Бірлігімізді паш ететін тарихи қадам
Бірлігімізді паш ететін тарихи қадам
482
оқылды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының Төрағасы өкілеттігін ел Президен­ті Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстау туралы шешім қабылдады. Жарғыға сәйкес, «Nur Otan» Төрағасын лауазымынан босату және жаңа Төра­ғаны сайлау партия Съезінің ерек­ше құзыретіне жатады. Оған дейін Н.Назарбаев партия Төрағасының қызметінде болады. Нұрсұлтан Назарбаевтың төра­ғалығымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген оты­рысы өтті. Бейнеконференция байланысы режимінде ұйым­дастырылған жиынға Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев, ҚР сенаты және Мәжілісі төрағалары, Премьер-Министр мен Үкімет мүше­лері, «Nur Otan» партия­сының Саяси кеңесі мен Бюро мүшелері, Пар­ламент Мәжілі­сіндегі және мәс­лихаттардағы партия фракциясы­ның депутат­тары, өңір басшылары, «Jas Otan» Жастар қанатының көшбас­шылары қатысты. Елбасы 30 жыл ішіндегі елі­міздің даму жетістіктерін еске салып, мұның бәрі бірлесе ат­қар­ған жұмыстың, маңызды мем­ле­кеттік шешімдер мен батыл рефор­малардың жемісі екенін атап өтті.
– Бірізді саяси реформалардың нәтижесінде бүгінде жоғары де­мократиялық стандарттарға сай келетін тиімді көппартиялық жүйе қалыптасты. Биыл тарихымызда алғаш рет заң шығарушы және өкілдік органдарға сайлау пропор­ционалды жүйе бойынша өтті. Сондай-ақ ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі енгізілді. Бұл қадамдардың барлығы партиялар арасында бәсекені күшейтіп, олар­дың жауапкершілігі мен есептілігін арттыра түсті, – деді Тұңғыш Президент.
Елбасы Үкімет басшысы мен Мәжіліс төрағасының баяндама­ларынан соң биліктің атқарушы және заң шығарушы тармағы пар­тияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруда үйлесімді жұмыс іс­те­геніне екпін түсірді. Ол мемле­кет алдында тұрған сын-қатер­лер­ге, партияның келешек стра­тегия­лық мақсаттарына жан-жақты тоқ­талды.
– Қазақстан Тәуелсіздіктің 4-ші онжылдығына қадам басып келеді. Бұл ауқымды өзгерістерге, қиын әрі жауапты шешімдерге толы кезең болары сөзсіз. Пан­демияны тоқ­тату қиынға соғып жатыр. Бүгінде ауқым­ды өзгерістер жүруде. Оған ақ­па­рат­тық техно­логиялар мен жа­­сыл энергетиканың қарқын­ды енгі­зілуі де әсер етті, – деді Елбасы.
Ол адамзат алдында тұрған бірқатар сын-қатерлерге – жаңа пандемияларға қарсы күреске, экологиялық проблемалар мен жаһандық жылынудың теріс әсерінің күшеюіне, әлемдік экономиканың өзгеруіне орай елдердің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне, геосаяси шиеленістің өршуіне, қоғамдық пікір мен құнды­лықтардың күрт өзгеруі салдарынан саяси алауыздықтың белең алатынына назар аудартты.
– Жаһандық тұрақсыздық ұзаққа созылуы мүмкін. Демек, партияның Парламент сайлауындағы «Қиын­дықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» деген ұранының өзектілігі артады. Біз бүкіл қоғамның мүддесін қорғайтын орталықшыл-центристік ұстанымды сақтауымыз қажет. Партияның міндеті – халықты бөліп-жару емес, біріктіру, – деді Н.Назарбаев.
Елбасы партия фракциясы депутаттарының пандемия кезіндегі тиімді жұмысына тоқталып, барша қазақ­стан­дықтың Президенттің бағдарын қолдап, соның аясында жұмылуы маңызды екеніне баса мән берді.
– Мен партиямыздың негізін қалап, оған басшылық еттім. «Nur Otan» партиясын ел Президенті басқаруы, оның саясаты мен стратегиясын өзі айқындап отыруы маңызды екенін жақсы білемін. Бұған дейін де солай болды. Партия Жарғысына сүйене отырып, шешім қабылдауымыз керек. Бұл – біздің бірлігімізді көрсететін қадам! – деді Тұңғыш Президент.
Ол мемлекеттік бағдардың сабақтастығы мен тұрақтылығына негіз болатын партияның ұзақмерзімді көшбасшылығын қамтамасыз ету маңызды екенін нықтады. Ол үшін «Nur Otan» партиясы үнемі жаңғырып отыруға, заман талабына сай, өзгерістерге дайын болуға, халық мүддесін басшылыққа алуға, алдына айқын мақсат қойып, оған жетудің нақты жолдарын табуға, билік органдарының, қоғамдық институттардың тиімді ықпал­дастығын қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ қоғамды партия құндылықтары төңірегіне біріктіруі керек.
– Біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын айтулы жетістік­термен қарсы алып отырмыз. Қуатты елге айналып, бірлігі бекем қоғам құрдық. Отыз жылда 9,5 миллионнан астам сәби дүниеге келді. Бұл – көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жаңа буын. Мемлекеттілікті сақтап, Мәңгілік ел жалпыұлттық идеясын ақиқатқа айналдыру осы ұрпақтың тарихи миссиясы деп санаймын, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Жиында Елбасы жаңа дәуірде қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды.
– Біз Тәуелсіздігімізді нығайтып, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды қолдап, ұлттық мәдениетімізді насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қою арқылы жасампаз ел боламыз, – деп түйді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айхан ШӘРІП