Үлкен Еуразияны құру – Ұлы дала елінің игі идеясы
Үлкен Еуразияны құру – Ұлы дала елінің игі идеясы
231
оқылды
Таяуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана клубының» VI отырысында «Үлкен Еура­зия» жаңа экономикалық фо­румын құруды ұсынды. Бұл Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­дентінің 2015 жылғы қыр­кү­йекте БҰҰ жаһандық самми­тінде жариялаған «Үлкен Еу­разия» идеясының заңды жал­ғасы, қисынды жобасы. Өйт­кені адамзат әскери блок­тарға бөлініп, бірін-бірі аң­дыған, мемлекеттер бір-бі­рімен жағаласып, жауласқан алмағайып заманда алып континентіміздің амандығы, жамандықтан аулақ болуы ең алдымен Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан Қазақ еліне қажет.

Шағын одақтан – тұтас құрлыққа дейін

2014 жылдың 29 мамырында Астана қаласында Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері Еура­зиялық экономикалық одақты құру туралы шартқа қол қойды. Кейін ұйымға Қырғыз Республикасы мен Армения қосылды. Бүгінде Еура­зия­лық одақ әлемдегі бүкіл құрлық жерлердің 14%-ын немесе 20 мил­лионнан астам шаршы шақырымын алып жатыр. Одаққа мүше елдердің жиынтықты жалпы ішкі өнімі 1 триллион 738,3 долларды құрайды. ЕАЭО-да 2018 жылғы 14 мамырда Молдова, 2020 жылғы 11 желтоқ­санда Өзбекстан мен Куба бай­қаушы мемлекет мәртебесін алды. Елбасы әу бастан Еуразиялық одақ тек бұрынғы Кеңес Одағы ел­дерімен шектеліп қалмауы керегін айтып келеді. Бұған дәлел – жаңа одақ құрылғаннан кейін келесі 2015 жылы ол жаһан жұртшылығына «Үлкен Еуразия» идеясын ұсынған болатын. Жаңа, алып интеграция­лық жоба ЕАЭО-ны, Түркі әлемін, Қытайдың «Ұлы Жібек жолы», «Бір жол, бір белдеу» халықаралық бас­тамаларын және ұжымдық Еуро­па­ны – Еуропалық одақты қамти алар еді. Яғни, қазіргі шағын одақтан болашақта тұтас құрлықты ен жай­лайтын бірлестікке айналу перс­пективасы қарастырылып жатыр. 2021 жылғы 17 қарашада елор­дада өткен «Астана клубының» 6-жиынында Елбасы қазіргі жа­һандық сын-қатерлерге, корона­ви­рустың таралуына, әлемдік держа­валар текетіресінің күшеюіне, Ау­ғанстан төңірегіндегі ахуалға және ядролық стратегиялық тұрақ­ты­лық­қа қатысты қалыптасқан күр­делі жағдайға алаңдаушылық білдірді. Тек бітім мен бейбітшілік қана адамзатты бақ-дәулетке жеткізеді. Ендеше мұндай шақта халықаралық қоғамдастықтың басын біріктіретін, ымыраға келтіретін кез келген бастама, қадам құнды. Осы орайда Қазақстанның Тұңғыш Президенті дүниежүзінде орнаған дағдарыс жағдай Үлкен Еуразиядағы коопе­рацияның жаңа тәсілдерін ойлап та­буды талап ететінін қаперге сал­ды. Бұл ретте жаһандық апатқа соқ­тырар жаңа дағдарыстардың ал­дын алу үшін Еуразия елдері ара­сында жүйелі диалог орнату маңыз­ды. Осы ізгі іске ұзақ уақыттан бері қызмет етіп келе жатқан, соның ішінде үшінші елдермен жұмыс істеп жүрген өңірлік халықаралық бірлестіктер үлес қоса алады. – Атап айтқанда, менің ойымша Еуразия экономикалық одағы, Еу­ропалық одақ, Шанхай ынтымақ­тастық ұйымы және жақында ғана құрылған Түркі мемлекеттері ұйы­мы арасындағы тікелей байланысты дамытатын кез келді. Сондықтан ел­деріміз Еуразиядағы коопера­ция­ның барлық мүмкіндігін талқылап, дамыта алатын «Үлкен Еуразия» төрт­жақты экономикалық фору­мын құруды ұсынамын, – деп жаңа бастамамен шықты Нұрсұлтан Назарбаев. Егер еуразиялық бірлестік бо­лашақта Еуропа елдеріне қызықты болып, олар да қосылып жатса, Ба­тыс елдерімен бір ұйым аясында алыс-беріс, барыс-келісіміз күрт жақсарса, қазіргі Еуразиялық одақ­қа қарсы болып жүрген азамат­та­рымыздың өзі жаңа ұйымды қызу қоштары сөзсіз. Елбасы айтқандай, керуен жол­дарын мінсіз ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Ұлы дала халқы – қазақтар ежелгі және орта ғасырлардағы аса маңызды сауда қатынасының басты дәнекері болды. Үлкен Еуразияның шығысы мен батысы, солтүстігі мен оңтүстігі арасында сауда мен мәдениет са­ласындағы байланыстардың орта­лығы, алтын көпірі қызметін атқар­ды. Демек, жаңа құрылым арманнан ақиқатқа айналып жатса, онда ол елдер арасындағы жаһандық тауар айналымын өрістетер, зияткерлік ынтымақтастықты өркендетер орнықты платформа болмақ. Бұдан Қазақстан ұтуы мүмкін, елдің әл-ауқаты да артуы мүмкін.

Қазақ төраға болды, одақ озды

2021 жылы Еуразиялық эконо­микалық одақтың төрағалығы қыз­метін Қазақстан атқарды. Сөйтіп, одақты нығайтты. Таяуда, 19 қара­шада Ереванда Еуразиялық үкімет­аралық кеңестің (ЕҮАК) қорытын­ды отырысын өткізген Премьер-Министр Асқар Мамин осы төра­ға­лықтың алдын ала қорытын­ды­ларын шығарды. Оның айтуынша, биыл Қазақстанның ЕАЭО-ға төр­а­ғалық етудегі басымдықтарын іске асыру бойынша тиімді жұмыс жүргізілді. Нәтиже жаман емес. Егер бұған дейінгі жылдары одақтас мемле­кет­тердің экономикалық ынтымақтас­тығында кері кету нышандары пайда болып, өзара сауда азайып кетсе, Қазақстан төрағалығынан кейін ахуал біршама түзеліпті. Бұған жыл басында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген ЕАЭО-ға Қазақстанның төрағалық етуінің басым бағыттарын іске асыру жұмысы ықпал еткені сөзсіз. Премьердің мәліметінше, осы жылы ЕАЭО аясында өнеркәсіптік кооперацияны жандандыру бағы­тында салмақты жұмыс атқарылған. 2021 жылдың І жартысында ЕАЭО-ның жиынтықты өнеркәсіптік өн­дірісінің көлемі 620 млрд долларды құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 4,4%-ға жоғары. Аралық тауарлармен өзара сауда көлемі 40%-ға артып, 20,3 миллиард долларға дейін ұлғайыпты. Жыл басынан бері Қазақстанда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер бизнесінің қа­тысуымен 1 172 жаңа бірлескен кә­сіпорын тіркелді, бұл былтыр­ғыдан 9%-ға көп. Сондай-ақ Қазақстан одақ ая­сында өзара саудадағы кедергілерді анықтап, жою бойынша ауқымды іс тындырған. Бұл отандық бизнес­тің өрісін кеңейту үшін қажет. Қазір Еуразиялық одақтың ішкі нары­ғын­да­ғы кедергілердің 80%-ы жо­йылған. Осының арқасында Қазақстан төрағалық еткен жылда, биылғы 9 айдың өзінде ЕАЭО-дағы өзара сауда көлемі 52 миллиард долларға жетті. Сөйтіп, 2020 жылдың сәйкес кезеңінен бірден 32,5%-ға өсті! ЕАЭО-ның транзиттік-көлік әлеуетін дамыту үшін биыл бірлес­тікке қатысушы елдердің көлік кешендерін интеграциялау іс-ша­раларын көздейтін, 2021-2023 жыл­дарға арналған көлік саясатын іске асыру жөніндегі Жол картасы бе­кітілді. Кедендегі кедергілерді жою бағытында қарқынды жұмыс жүргі­зілген. Биылғы 10 айда Қазақстан арқылы Орталық Азия, Еуропа, Қиыр Шығыс бағытында 883,2 мың ЖФБ (жиырма футтық балама) жүк тасымалданды, бұл өткен жылғы кезеңдегіден 25%-ға артық. Қытай–Еуропа–Қытай бағытындағы транзиттік контейнерлік тасымал көлемі былтырғыдан 36%-ға өсіп, 604,5 мың ЖФБ-ны құрады. ЕАЭО елдерінің цифрлан­ды­рудағы жемісті ынтымақтас­ты­ғының мысалы ретінде «Цифрлық көлік дәліздері», «Шекарасыз жұ­мыс» біріздендірілген іздеу жүйесі» мен «COVID-сыз саяхаттаймын!» қо­сымшасы аталады. Қазақстан эко­номикалық интеграция сала­сында тиімді құралдарды түзу үшін жаңа цифрлық бастамаларды іске асыру қажет деп санайды. Үкімет басшысы А.Мамин одақтас елдерге Еуразиялық даму банкі базасында бірыңғай цифрлық платформа құру бастамасын енгізіпті. Айтқандай, кейінгі жылдары Еуразиялық одақ елдерінің өзге елдермен экономикалық қарым-қа­тынасы да нашарлағандай бол­ған. Дегенмен биыл сыртқы сауда көрсеткіштері күрт қалпына келді. Жыл басынан, қаңтар-қыркүйек айларында ЕАЭО елдерінің сыртқы сауда көлемі 596 миллиард доллар межесін бағындырды. Бұл 2020 жыл­дың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 32,7%-ға артық!

Одақтас елдер өзара сүйеу бола ма?

Әрине, одақ ішінде еш проблема жоқ деу асылық болар. Ұйым ая­сын­да қазақ кәсіпкерлері кезігіп жүр­ген қиындықтар жайында отан­дық ақпарат құралдары мен са­рап­шылар біраздан айтып жүр. Қазақ­стан ол мәселелердің бәрін келіссөз арқылы шешуге күш салып келеді. Қалай болғанда да, одақ ішін­дегі интеграция ары қарай ілгері­леуде. Мысалы, 19 қарашадағы ЕҮАК қорытынды отырысында ЕАЭО аясында «Кредиттік тарих құрамына кіретін мәліметтермен алмасу тәртібі туралы» келісімге қол қойылды. Осыған сәйкес, енді қазақстандықтар, отандық кәсіп­керлер, компаниялар Еуразиялық одаққа мүше 5 мемлекеттің кез кел­генінде несие рәсімдей алады. Осы мақсатта одақтастар өз аза­маттары мен бизнес субъектілеріне қатысты несиелік досье алмаса алады. Мысалы, Мәскеудегі банк қазақстандық «Бірінші кредиттік бюроға» сұрау жолдап, тиісті не­сиелік тарих есебін үш күн ішінде алдыртпақ. Қазақстандық тараптың серия­лық өнімнің шығу орны туралы сертификаттарды қолдану үшін тауарлар тізбесін кеңейту бастамасы қолдау тапты. Бұл шешім қазақ­стандық кәсіпорындарға әкімшілік шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, автокөліктердің электронды паспорттарын қалып­тастыру, металлургия өнеркәсібі кәсіпорындарын шикізатпен қамту, асылтұқымды мал шаруашылығы саласындағы жұмысты үйлестіру және басқа да келешекке жақсы негіз қалайтын мәселелер шешімін тауып жатыр. Даму бағытын белгілеу үшін қазіргі проблемалар мен кемші­ліктерді білген жөн. Бүгінде адами капиталды дамытуға жұмсалатын мемлекеттік шығыстар деңгейі ЕАЭО мемлекеттерінде дамушы елдер дейгейінен төмен болып жүр. Дамыған елдердің көбінде білім беруге, денсаулық сақтауға және мәдениетке жұмсалатын шығындар ЖІӨ-нің шамамен 15%-ын құрай­ды, ал бұл көрсеткіш Еуразиялық одақта 8% ғана. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда инвесторлар дамушы елдерден кетіп жатыр. БҰҰ-ның сауда және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD) дерегінше, 2020 жылы дамыған елдердің инвесторлары дамушы елдерге құятын инвестиция көлемін бірден 56%-ға – 347 мил­лиард долларға дейін азайтқан, бұл – сонау 1996 жылдан бергі ең тө­менгі шама. Инвестиция тасқы­ны сұйылған кезде не істемек керек? Еуразиялық одақ елдері ірі индус­триал­дық инвестжобаларды бірлесе жүзеге асырып, бірге қар­­жы­лан­ды­руға келісті. Еуразиялық эконо­ми­калық комиссия мүше елдердің ұсыныстары негізінде ЕАЭО Ин­дус­трияландыру картасын қалып­тастырды. Оған жалпы сомасы 300 миллиард доллардан асатын, 21 саланы қамтитын, 550 технология­лық бағытта жүзеге асырылатын 185 ірі жоба кіріп отыр. Соның ішінде Қазақстан атынан жалпы құны 44,4 миллиард доллар тұратын 12 жоба енген. Қазақстан бастамасымен Еу­разиялық одақ өзге елдермен, сондай-ақ Еурокомиссиямен, ДСҰ, АСЕАН және басқа халықаралық ұйымдармен сауда-экономикалық қатынастарды жолға қойып келеді. Кім біледі, бәлкім осы ғасырда Қазақ елі Үлкен Еуразияның ор­талығына айналуы да ғажап емес. Әзірге комиссия Еуразиялық эко­номикалық интеграцияны дамы­тудың 2025 жылға дейінгі жаңа стратегиясын жүзеге асыру жос­парын әзірлеп жатыр.

Айхан ШӘРІП