Елбасы ел болашағы үшін толғанады
Елбасы ел болашағы үшін толғанады

Тәуелсіздік құндылықтары жөнінде талмай айтып, тынбай толғанып келе жатқан Елбасы Nur Otan партиясының алқалы жиынында ел болашағы туралы тағы да тұғырнамалық сөз айтып, «Елдіктің жеті тұғырын» жариялады.

Азаттық алып, Егемендікке қол жеткізген отыз жыл тәуелсіз тарихымызға алтын әріптермен жазылды. Халқымыздың бірлігі мен берекесіне, төзімділігі мен күш-жігеріне сын болған бұл жылдар қолымызды жүрегімізге қойып тәубе етуге де, қол соғып қошамет айтуға да лайық. Ал бүгінде бүкіл елді толғандырып отырған үлкен міндет – сол тәуелсіздікті келешекке қалай апарамыз, келер ұрпаққа қалай аманат етеміз деген ұлы сұрақ. Оған жауапты Елбасы бұрынғы еңбектерінде де ашып көрсеткен. Оның Елбасы көрсеткен стратегиялық мақсаты – «Мәңгілік ел», тактикалық іс-қимылы – «Ұлттық рухани жаңғыру» болатын. Осы биік мақсат, нақты міндеттер жолында еңбек етіп жатқан еңбекқор жұртшылыққа Елбасы Тәуелсіздікті қадірлеп, береке-бірлігімізді бекемдеп, іргемізді бүтіндеп, ата жұртымызды ардақтап, отбасымызды аялап, әдет-ғұрпымызды түгендеп, мәдениетімізді өркендетіп, білім мен еңбекті ұштастырып, әлемдік бәсекеге дайын бола отырып келешекке нық қадам басудың жеті тармақтан тұратын үндеуін жария етті. Оларды санамаласақ мынадай: «Тәуелсіздік – кез келген азамат үшін ең қастерлі құндылық», «Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры», « Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы», «Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі», «Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі», «Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті», «Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі». Әрқайсысы бір-бір кітаптың тарауына татитын бұл тармақтардың астарында кімнің болмасын көкейіне жылы ұялайтын терең мағыналы ойлар жатыр. Бұрынғы еңбектеріне арқау болған өзекті ұстанымдарын қайта қорытып, жаңаша жүйелеп, бүгінгі күннің де, ертеңгі болашақтың да кәдесіне жарайтын ұлттық құндылықтарға айналдырған. Осы жеті құндылықтың қай-қайсысы болмасын, бірі-бірімен матаса байланысқан «Мәңгілік елге» ұстын болатын діңгекті тұжырымдар. Мәселен, ата мекеніміз – қазақ жерінсіз, отбасы мен салт-дәстүрімізсіз, ұлттық мәдениет пен өнерсіз, білім мен еңбексіз Еліміздің ұлттық келбетін қалай елестетеміз?! Бұл әр қазақты терең толғантып жүрген жүрекжарды мәселелер емес пе?! Еркін де азат, экономикалық жағынан да, рухани жағынан да ешкімге тәуелсіз, тұғыры берік, арман-мұраты биік, мәңгілікке қол созған ұлттық мемлекетті ұстап тұратын жеті тіреуді Елбасы осылайша тап басып анық көрсете білген. Ендігі міндет - осы жеті саланы еліміз дамуының алтын арқауы ете білуде. Ол үшін осы бағдарламалық ойларды іске асырудың кезең-кезеңге арналған іс-қимыл жоспарын әзірлеп, жүзеге асырған жөн.

Кенжехан МАТЫЖАНОВ, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері