Жақындардың жылуы жетіспейді
Жақындардың жылуы жетіспейді
253
оқылды
Жаратылысынан жүрегі жұмсақ, түн ұйқысын төрт бөлетін ананың балаға деген шексіз махаббатын асқақ қоямыз. Әйткенмен аналардың жүрегіндегі жылулық неге азайып барады? Аналық сезім ада қалып, жүрек неге тасқа айналып кетті? Ана мен баланың құқығы қорғалып, әлеуметтік қолдау жан-жақты жасалып жатқан елде балалар неге өз анасының қолынан қаза табады?

Жүз мыңға жалдамалы пәтерде тұрған

– Бұл бүгін ғана болып жат­қан сұмдық емес. Шарасыздықтан талай ана өз-өзіне қол салды. Жоқ­шылықтан шаршаған, төзімі таусылып, болашақтан үмітін үзген аналар көбейіп кетті. Міне, апта басы Алматыдағы 28 жастағы әйелдің үш баласымен бірге суи­цид жасағаны туралы жаға ұстатар сұмдық оқиғамен басталды. Үш бірдей баласын ешбір тітіркен­бестен, жаны ашымастан оп-оңай өлімге қия салғанын есту қандай ауыр десеңші. Тоғыз қабатты үйден төмен құлдилап келе жатқан ба­ланың жан арпалысын көзге елестету неткен қиын. Алғашында аулада жүрген куәгерлер келін­шекті терезеден қоқыс тастап жатыр ма деп ойлаған. Оқиға куәгерлерінің бірі құлаған үш баланың кішісі ауыр демалып жатқанын, көп ұзамай жан тап­сыр­ғанын айтты. Балаларын биік­тен лақтырып, артынша өзі де терезеден секіріп кеткен әйелдің мұндай қадамға отбасылық жан­жалдан кейін барғанын бұған дейін полиция хабарлаған. Мар­құмның өлер алдында жазған соң­ғы хатында тіршіліктің тауқы­метіне бұдан ары төзуге төзімі қалмағанын жеткізген. Алты жыл­дан бері Алматыда тұрып жат­қан отбасының тұрақты табысы болмаған. Олар «Жетісу» шағы­нау­данындағы бір бөлмелі пәтер­ді айына 100 мың теңгеге жалдап тұрған. Қайтыс болған марқұмның туған-туыстары өмірге құштар қыздарының бұл қадамын түсінбей дал. Оқиғаға тұрмыстағы жанжал себеп болғаны жөнінде тап басып ештеңе айта алмайды. Дегенмен айтуларынша, күйеу­баласы қыз­дарының жақын­дарымен жиі араласуына қарсы болыпты.

Туған баласын тұншықтырып өлтірді

Есте болса, біраз жыл бұрын Алматыда 33 жастағы Жадыра Көкенай кәмелетке толмаған екі баласын 5 қабаттан лақтырып, артынан өзі де секіріп суицид жасамақ болды. 2007 жылғы туған бір баласы сол жерде тіл тартпай кетсе, екінші баласы мен өзі ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Кейін Қылмыстық кодекстегі «екі және одан да көп кәмелетке толмаған адамдарды көрінеу қасақана өлтіруге оқталу және көрінеу дәрменсіз жағдайдағы екі және одан да көп адамдарды және көрінеу кә­мелетке толмағандарды қасақана өлтіру» бабы бойынша айыпталып, сот алдында жауап берді. Тергеу барысында сот-психо­логиялық сараптама сұмдық іске барған әйелдің жүйкесі жұқарғаны, есуастық жағдайға түскенін анықтады. Ал 2015 жы­лы Оңтүстік Қазақстан облысында тағы бір ана өзінің кішкентай екі баласын тұн­шықтырып өлтірді. Сарыағаш қала­сын­дағы сұмдық істі естіген жұрт есінен танды сол кезде. 32 жастағы әйел ешбір тітір­кен­бестен туған қыздарын күйеуінің галс­ту­гымен тұншықтырып өлтірген. Кіші қызы 9-да, ал үлкені 11 жаста болған. Тергеу­ші­лерге берген жауабында екі қызын өлімге қиған Фируза Тулағанова бұл сұмдыққа өмірден түңілген соң бардым депті.

Пышақтап тастамақ болды

Былтыр Қостанай қаласының 26 жас­­­тағы тұрғыны өз балаларын пышақтап, өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Онда да әйел үш жасар қызы мен бір жас, тоғыз ай болған ұлына пышақпен жарақаттаған. Осыдан кейін ол өз-өзіне қол жұм­самақ болған. Абырой болғанда, анасы мен балаларын ақ халаттылар аман алып қал­ды. Осы істе де адам сенгісіз айуандық әре­кетке барған әйел өзіне қол салмай тұ­рып «бәріне құрбым кінәлі» деп хат жа­зып қалдырыпты. Кейін белгілі болғандай, келіншектің күйеуі әйелінің құрбысымен жақын қарым-қатынаста болған. Екі жыл бұрын Орал қаласында жүкті әйел көпірден секірмек болды. Абырой болғанда, суицид жасамақ болған жас по­лиция старшинасы Самат Балданов оны түскі үзіліске кетіп бара жатып, көріп қал­ған. Мұнда да әйелдің әрекеті отбасындағы қиындықтардың салдарынан жасалғаны анықталды. Дәл осындай оқиға елордада да болды биыл. Астаналық полицейлер де өзенге секіріп, суицид жасамақ болған жүкті келіншекті құтқарып қалды. Көк­шетауда да отбасындағы қиыншылықтан төзімі таусылып, шарасыздықтан көпірден секірмек болған келіншек құтқарылды. Таяуда ғана Нұр-Сұлтанда отбасылық жанжалдан соң 21 жастағы келіншек бір жарым жастағы баласымен бірге 12-қа­баттан секіріп кетпек болды. Ал әйелін осындай жағдайға жеткізген ер адамға қолданыстағы заңға сай «жарын бақылауға алу нұсқаулығы» ғана берілді.

Адам құқығы қорғалмаса, өзіне қол салу азаймайды

Құқық қорғау қызметкерлері отба­сында жәбір көретін әйелдердің көбейіп жатқанын жиі айтады. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» демекші, оның сыртында ұрмай-соқпай қаншама әйел күйеуінен психологиялық қорлық пен қысымға ұшырап жатыр. Ал басы жарылып, қолы сынбаса өз бетімен әрекет ете алмайтын учаскелік полиция инспекторлары әр от­басын аңдып отыра алмайтыны тағы бел­гілі. Нұр-Сұлтан қаласы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының әйел­дерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы­ның аға инспекторы, полиция подпол­ковнигі Гүлмира Шрахметова түсіністік орнамаған отбасында талай сұмдық бола беретінін айтады. Мысалы, былтырға қарағанда суицид жасағандар биыл ана­ғұрлым көбейген. «Жақында ғана көпірден секірмек болған аяғы ауыр әйелдің де екі баласы болған. Сол күні жолдасы үйіне кештеу келіп, нәтижесінде аяғы ауыр ке­ліншек көпірден секіріп кеткен. Өз-өзіне қол салған, тұрмыстық зорлық көрген әйел­дер ашыла бермейді, ақтарыла ал­майды. Ары қарай арызданбайды. Мыса­лы, көпірден секірген әйелмен ауруханада жатқанда психолог мамандар, құқық қорғау қызметкерлері жұмыс істеді. Бірақ ауруханадан шыққан соң ешкімді ма­ңа­йына жуытқысы келген жоқ. «Полиция жаныма келмесін, менімен жұмыс істе­месін. Отбасымды бұзбаңыздар» деді. Біз ары қарай ештеңе істей алмаймыз», – дейді Шрахметова.

Жығылған үстіне жұдырық

Аналардың өз-өзіне қол салуына кө­бі­не қо­ғамдағы әділетсіздік, әлеуметтік жоқ­­­шы­лық, отбасылық кикілжің себеп бола­ды. Көбісінің жалға алатын пәтері жа­ла­қысынан қымбат, балалары бірде аш, бір­де тоқ жүрген отбасы болғанын аңғару қиын емес. Пәтерден-пәтерге көшіп, ай­­­лы­ғы шайлығынан артылмай жүргенде жал­­ғыз жарынан жылу сезіне алмай, қо­­ғам­нан оқшауланып төрт қабырғада ба­ла­ла­рымен отырған әйелді жазғырудың өзі қиын. Оның үстіне әлеуметтік желідегі шен­­ді­лердің шылқыған байлықта отырып, көл-көсір өмірін көрсететіндер жоқшы­лықта жүрген жандардың көңіліне кірбің түсіріп, жығылған үстіне жұдырық болады екен. Суицидолог Татьяна Браунның ай­туын­ша, кез келген адам өз өмірін оңай қия салмайды. Кез келген қайғылы оқи­ғаның сыртында сол әрекетке итермелейтін көптеген жайттар бар. «Суицидке бара­тындардың дені шектен тыс эмоциналды, импульсивті, жаратылысы нәзік, көңілге тез алғыш, өкпешіл, болмайтын нәрсені бойына қабылдап алатын, эмоциясын сыртқа шығара алмайтын, басындағы қайғысын айналасындағы адамдармен бөлісе алмайтындар. Өйткені олардың айналасына деген өкпе-реніші бара-бара жараға айналады. Іріңдейді», – дейді психолог әрі суицидолог маман. Ал кейде өзін шектен тыс жақсы көру не болмаса өзіне сенімсіз, сыр сақтағыш, ымырасыз адамдар да өз-өзіне қол салуға бейім келеді екен. Өз бетінше көмек сұрай алмайтын, біреудің көмегін қабылдай алмайтын жан­дар да жақын адамдарымен жиі сөзге ке­леді. Өзімен-өзі болатын ондай адамдар қо­ғамдағы әртүрлі нәрселерді көңіліне ала бастайды. Тұрмыстық жоқшылық пен жал­ғыздық қатар келгенде күйзеліске түсіреді. Өзімен бірге балаларын да өлімге қиған адамдардың бір емес, бірнеше күйзелісі болуы мүмкін. Біріншісі – өмір сүрудің қиындығы. Бірақ өмірдің қиын­дығы адамды өлімге итере салмайды. Ол адамда психологиялық тоқырау болуы мүмкін. Өз-өзіне деген аяушылық, өзіне-өзіне көңілі толмаушылық, еңбек етуге деген құлшыныстың жоқтығы, ашушаң­дық, үнемі біреуді кінәлап жүретін, өзін-өзі сөгетіндер суицид жасайды. Кейбір адамдар «сендер мені әбден шаршат­тың­дар» деп айта алады, ал кейбір адамдар ол сөзді соңғы сәтке дейін ішіне сақтайды. Бұл ауру қылады. Ондай адамдар өзінің сырт келбетіне көңіл толмайды. Өзімен-өзі қалғысы келеді. Көңілсіз музыка тың­дап, қайғылы кино көре бастайды. Бұл адамның күйзеліске түсіргенін көрсететін белгілер. Өкініштісі, айналасындағы адам­дар жақын жанының жылуын сезінбестен өмірден өтіп кетіп жатыр», – дейді Татьяна Браун. Жақыннан жылу болмаған қоғамда жаны жабырқаған жанның әділетсіздік туралы ойлауы түсінікті. Осылай деген суи­цидолог өзіне назар аудартып, рен­жіткен адамдардан кек алу үшін де өзін-өзі өлтіреді дегенді айтады. «Мысалы, адамдар айлықсыз қалады, жалақысы аз, ештеңеге жетпейді не болмаса қарызға әбден бат­қанда шарасыз күйге түседі. Немесе опа­сыздық жасаған күйеуінен осылай өш ал­ғысы келеді. Ал балаларын бірге алып ке­тудің арғы жағында да «өзіне қорған бо­ла алмағандар, балама да қорған бол­майды. Анасы секілді жақсы көріп, ма­хабаттына бөлей алмайды» деген ойда болады», – дейді маман. Алматыда үш бірдей баласын тоғызын­шы қабаттан лақтырып, артынан өзі се­кірген ананың әрекетін әлеумет әртүрлі қабылдады. Бірі әйелдің әрекетін сынаса, енді бірі әйелі мен баласына қор­ған бола алмаған күйеуін, үшіншілері жан­түр­ші­герлік қылмысты жоқшылықтың сал­дарынан іздейді. Жүрек сыздады, көзден еріксіз жас төгілді. Қабырғамыз қайысып, өкініштен өзек өртенді. Қалай десек те, өзін-өзі ғана емес, туған баласын өлімге қиған ананың әрекеті ақтауға тұрар­лық емес. Бұл оқиға бірінші емес, өкініш­тісі, соңғысы да болмауы мүмкін. Тірілер қай­тыс болғандардың көзін жұмса, өлген­дер тірілердің көзін ашса, қане.

Жадыра МҮСІЛІМ