдағы кездесу мексикалық боксшы үшін биылдыққа үшінші жекпе-жек болады. Мұның алдындағы екеуін де ол нокаутпен жеңген. Кейінгі айқасында Данте IBO ұйымының құрлықтық титулын жеңіп алды. Сонымен қатар мексикалық сайыпқыран спорттық мансабында WBC Youth (әлемнің жас чемпионы), WBC Continental Americas, WBC International және WBO Latino титулдарын иеленген. Ал 2013 жылы ол екінші жартылай жеңіл салмақта WBC белбеуі үшін Жапонияда жұдырықтасып, Такаси Миуреден жеңілді. Жалпы Хардонның еншісінде 34 жеңіс (25 нокаут) және 7 жеңіліс бар. Ал Данияр 10 мәрте жеңіске жетіп, оның алтауын нокаутпен аяқтаған. Жартылай орта дивизион рейтингінде Елеусінов 32-орында, ал қарсыласы 88-орында тұр.

Айта кетейік, қос боксшы арасындағы айқас 18 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Боксшылар IBO нұсқасы бойынша жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін қолғап түйістіреді. Осы кештің андеркартында ауыр салмақтағы Иван Дычко ресейлік Александр Устиновпен жекпе-жек өткізеді.