Бұл шешім биліктің тұтастығын көрсетеді
Бұл шешім биліктің тұтастығын көрсетеді
136
оқылды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Төрағасы лауазымын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыруға шешім қабылдады. Осыған байланысты партия Төрағасының Бірінші орын­ба­сары Бауыржан Байбек пікір білдірді. Оның айтуын­ша, төрағалықтың Мемлекет басшысының қолына өтуі – заңдылық. Өйт­кені Қасым-Жомарт Кемелұлы партия құрыл­ған уақыттан бастап оның басы-қа­сында келе жатқанын айтты. «Қасым-Жомарт Кемелұлы «Nur Otan» құрыл­ғаннан бастап оның басы-қасында. Ұзақ уақыт партияның бас­қарушы және маңызды шешімдер қабылдаушы органы – Саяси кеңес бюросының мүшесі болды. 2019 жылы Пре­зидент лауазымына кандидат ретінде осы «Nur Otan»-нан ұсынылды. Соңғы Парламент сайлауында партия Мемлекет басшысы өзі жария еткен сайлауалды бағдарлама­мен айқын жеңіске жетті. Сол берілген уәделерді орын­дау – билеуші партияның қазіргі уақыттағы басты міндеті», – деп атап өтті Бауыржан Байбек. Оның айтуынша, қазір «Nur Otan» қоғамды Прези­дентіміздің Мемлекеттік бағдары төңірегіне топтастыруы қажет. Бұл шешім ел ішіндегі және сыртындағы барлық тараптарға биліктің тұтастығын және оның сабақтастық саясатына толықтай берік екендігін көрсетеді. Қосарланған билік туралы айтылған барлық негізсіз пікірлер мен орынсыз ұйғарымдарды теріске шығаратын қадам. «Елбасының ел үшін және билеуші партия үшін осындай маңызды шешімді Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында қабылдауы үлкен символдық мәнге ие деп білемін», – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Би-Барыс КӨКШЕ