Қаржы пирамидасы деп танылған «Golden city-200» ЖШС-нің жетекшісі Қайрат Ізтілеуге қатысты сот үкімі шықты.
«Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бабы бойынша Қайрат Ізтілеуге қатысты тергеу жүрді. Ақтөбе қаласының №2 сотында сотталушы Қайрат Ізтілеуге қатысты қылмыстық іс қаралып, үкім шықты. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап 2020 жылдың ақпан айына дейін Қ.Ізтілеудің қаржы пирамидасын басқарып, «Golden city-200» ЖШС заңсыз қызметін жүзеге асырған. Жалған шарт жасап, жоғары сыйақыға кепілдік бергені анықталды. Қылмыстық іс-әрекеттердің нәтижесінде, жәбірленушілерге 71 550 000 көлемінде материалдық залал келді. Соттың мәліметінше, сотталушы кінәсін мойындады. Сот үкімімен Қ.Ізтілеуге 7 жыл мерзімге коммерциялық мекемелерде басшылық лауазымды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілердің пайдасына 70 350 000 теңге өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.