Қазақстанда «байлық немесе сән-салтанат салығы» енгізіле ме?
Қазақстанда «байлық немесе сән-салтанат салығы» енгізіле ме?
© inform.kz
114
оқылды
Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев Қазақстанда «байлық салығын» енгізу мәселесі 2022 жылы қаралатынын айтты. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында сенатор Мұрат Бақтиярұлы сән-салтанатты заттарға арнайы салық салу мәселесін көтерді.
«2019 жылы Президент өз Жолдауында «Жалпы ішкі өнім мен халық табысының артуына қарамастан, қоғамда мүліктік жіктелу үдерісі сақталып отыр. Бұл - алаңдатарлық фактор. Сондықтан оған ерекше назар аудару керек» деген болатын. Осыған байланысты халықаралық тәжірибеде көптеген елде бар, сән-салтанатқа арнайы салық енгізу өте өзекті мәселе деп есептеймін. Бұл жерде қымбат элиталы жылжымайтын мүліктер, ұшақтар, яхталар, қымбат автокөліктер, зергерлік бұйымдар сияқты сән-салтанатты заттарға арнайы салық салудың әділетті жүйесін қалыптастырады деп ойлаймын. Бұл тұрғыда тиісті ведомствоның көзқарасы қандай?», - деп сұрады сенатор.
Өз кезегінде вице-министр М. Сұлтанғазиев бұл мәселе қарастырылып жатқанын айтты.
«Оған салықты біз қарастырып жатырмыз. Осы орайда, бизнеспен талқылау жұмыстары жүріп жатыр. Келесі жылы Үкіметтің жобасымен енгізілетін болады», - деді Марат Сұлтанғазиев.