Бұл - болашаққа жазып қалдырылған аманат хат
Бұл - болашаққа жазып қалдырылған аманат хат
473
оқылды

Еліміздің Тұңғыш Президенті ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халық алдындағы еңбегі орасан. Ол – жаңа тұрпатты қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған адам.

Алмағайып заманда егемендік алдық, оны алу бір басқа да, тәуелсіздікті ұстап тұру, қорғау бір басқа. Қазір өздеріңіз көріп отырсыздар, әлемде геосаяси жағдай тым ушығып кетті, мемлекеттер арасында ірілі-ұсақты қақтығыстар, соғыстар болып жатыр. Еліміз, міне, осы сын-қатерлердің бәрінен, түрлі қақ-соқтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен ақыл-парасатының, саяси көрегендігінің, жан-жақты қабілет-қарымының арқасында аман келе жатыр. Бұл тұрғыдан алғанда, ол кісінің өзге мемлекеттермен арадағы шекараны шегендеп алуы, жерімізді заңды негізде бекітіп беруі – өлшеусіз зор еңбек болды. Әрине, қазақтың арғы-бергі тарихында елдің-жердің тұтастығына қорған болған, оның өркендеуіне үлес қосқан басқа да тұлғалардың маңызын төмендетуге болмайды. Әсіресе, кешегі Алаш партиясы қайраткерлерінің жанқиярлық ісін, үлкен білік-пайымын кім жоққа шығара алады?! Дегенмен, бүгінгі заманға лайық мемлекет құруда Елбасымның орны ерекше екені даусыз. Сондай-ақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Атамекенде шетелдерде тарыдай болып шашылып кеткен қандастарымыздың басын  қосуға кірісті. Әлемде сырттағы қандастарын өз еліне жинаған тек үш мемлекет бар: Израиль, Германия және Қазақстан. Ал,  Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында айтқан «Елдіктің жеті тұғыры» сөзі – Тәуелсіздікті баянды етудің тұжырымды түйіні. Бұл болашаққа жазып қалдырылған аманат хат. Алдағы ел дамуында біз, мемлекет осы «Елдіктің жеті тұғыры» құжатында көрсетілген қағиданы ұстануымыз шарт.

Қали СӘРСЕНБАЙ, «Ана тілі» газетінің бас редакторы, «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің мүшесі