Тәуелсіздік жылдарында 56 мектеп салынды

Тәуелсіздік жылдарында 56 мектеп салынды

Тәуелсіздік жылдарында Қарағанды облысы бойынша 56 мектеп салынды. Қазір жалпы 499 оқу ордасы бар. Олар­дың арасында Қазақстанның тәуелсіз­дігімен бірге 30 жылдық мерейтойын атап өтетін мектептер де бар. Мағжан Жұмабаев атындағы гимназия тәуелсіздікпен түйдей құрдас. Ол Қазақстан бойынша 100 үздік мектеп қатарына кіреді. Оқу ордасы 1991 жылы ашылды және 30 жылдан бері елімізбен бірге өсіп келеді. Білімді түлектерімен мектептің атағы алысқа тарады. Жыл сайын олардың жартысына жуығы жоғарғы оқу орындарының гранттарына ие болады.

– Біздің мұғалімдер әр оқушы үшін аянбай еңбек етеді және ата-аналармен тығыз жұмыс істейді. «Гимназия – отбасы – бала» қағидатын негізге алып, педагогтер бала бойындағы отбасылық құндылықтарды дамытуға, олар­дың көшбасшылық қасиеттерді және белсенді азаматтық ұстанымдарын қалыптастыруға тәрбиелейді, – деді мектептің бұрынғы түлегі, қазіргі ата-ана Досжан Уақасов.
Мерейтой қарсаңында гимназияда мұра­жай, Тәуелсіздік залы және MAGJAN медиа­орталығы ашылды. Гимназия оқушыларының өз телестудиясы, YouTube арнасы және журналы бар. Сондай-ақ Қарағандыда №101 мектеп-лицейі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылы ашылды. Бастапқыда мектеп жараты­лыстану-математикалық және мәдени-ком­мер­циялық бағыттағы «Аян» шынайы мектебі деп аталды. Лицей елімізде алғашқылардың бірі болып 12 жылдық оқытуды енгізу бойынша тәжірибеге қатысты. 2013 жылы бұл мектеп Георгий Рудик басқарған «ХХІ ғасыр педагогикасы» республикалық жобасына кірді. Оның тәжірибесі білім берудің жаңартылған мазмұнын енгізу кезінде жүзеге асты.
– 2017 жылдан бастап мектеп робототехникамен, авиамодельдеумен ұсынылған инженерлік-техникалық бағыт бойынша белсенді дамып келеді. 2 жыл ішінде «Болашақ инженерлері» жобасына қатысқан оқушылар 3D модельдеу, робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар бойынша облыстық, республикалық және халықаралы конкурстардың жүлдегерлері болды, – деді мектеп-лицей директорының орынбасары Елена Привалова.
Бүгінде №101 мектеп-лицейі Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың физика-техникалық факультетімен тығыз байланыста. Мектепте медиаорталық және мұражай жұмыс істейді. «Аян» оқушылардың ғылыми қоғамы пәндік олимпиадаларға қатысатындарды және жобалық жұмыстармен айналысатындарды біріктіреді. Тәуелсіздіктен бір жыл бұрын ашылған №23 мектеп өткен жылы өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл білім ордасы 32 үйірмесімен танымал. Сондай-ақ оның 10 спорт секциясы болашақ чемпиондарды тәрбиелейді.
– Мен жылдар бойы осы мектепте жұмыс істеймін. Оның іргетасын қалауға көмектестім, құрылысына қатыстым. Тәуелсіздік жылдарында біздің мектеп жаңаша кейіпке енді. Мектепте жабдықталған 44 оқу кабинеті жұмыс істейді, – дейді денешынықтыру пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші және Білім беру ісінің үздігі Владимир Александров.
Облыстағы оқу орындарының саны жыл санап артып келеді. Оның ішінде мектеп қана емес, қосымша білім беру ұйымдары мен заманауи үлгіде салынған оқушылар сарайы да бар. Олардың жалпы саны – 51. Жаңа білім ордасына деген сұраныс жыл сайын өсіп келеді. Қазір өңірде төрт мектеп салынып жатыр.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы