Орманшының арызын кім тыңдайды?

Орманшының арызын кім тыңдайды?

Сұрақты осылай төтесінен қоятын кез әлдеқашан жеткен секілді. Себебі табиғат жанашырларына әлі күнге дейін лайық деңгейде көңіл бөлінбей келеді. Оларды толғандыратын ең үлкен мәселе – айлықтарының шай­лықтарына жетпеуі. Бұған кадр тапшылығы мен материалдық-техникалық базаның төмендігін қосыңыз. Қысқасы, бұл салада түйіні тарқамаған, қордаланған мәселе көп. Рет-ретімен баяндап көрелік.

Жас маманның жалақысы – 60 мың

«Бүгінде ең төменгі жалақы ауыл шаруа­шылығы, балық және орман шаруа­шылығында тіркелген. Мұны статистика да растайды. Яғни, орманшылардың жалақысы 30-40 мың теңге шамасында. Мәселен, ұлттық парк директоры небәрі 80 мың теңге алады. Ал қарап отырсаңыз, оның қарауында 1 000 гектарға жуық аумақ бар. Осыған байланысты биыл қабылданған заңға Ұлттық парк қызметкерлерінің, орманды қорғау мекемелері жұмысшы­ларының жалақысын 25 пайызға көтеру нормасын енгіздік. Бұл норма 2019 жылдан бастап күшіне енеді». Осыдан 4 жыл бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Үстеміров осылай деген еді. Содан бері не өзгерді? Өңірдің орман шаруашылығы саласында жұмыс істейтін мамандармен сөйлескенімізде 2019 жылдан бастап жоғарыда аталған 25 пайыздық үстеме ауылды жерде еңбек ететін қызметкерлерге қосылғанын растады. Алайда бұдан көп ештеңе өзгермеген тәрізді. Себебі қазір орманшылар еңбек өтілі мен біліктілігіне қарай 60-90 мың теңге аралығында жалақы алады. Ал еңбек өтілі, жұмыс тәжірибесі жоқ жас мамандардың айлығы 60 мың теңгеден басталатын көрінеді. «Әсіресе, Марқакөл, Зайсан сияқты облыс орта­лығынан шалғайда орналасқан орман шаруашылықтарында маман жетіспейді. 60-70 мың теңге айлыққа кім барады? Ешкім де бармайды. Университетті бітірген жас мамандармен сөйлескенімізде «алатынымыз – 60 мың, оның үстіне жердің түбіне барып, пәтер жалдасақ, қайтіп өмір сүреміз?», – дейді. Біраз жас маманмен сөйлестік. Ешқайсысы барғысы келмейді. Жалақының аздығы өз алдына, жергілікті жерде жас мамандарды баспанамен қамту да басты мәселе болып тұр. «Дипломмен – ауылға!» сияқты мемлекеттік бағдарламаға орманшыларды да енгізсе жақсы болар еді. Бұл мәселе көптен бері көтеріліп жүргенімен, әлі күнге шешімін таппай келеді», – дейді облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Дәурен Асылханов. Облыстық басқармаға тікелей бағы­натын өңірдегі орман шаруашылықтарында да, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарайтын ұлттық парктердегі ортақ мәселе – осы. Құрылғанына үш жыл болған Үржар ауданындағы «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылым, ақпарат және экологиялық мониторинг бөлімінің басшысы Жаңылхан Әлімсейітованың айтуынша, бүгінде жоғары білімді орманшылар жоқтың қасы. «Қазір бірнеше инспекторымыз сырттай оқып жүр. Алды енді диплом алады. Кадр тапшы. Адам тұрақ­тамайды. Неліктен? Өйткені жұмыс ауыр. Әсіресе, жаз кезінде сенбі, жексенбі, яғни демалыс деген болмайды. Өйткені туристер келеді, оларды қарау керек. Өртің бар. Қыста да солай. Қар қалың­даған кезде браконьерлер де көбей­еді», – дейді ол. Орман шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген көптеген адамды толған­дыратын, барлығы білетін, бірақ білсе де айта алмай, іштен тынып жүрген тағы бір өзекті мәселе – далалық ас-ауқат (полевое довольствие) төлемі. «Далалық ас-ауқат мүлде төленбейді. Бұл заңда қарастырыл­маған. Яғни, орманшы кезекшілікке шығып, тау-таста жүргенде күнделікті тамағына ақша берілмейді. Таңертең кетеді, кешке келеді. Бір қарағанда білінбегенімен, күніне 2 мыңның ар жақ-бер жағында ақша жұмсалып кетеді. Қазіргідей қымбатшылық заманда мұның оңайға соқпайтыны айтпаса да түсінікті шығар. Мұны бір деңіз. Екіншіден, орманшылар көлікпен жүретін болса, жанар-жағармайға мемлекеттен ақша бөлінбейді. Өз қалта­ларынан төлейді. Осыны біз айта алмаймыз. Жұмысымызға зияны тие ме деп қорқамыз», – дейді өзінің аты-жөнін көрсетпеуді өтінген орманшының бірі.

Тәуелсіздікпен құрдас техникалар әлі де бар

Иә, кейбір орман шаруашылықтарында еліміздің тәуелсіздігімен түйдей құрдас техникалар да бар. Мәселен, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Өске­мен» орман шаруашылығында ұзын саны 31 техника болса, соның ішінде сонау 1991, 1992 жылдары, тіпті 1989 жылы шыққан Газ 66 секілді көліктер пайдалану мерзімі 31 жылға жуықтаса да әлі саптан шықпай жүрген көрінеді. «Пайдалану мерзімі 10 жылдан асып кеткен техникалар аз емес. Көліктердің ең ескісі 1989 жылғы болса, ең жаңасы 2017 жылы шыққан. Дегенмен ауызды қу шөппен сүртуге де болмас. Соңғы жылдары техникаларды жаңартуға көңіл бөлінеді», – дейді «Өске­мен» орман шаруашылығының механигі Станислав Непомнящий. Механиктің сөзін басшысы да растады. «Біздің орман шаруашылығында 230 адам жұмыс істейді. Жер аумағының көлемі – 246 511 гектар. Оның 70 пайызын орман құрайды. Төрт ауданда орналасқан бес орманшылығымыз бар. Қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 миллиард дана ағаш көшеттерін отырғызу жөніндегі тапсырмасына орай орман көлемін ұлғай­тып жатырмыз. Шығыс Қазақстанда 5 жыл көлемінде (2021-2025) жалпы ауданы 40,6 мың гектарға 196,8 миллион ағаш көшет­терін егу жоспарланған. Әрине, бұл қосым­ша жұмыс күшін қажет етеді. Білікті кадр ғана емес, жүйткіген заманауи техникалар да бізге керек-ақ» дейді облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Өскемен» орман шаруашылығы дирек­торының орынбасары Рифат Серікбайұлы. Техника демекші, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты 13 орман шаруа­шылығына 9 өрт сөндіру машинасы, 71 трактор, 584 мотоцикл, 428 ат, 14 өртке қарсы қолданатын тракторлы соқа, 19 орман өртіне пайдаланатын фразерлік агрегат пен орман өртіне қарсы жолақ тартушы қажет. Салыстыру үшін келтірейік, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы мамандары 2018 жылы бізге: «Басқармаға қарасты орман шаруашылық­тарына 11 өрт сөндіру машинасы (авто-цистерна), 52 үш тонналық трактор, 6 орман өртін сөндіру тракторы, 20 тұтандыру құрылғысы, 5 мотопомпа, 21 екі дискілі өртке қарсы қолданатын соқа, 18 орман өртін сөндіру агрегаты, 230 өрт сөндіру құрылғысы керек» деген болатын. Одан бері үш жыл өтіпті. Қазіргі жағдай қалай? Облыстық Табиғи ресурстар және таби­ғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Дәурен Асылхановтың айтуынша, соңғы бес жылда өртке қарсы құрал-жабдықтар мен техникаларды сатып алуға облыстық бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініпті. «Келесі жылы өрт сөндіргіш автомашина мен тракторлар алу үшін 245 миллион теңге беріледі. Президенттің 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасын орындау мақсатында әзір­лен­ген кешенді жоспар аясында 2021-2025 жылдары орманды молықтыру жұмыс­тарына облыстық әкімдіктен 3,7 миллиард теңге қаржы қарастырылмақ. Ал 2023 жылдан бастап 26 трактор алу үшін 1 миллиард теңге сомасында ақша бөлу көз­делген», – дейді басқарма өкілі.

Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы