Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Амандық Баталовқа Алматы облысының әкімі лауазымында көп жыл жемісті қызмет атқарғаны, өңірді дамытуға және облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосқаны үшін алғыс білдірді. Бұл туралы Facebook-тағы парақшасында жазды.
Амандық Баталов 1952 жылы Өзбекстанның Нүкіс қаласында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын бітірген. 1981-1985 жылдары – «Алматыөңдеуқұрылыс» тресінің №37 құрылыс-монтаж басқармасында аға прораб, бас инженер, басшы болған. 1985-1987 жылдары – Қазақстан Компартиясы Ленин аудандық комитетінің нұсқаушысы, Құрылыс және өндірістік құрылыс материалдары қызметкерлері кәсіподағы Алматы облыстық комитетінің хатшысы, Қазақстан КП Алматы қалалық комитетінің құрылыс және қала шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы. 1987-1989 жылдары – құрылыс және өнеркәсіптік құрылыс материалдары облыстық комитетінің төрағасы. 1989-1991 жылдары – Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Іс басқармасының құрылыс, өнеркәсіп құрылыс материалдары бөлімінде жетекші маман, бас маман. 1991-1992 жылдары – ҚР Президенті аппаратында құрылыс, өнеркәсіптік құрылыс материалдары бөлімінің референті. 1992 жылы – «Құрылыс индустриясы және технология» концернінің вице-президенті. 1992-1994 жылдары – Алматы қаласы Калинин ауданы әкімшілігі басшысының орынбасары, бірінші орынбасары. 1994-1995 жылдары – Ленин аудандық әкімшілігінің әкімі. 1995-2001 жылдары – Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі. 2001-2008 жылдары – Алматы облысы әкімінің орынбасары. 2008 жылдан бері Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.2014 жылдың тамыз айынан бері Алматы облысының әкімі болды.