Шавкат гайаналық қарсыласын жеңе ала ма?
Шавкат гайаналық қарсыласын жеңе ала ма?
156
оқылды
Аралас жекпе-жек әлеміндегі беделді ұйымдардың бірі UFC-де өнер көрсетіп жүрген қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов келесі кездесуін алдағы жылдың ақпан айында гайана­лық Карлстон Харриске қарсы өткізеді. Отандасымыз Instagram-дағы жеке парақ­шасында жекпе-жек өтетін күнді жариялады. «Ассаламуағалейкүм! Бұйыртса 2022 жылдың 5-ақпанына келісімшартқа қол қойылды», – деп жазды спортшы. UFC ұйымында Шавкат Рахмоновпен кездесу өткізу үшін келісімшартқа қол қойған Харрис те «5 ақпан күні қазақстандық спорт­шы­ға қарсы жекпе-жектің келісімшартына қол қойғанымды қуана хабарлаймын. Шавкат Рахмонов, бастайық», – деді әлеуметтік желідегі жазбасында. Алайда қос мықтының айқасы өтетін жер әлі нақтыланған жоқ. Бірақ Sherdog ақпараты бойынша, 5 ақпан күні Лас-Вегас (Невада штаты, АҚШ) қаласында UFC Fight Night турнирі өтпекші екен. Екі қарсылас сол кеште жолығуы мүмкін. Қазір көптеген БАҚ өкілдері осы бәсеке туралы жарыса жазып жатыр. Осы орайда қазақстандық оғланның UFC-дегі үшінші қарсыласы жайында аз-кем зерттеу жүргізіп көрдік. Карлстон Харрис 1987 жылдың 9 шілдесінде Оңтүстік Америка құрлығының солтүстік-шығысында орналасқан Гайана деп аталатын шағын ғана елде жарық дүние есігін ашқан. Жастайынан аралас жекпе-жекпен айналыс­қан оның кәсіпқойлар арасындағы алғашқы қадамы аса сәтті бола қоймады. Бастапқы үш кездесудің екеуінде Карлстон жеңіліске ұшырады. Атап айтсақ, 2011 жылдың қоңыр күзінде бразилиялық Чристиано Маркеске, 2012 жылдың көктемінде Фернандо Бруноға ұпай санымен есе жіберді. Есесіне одан кейін алты бірдей кездесуде қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңіп, көпшіліктің назарын өзіне аударды. Спорттық мансабында Харрис 21 рет октагонға шығып, 17 мәрте үздік деп танылды. Тоғыз бәсекені уақытынан бұрын аяқтады. Төрт жеңілістің үшеуінде ұпай санымен жеңіліп, бір рет техникалық нокаут алды. Әу баста түрлі промоушенде төбе көрсеткен ол биылдан бастап UFC-де бағын сынауға мүмкіндік алды. Екі айқасының екеуінде де жеңіс тойын тойлады. Гайаналық спортшы 8 мамырда америкалық Кристиан Агилераны қылқындыру әдісімен қапы қалдырса, 18 қыркүйекте АҚШ-тың тағы бір өкілі Импа Касанганайды есінен тандырды. Бұл жекпе-жектің екеуі де алғашқы раундта аяқталды. Ал Шавқат Рахмоновтың аралас жекпе-жектегі жүріп өткен жолы жанкүйерлерге жақсы таныс. 27 жастағы қандасымыз 2014 жылдан бері осы спорт түрін жанына серік етіп келеді. Сол аралықта 14 рет төбелес алаңына шығып, барлық бәсекені мерзімінен ерте аяқтады. Кезінде ол М-1 Global нұсқасы бойынша чемпиондық атақты иеленсе, соңғы екі жекпе-жегін UFC-де өткізіп, екі ретінде де қарсыластарын күмәнсіз жеңді. Алдымен ол Алекс Олейвейрадан басым түссе, кейін бразилиялық Мишель Празерестен айласын асырды. Рахмонов үшін алдағы айқас UFC ұйымындағы үшінші кездесу болмақ. UFC-де Ресей атынан өнер көрсетіп жүрген этникалық қазақ Дамир Исмағұлов та бір сөзінде Шавкаттың бұл ұйымдағы жетістіктері мен жеңістерін жоғары бағалап, оның қазір нағыз бабында екенін айтқан болатын. Рахмоновтың мықтылығы мен қарсыласы туралы бірер ауыз пікір білдірген Naiza про­моушеннің президенті Нұрбек Қарабала да қазақстандық файтердің жеңісіне еш күмән келтірмейтінін айтты.
– Карлстонның 17 жеңісі, 4 жеңілісі бар. Екеуінің арасындағы айырмашылық – біздің отандасымыз жеңіліссіз келеді. Қаталеспесем, ол 14 кездесудің барлығын уақытынан бұрын аяқтады. Гайаналық спортшының жасы Шавкаттан сәл үлкендеу. Тәжірибе жағынан алғанда да қарсыласта аз ғана басымдық бар шығар. Бірақ деңгейлері бірдей. Меніңше, бұл жекпе-жекте Рахмонов жеңуі тиіс. Харристің бразилиялық джиу-джитсумен айналысқанын ескерсек, қарсыласы қазақстандық файтерге басқа қарсыластарына қарғанда біраз қиын­дық келтіруі мүмкін. Алайда Шавкат шеберлігі мен мықтылығының арқасында қарсыласынан басым түседі, – дейді Нұрбек Қарабала.
Маңызды кездесу алдында Шавкаттың бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Баян Жанғаловқа хабарласып, аталған маманның гайаналық Карлстон Харрис туралы пікірін білдік.
– Ол тәжірибелі, тісқаққан спортшы. Осыған дейін әртүрлі ұйымда бақ сынады. Сондықтан оған қарсыластары үлкен құрметпен қарайды. Бокс, кикбоксинг секілді спорт түрлерін жетік меңгерген. Соққысы да мығым, жойқын. Ашық ұрысқа бейім файтер. Барлық жекпе-жегінде бірінші нөмірмен айқасуға тырысады. Кездесу алдында оған қарсы қолданатын бірқатар қарымта шабуылды да дайындап жатырмыз. Жалпы алғанда, екеуі де UFC-дің мықты жауынгерлері. Бұл ұйымда әлсіз қарсылас болмайды. Сондықтан алдағы айқаста қос файтерден тартысқа толы жекпе-жек күтеміз, – дейді Баян Маратұлы.
Спорт мамандарының сөзінен байқа­ғанымыз­дай, Шавкаттың қарсыласы осал файтер санатынан емес. UFC-де жеңіліссіз сериясын жалғастыруды мақсат тұтатқан үздік спортшы. Сондықтан отандасымыз үшін бұл жекпе-жек үлкен сынақ болғалы тұр. Бірақ біз өз оғланымыздың жеңісіне сенеміз!