Премьер-министр Асқар Мамин «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында "Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір" атты партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы туралы есеп берді. Үкімет басшысы өз баяндамасында білім беру саласындағы жетістіктермен де бөлісті. Нақтырақ айтқанда, биыл 4 530 мектепте (немесе мектептердің жалпы санының 65%-ында) балаларды жан-жақты дамыту бағдарламасы енгізілді. Жыл басынан бері балабақшаларда 33,5 мың жаңа орын ашылып, нәтижесінде 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 99,1% құрады. Бұдан бөлек, білім беру саласындағы мамандардың жалақысы өсті.
«Педагогтердің лауазымдық жалақысы орта есеппен 25%-ға артты. ЖОО студенттеріне стипендия 20%-ға көбейсе, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15%-ға өсті. Сонымен қатар, жоғары білім алу үшін гранттар саны 10%-ға немесе 5000 грантқа артты», - деді Асқар Мамин.