Шымкентте жел үп етсе, жарық жалп етеді
Шымкентте жел үп етсе,  жарық жалп етеді
Шымкент қаласы мен Түркістан облысының аудандарында кейінгі жылдары жел үп етсе, жарық жалп ететін жағдай тұрғындардың ашу-ызасын туғызып келеді. Жиі-жиі болатын мұндай жағдай халықтың әбден жүйкесіне тиіп бітті. Биліктің құрғақ уәдесінен шаршаған тұр­ғындар шықпа жаным шықпамен әрең шыдап жүр. Жаңбыр жауып, жел тұрса, әлеуметтік желіде Шымкент қаласы мен Түркістан тұрғындарының жанай­қайын көресіз. Энергетиктер күз басталмай жатып сөнген жарықты қысқа дайын­дық деп алдаусыратады. Ал күз түсіп, жел тұрғанда үзілген электр желілерін табиғаттың тосын мінезінен, барлық бригада күні-түні жұмыс істеп жатыр деп сабырға шақырады. Әйтеуір бітпейтін сылтау. Әсіресе, жылуды электр энергиясы арқылы алатын тұрғын­дардың күні қараң. Мұздай үй, қараңғы бөлме елестетіп көре беріңіз... Шымкент қаласы тұрғындарының жанына батып жүрген бүгінгі проблемасын Instagram әлеуметтік желісіндегі қала әкімі Мұрат Әйтеновтің ресми парақшасынан анық аңғаруға болады. Парақшаны қарап отырып, қала басшысының мегаполисте атқарылып жатқан жұмыстарды жария­лауға да қызығушылығы қашып кететін шығар деп ойлайсыз. Себебі әрбір жазбасына толассыз теріс пікірлер жазылып жатады. Мақтаушылардан гөрі даттаушылар көп. Тіпті, 90 пайызы сын десек те болады. Әрине, жұрт жанына батқан соң жазады. Оның басым бөлігі – табиғи газ, жол, жарық және кедір-бұдыр жолдар мен қоғамдық көліктің ретсіздігі. Айналып келгенде, Шымкент тұрғындарын зәулім сарайларыңыз да, инвесторлар да, әлеуметтік қолдау да қызықтырып тұрған жоқ. Инфрақұрылым мәселесі басты проблемаға айналып отыр. Маржан Икрамова есімді қала тұрғыны: «Үкіметтен ақша, нан, үй берші деп сұрап отырған жоқпыз. ХХІ ғасыр дейміз, халықты кім тыңдайды? Үнемі өше беретін жарықтан шаршадық. Газға рұқсат жоқ, үйімізге кіре алмай отырмыз» деп ренішін қалдырыпты қала әкімінің бір жазбасының астына. Одан бөлек, Забадам елді мекенінде тұратын Абзал есімді оқырман билікке жалған ақпарат бере бермей, асфальттың, электр бағаналарының қашан ауысатынына нақты жауап күтеді. Асар-2 шағын ­ауданының тұрғындары қар жауып, күн суытса да, үйлеріне әлі жылу қосылмағанын, салдарынан балаларының ауырып жатқа­нын айтады. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы үнемі тұрғын­дарды сабырға шақырып, «қолайсыздық­тарға түсіністікпен қараңыздар» деуден жалықпайды. Мәселен, 17 қараша күні ауа райының қолайсыздығынан қала аума­ғын­да 26 шағынауданда электр қуаты апатты жағдайда өшкен. «Оңтүс­тікЖарықТранзит» ЖШС және «ҚуатЖылуОрталық-3» МКК тарапынан 16 авариялық бригада, 11 техника жұмыл­дырылғанын хабарлаған. Алай­да мұндай хабарламалардан мезі бол­ған халық қалай қыс басталады, солай жылудың қуаты төмендеп, жарықтың да мәселесі басталады деп ашынады. «Қайт­пас-1» елді мекен тұрғыны электр желі­лерінің ауыстырыл­ғанын энергетик­тер­дің енді тас жауса өшпейді деп кеткен электр энергиясының тал қимылдаса да жалп ете қалып жатқанын айтып ашыныпты. «Жөндеу жұмыстарының сапасы мен «ұрлықтарыңыз» үшін рақмет» деп мыс­қыл­дапты тұрғындар. Тұран шағын­ауданы­нда 5-6 жылдан бері сол проблема. Келгенбаев есімді оқырман қар, жаңбыр жауса болды, жарық өшетінін еске салыпты. «Екі күннен бері жарықсыз отырмыз, балаларымыз жаурап отыр» дейді әкімдік­тен сәуле күткен тұрғындар. Тағы бір оқырман «қалаға камераны толтырып қоя бермей жарықты реттемейсіздер ме?» деп жанына батқан мәселесін жеткізіпті. Бұл пікірдің жаны бар екенін оқырмандардың көпшілігі қолдаған. Жалпы, оқырмандардың сөзінің жаны бар. Шымкентке қалай қар келеді, солай проблема басталады. «Бұл бірінші мәрте емес, жөндеу жүргізіліп жатыр деген­деріңізге 5-6 жыл болды ғой. Бір қыстан шыға алатындай жөндеу жүргізуге болмай ма? Сіздер халықтың төзімімен ойнап жүрсіздер» деп ашыныпты тағы бір оқырман. Әсіресе, Нұртас, Нұрсәт, Жібек Жолы, Бадам-1, Тұран, Асар-2, Қазығұрт және Тассай шағынаудандары тұрғын­дарының жанайқайы көбірек шығып жатады. Тіпті, бүгінде әбден жарық пен жылудың мәселесінен шаршаған халық үйлерін сатуға қойыпты. Сабыр етіп, шаршадық дейді олар. Иә, қала шетінде шалғайда орналасқан бірқатар ауылдардағы жеке тұрғын үйлер электр энергиясын жекеменшік мекемелерге қосылғаны салдарынан жарық жиі өшіп қалады дейтін. Алайда бүгінде көп қабатты үйлер жиі жарықсыз қалады. Бір қызығы, көпқабатты үйлердің тұрғындары жарық беретін мекемеге хабарласқанда трансформаторға мысық түсіп кетіпті деген жауапты жиі естиді. Күлкілі болса да, шын жауап. Түркістан облысының орталығы мен ауылдарында да осы жағдай. Ауа райы қолайсыз болған күндері Facebook әлеу­меттік желісінде жарық жоқ деп шулап жатады. Алайда бір қызығы ауыл тұрғын­дары Instagram әлеуметтік желісін аз көре ме әлде шынында облыс әкіміне риза ма, Өмірзақ Шөкеевтің ресми парақша­сындағы жазбалардан теріс пікірлерді онша кезіктірмейсіз. Арагідік кездесіп қалмаса, проблема айтып жатқан жан аз. Әлде ауыл тұрғындары көнбіс пе екен? Бірақ 2 миллионнан аса тұрғыны бар Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің оқырманы 3 675, ал 1 миллионнан енді асқан тұрғыны бар Шымкент қаласының әкімі М. Әйтен­овтің оқырманы 72 мыңнан асады. Шымкент пен Түркістан облысының энергетиктері өңірге шамамен 70 МВт электр қуаты жетіспейтінін айтады. Мегаполиске 315 МВт электр қуаты қажет. Жылыту маусымында ол 375 МВт-қа дейін көтеріледі екен. Тұтынылатын электр энер­­гиясының 80 пайыздан астамы еліміз­дің басқа өңірлерінен келетінін ескерсек, энергия тапшылығының бола беретіні айтпаса да түсінікті. Мәселен, Шымкент бірнеше энергия көздеріне қосылған. Дәстүрлі түрде қалаға Шымкент ЖЭО-3-тен 40–121 МВт, Шардара СЭС-інен 50 МВт, Жамбыл ГРЭС-тен 40 МВт, ал қалған көлем Екібастұз ГРЭС-тен келеді екен. Екібастұз ГРЭС де жөндеу жұмыстарына байланысты жеткізуді екі есе қысқартқан. Қараша айында Түркістан облысының электр желілерінде де электр қуатының тапшылығы күрт ушығып кетті. Түркістан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Асхат Бердіханов жағдайды KEGOC АҚ «Солтүстік-Оңтүстік» желісі бойынша генерацияланатын қуаттардың тапшылығын және транзиттің шамадан тыс жүктелуін болдырмау үшін жеткізуді мәжбүрлі түрде шектегенімен түсіндірді. Одан бөлек басқарма басшысының орынбасары Энергетика министрлігінің мәліметінше, осы жылдың қараша-желтоқсан айларында еліміздің Бірыңғай энергетикалық жүйе­сінде электр энергиясы тапшылығы болатынын атап өтті. Демек, шымкенттіктер секілді Түркіс­тан облысының тұрғындары да шыдам­ды­лық танытып, әлі талай болатын жарықтың өшуін сабырмен күтіп алуына тура келіп тұр. Шымкенттік билік электр қуатының шектен тыс бөлігін тау-кен өндіруші компанияларға кетіп жатыр деген жорамал айтады. Дегенмен Шымкентте 81 елді мекеннің 16-сы жарықты жекеменшік жүйеден алады екен. Биыл электрмен қамту үшін 11,4 млрд теңгеге 4 қосалқы станса мен 16 елді мекенде ішкі жүйелерінің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін Ақжар, Жалын, Достық, Ынтымақ, Айкөл, Игілік және Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабында құрылыс аяқталып, 21 мыңнан аса халық сапалы электрмен қамтылмақ. Ендеше, осынау қаржы өз мақсатына толық жұмсалып, аз ғана халықтың көз жасын сүртуге жараса болар еді дейміз. Ал қаланың даму жоспарына сәйкес 2021-2025 жылдар аралығында 6 қосалқы стансаны пайдалануға беру жоспарланып тұр. Шаһарда 2023 жылы Қызылсу 220кВ және ВЛ 220 кВ қосалқы стансасының құрылысы басталса, 2024 жылы Оңтүстік 220кВ, Тұран 110кВ, Ипподром 110кВ, Шымсити 110к стансаларының құрылысы жүргізіледі. Аталған жұмыстар жүзеге асырылғанда 2025 жылы қалада сапалы электрмен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек, – дейді қала әкімдігінің ресми өкілі. Ендеше, осынау даму жоспары ертегіге айналмай, ертерек іске асса екен...

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы