Елордада инкассатор ішінде ақша бар кассетаны терминал жанында қалдырып кеткен, деп хабарлайды қалалық Полиция департаменті. Сағат шамамен 09:40-та «Шапағат» сауда үйінің жанынан өтіп бара жатқан қала тұрғыны көше бойындағы «РТВМ терминалының» жанында жатқан пластмасса кейсті байқаған. Ол бірден 102 операторына қоңырау шалып, оқиға орнына полиция қызметкерлері жеткен.
«Ішінде 290 мың теңге ақша қаражаты бар кассетаны «City Transportation Systems» ЖШС-нің қызметкері алаңғасарлығынан ұмытып кеткен. Табылған зат полицияға жеткізіліп, кейінірек көлік компаниясына табысталды. Елорда Полиция департаментінің басшылығы қала тұрғынына адалдығы әрі белсенді азаматтық ұстанымы үшін ризашылық білдірді», - делінген ведомство ақпаратында.