Қолдан жасалған қымбатшылық
Қолдан жасалған қымбатшылық
258
оқылды
Қазақстандағы қымбатшылыққа ішкі нарықтағы тауар жетіс­пеу­шілігі бірден-бір себеп болып тұрғаны елдің бәріне аян. Импортқа тәуелділіктің салдарынан коронадағдарыс кезінде тұтынушыларға Қытай, Ресей сияқты көрші ел өнімдерін жеткізе алмай әлекпіз. Бұл мәселені билік те мойындап, сарапшылар да растап отыр.

Тонналаған тауар бүлінді

Сонымен өткен айда Қазақстан-Қытай шекарасында тұрып қалған вагондардың елге уақытылы жет­кізілмеуі халықаралық тасымал­даушыларды қатты алаңдатып тас­тады. Сол себепті күн сайын шы­ғынға ба­­тып жатқан 24 ірі ло­гистикалық компа­ния өкілдері биліктен Майқапшағай және Қал­жат кеден бекеттерін іске қосуды сұра­ды. Бірақ ол талапқа елдегі құзырлы орган­дар тарапынан нақты жауап айтылған жоқ. Бұл келеңсіздіктің кәсіпкерлерді шы­ғынға батырғаны айтпаса да түсі­нікті. Ал содан бері халықаралық логистикалық компа­ния­лар Үкі­метке үн қата алмай дал. Еске сала кетсек, шекарадағы 7 мыңдай вагонның 300-і 15 қа­занға дейін елге жет­кізілуі керек болған. Алайда Қытай та­рапы ол келеңсіздікке карантин шарала­рын желеу етуден танбады. Тіпті, автобе­кеттегі тасымал да қиындап кеткендіктен, тасымалдаушылар Қытай жаққа өте алмай, дағдарып қалды. Со­ның салдарынан қада­ғалаусыз қалған тонна-тонна тауар бүлініп тынды. Оған қоса айдалада айлап тұрған мүлікке қол сал­а­тындар да көбейген. Қытайлық брокерлер де «жығылған үстіне жұдырық болып», ке­ден­дік қызмет құнын 25 есе арттырып жібер­ді. Нақты айтқанда, олар бұрын 1 мың дол­лар болған алымды 25 мың долларға бір-ақ көтерген. Бұл ретте кәсіпкерлерді Еуропа мен Азияға қатынайтын вагон­дар­дың емін-еркін өтуі ойландырып отыр. Енді Қа­зақ­стан үшін Май­қапшағай, Қалжат кеден бе­кет­терін ашуда уақыт оздыруға мүлде болмайды. Себебі олар біздің 200-ге жуық импорттаушы кәсіп­орын­мен келісімшарт жасасқан. Оның көбі тендермен айналы­сады. Тауар сатып, күн көріп отырғандары да баршылық. Мәселе оңтайлы шешілмесе, бір емес, екі емес, тіпті жүздеген емес, бақандай 7 мың вагон өнім­нің түкке де қажетсіз болып қа­луын елестете беріңіз... Өйткені сол шығынға қарай баға да өсіп, қа­рапайым тұтынушының қал­та­сын бұдан әрі қаға беретіні сөзсіз. «Жаз бойы тауарға жіберген ва­гон­да­ры­мыздың бірі де қайта­рыл­мады. Автобе­кет­тен де қайыр бол­май тұр. Қытайлық тарап экс­порт­тық декларацияны беруді қойды. Мұндай жағдайды пайдаланбақ болған пысықайлар да бар. Олар жүк көліктерімізді ерте қайтаруға көмектесеміз деп, 25 мың долларға дейін ақы сұрайды. Үкіметке біз шыға алмаймыз. Ал «Қазақ­стан темір жолы» мәселені шешеміз деп әлі жүр. Біз бұрын өзге тасымал­даушы­лар­мен бәсекелес болсақ, қазір мұңдас болып қалдық. Бәріміз де тауар тапшылығына тап бола­тынымызды сеземіз. Менің 15 ва­го­ным шекарада тұр. Миллиондаған шы­ғынға баттым. Ал кәсіп­керлер бізбен байланысты үзіп жатыр», – дейді халық­аралық логистикалық компа­ния жетекшісі Бақтыбай Мырзатаев.

СІМ сынға ілікті

Сөйте тұра, қытай-қазақ шек­ара­­сын­дағы жағдайды Қазақстан Үкіметі форс-мажор деп бағалады. Ал шекарада шет­қақпай болудан ығыры шыққан Бақтыбай Мыр­затаев мемлекеттік органдардың кәсіпкерлерге тиісті жағдай жа­сауға асық­пайтынын айтып қалды. Аз уақытта да­йындалуы қажет құжаттардың соңынан қазір бір ай жүгіру керек екен. Сондай-ақ тағы бір логистикалық компания же­тек­шісі Еркін Хамит бұл мәселемен шілдеден бері бетпе-бет келген болып шықты. Оның айтуынша, Қы­тайда тауар қымбаттамаған. Бірақ біздің елге тиімсіз бағада келетінін көріп жүрміз. Әрі жүктің мерзімінен ке­шіктірілуінің кесі­рінен тасымалдаушылар көптеген клиенттен айырылып жатыр. Бұл ретте мемлекеттік аппарат ішіндегі байланыс пен өзара ық­пал­дастықтың әлсіз екенін де мо­йындау керек. Бұл туралы бас­қа емес, Сыртқы істер министрлігінің ке­ңейтілген алқа мәжілісінде Мем­лекет бас­шысы Қасым-Жо­март Тоқаевтың өзі айтты. Сол сәт­те ол сыртқы саясатты «ха­лық үні­не құлақ асатын мемлекет» тұ­жы­рым­дамасына сай жүргізіп, оның тиімді­лігін барынша арттыру мәселесін көтерді. «Қазір Қазақстанның сыртқа бағыт­талған жұмысында біртұтас, жалпы мем­лекеттік стратегия жоқ деуге болады. Бұл – жүйелі сипат­тағы мәселе. Сыртқы істер минис­трі Үкіметте ерекше мәртебеге ие болып, Премьер-Министрдің орын­басары деңгейіне көтерілді. Осыған орай, Сыртқы істер ми­нистрлігі тығыз мекемеаралық үй­­лестіру жұмысын тиімді атқаруы керек», – деді Президент. Оның ай­туынша, же­келеген мекемелер­дің мүддесіне басымдық беріліп жатады. Ал бұл дегеніміз – біраздан бері жалғасып келе жатқан теріс үрдіс. «Соның кесірінен елеулі кем­шіліктер болып жатады. Оған қоса, ұлттық мүддені қорғайтын кезде тиімді жұмыс атқарыл­майды. Мысалы, қазір Жайық өзені тарты­лып барады. Қазақстанға жолдан­ған жүк Қытай шекарасында тұрып қалады. Біздің кәсіпкерлеріміздің көрші елдер нары­ғындағы мүддесі ойдағыдай қорғалмай отыр. Осындай келеңсіздіктер халықтың тұрмыс сапасына және көңіл күйіне кері әсер етеді», – деді Президент.

Импорттың игілігін көру қиын

Экономист Мақсат Серәлінің пікірі Мемлекет басшысынікімен үндес. Арнайы хабарласқаны­мыз­да, ол шекарада шешімін күткен мәселенің карантин уақытынан басталған келеңсіздік екенін алға тартты. «Ол келеңсіздік Қытайдың ішкі эко­но­микасына әсерін тигізбейді. Ал біз сияқ­ты шағын мемлекет үшін өте қатты ауырт­па­шылық. Соның ішінде қазір Қы­тайдан ке­летін та­уарлардың басым бөлігі Қазақстанға кіре алмай, ішкі нарықта дефицит туындап отыр. Ондай жағдайда міндетті түрде баға­ның өсуі пайда болады. Өйткені біз әлі күнге дейін импортқа тәуелді мемлекеттің қата­рындамыз. Ауыл шаруашылығы, құрылыс материалдары, киім-кешек, тұрмыстық техника болсын, қай-қайсысын алсаңыз да, біздің ішкі нарығымызды негізінен Ресей мен Қы­тайдың қамтамасыз етіп отырғаны анық. Ал енді қазақ­стандық компаниялардың сыртқа экспорт жіберу мәселесіне келсек, Қытай экономикалық тұрғыдан сырттан тауар кіргізуді шектеп, өзінің ішкі нарығын қатты қорғап отыр. Себебі пандемия уа­қытында олардың да кәсіпорындары әлсіреп қалды», – дейді сарапшы. Оның айтуынша, біздің кә­сіпкерлер тауарларын шекарада бүлдіріп алмауды алдын ала жоспарлауы керек еді. Кедендік мәселе шешіліп, Үкімет тарапынан то­лыққанды сенім болған кезде ғана экс­порт­тауы тиіс болатын. «Енді «Атамекен» ҰКП Үкі­метке осы мәселені бірігіп шешуді жолдады ғой. Түйт­кіл жаңа жылға дейін шешілмесе, одан әрі ауырлай түсетіні айдан анық. Өйт­кені ішкі тауар дефициті қайта туындайды. Ол Үкіметке де ыңғайсыз жағдай. Енді би­лік тарапынан Қытай би­лігімен келісім­ге келу ғана қалды. Олар Қазақстан тауа­рын ала ма? Алмайтын болса, оны да ашық айт­сын», – деп отыр Мақсат Серәлі. Сонымен қатар ол ішкі на­рық­ты қыста бақша өнімдері, экзо­ти­калық жеміс-жи­декпен де өзіміз қамтамасыз ете алмай отырма­ға­ны­мыздың салдары ауыр екенін жет­кізді. «Мына тұрған Өзбек­стан­нан, жетпей қалғанын Қытай­дан тасымалдап отырмыз. Ал ол биылғыдай келмей қалып, шекара маңында бүлініп жатса, тағы да қымбатшылыққа ұрынған үстіне ұрына түсеміз», – дейді экономист.