Елордада 2025 жылға дейін 50 мектеп салынады
Елордада 2025 жылға дейін  50 мектеп салынады

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орын­басары Бауыржан Байбек елордада «Nur Otan» пар­тия­сының сайлауалды уәделерінің орындалу бары­сымен танысты.

Оның айтуынша, Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша партия әр облыста, қалада және ауданда 217 Жол картасының іске асырылуына жүйелі бақылау жүргізуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты Сай­лауалды бағдарлама аясында жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында 20 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылып, 7 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді, 96 көше жөндеуден өтті. Бұл жұмыстардың басым бөлігі қала шетінде жүргізілді.

«Филиал төрағасы, қала әкімі Алтай Көлгіновпен бірге «Өндіріс» тұрғын алабындағы №23 мектептің 600 орындық жаңа корпусын араладым. 2019 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ауданда халық тығыз орналасқандықтан, аталған оқу орнын кеңейтуді тапсырған еді. Жаңа корпустың құрылысы партияның қалалық Сайлауалды бағдарламасына енгізілді.

Жалпы, партия елордада 2025 жылға дейін 60 мың орынға арналған кемінде 50 жаңа мектеп салу міндетін қойып отыр. Биылдың өзінде 8 жаңа мектеп ашылды, тағы 7 ны­санның құрылысы аяқталуда», – деп жазды ол Facebook парақ­шасында.

Сондай-ақ Бауыржан Байбек «Өндіріс» тұрғын алабында денешынықтыру-сауықтыру кешеніне барды. Жыл соңына қарай мұнда күнделікті 500-ден астам адам самбо, кикбоксинг, пауэрлифтинг және басқа да спорт түрлерімен айналыса алады. Жалпы, партияның уәделеріне сәйкес, осы жылдың өзінде өңірлерде 127 мыңнан астам секция ашылып, 22 мыңнан астам балалар үйірмесінің жұмысы қайта жанданды. Содан кейін партия Төрағасының Бірінші орынбасары астанадағы ЖЭО-2-ні газға көшіру жұмыстарының бары­сымен танысты.

«Елбасы «Nur Otan» Саяси кеңесінің отырысында айт­қандай, экология мәселелері еліміз бен билеуші партия үшін негізгі басымдықтардың біріне айналуы тиіс.

Бүгінде нысан 95%-ға аяқталды. Газдандыру нәтижесінде азот және көмір­тегі тотықтарының, парниктік газдардың шығарын­ды­лары айтарлықтай азайып, көмір күлінің шығарындылары толы­ғымен жойылады.

Елбасының өңірлерді газдандыру жө­нін­дегі «Сарыарқа» жобасы аясында жыл басынан бері қалада 10 мың­нан астам үйге газбен жабдықтау желілеріне қолжетім­ділік қамтамасыз етілді», – деді ол.

Осы күні Бауыржан Байбек қалалық партия активімен бірге елорда бойынша сайлауалды бағдарламаның іске асырылу барысын талқылады.