Мәскеуден табылған «Ақиқат»
Мәскеуден табылған «Ақиқат»

«Ақиқат» журналына биыл 100 жыл толды. Журналдың алғашқы нөмірі 1921 жылдың 15 қыркүйегінде «Қызыл Қазақстан» деген атаумен Орынборда шыққан екен. Кейін екі тілге ауысқан. «Қызыл Қазақстан» – «Красный Казахстан» атауымен шыққан журналдың тігінділері архивте сақталғанымен, ең алғашқы, яғни 15 қыркүйекте шыққан нөмірін зерттеушілер таба алмаған. Алғашқы нұсқасын іздеп, Ташкент, Орынбор, Мәскеу қалаларындағы мұрағат қорына сұрау салып, хат жазған. Алайда 10 жыл бойы хат та, хабар да болмапты.

Журналдың атауы бірнеше рет өзгерді. 1925 жылы шілдеден бас­тап 1929 жылдың соңына дейін екі тілде «Қызыл Қазақстан» – «Крас­ный Казахстан», 1930-1931 жыл­дары Алматыда «Қазақстан боль­шевигі» – «Большевик Казах­стана», 1932-1938 жылдары «Ауыл коммунисі», 1938-1941 жылдары «Коммунист», 1952-1957 жылы «Қазақстан коммунисі» – «Ком­му­нист Казахстана», 1958-1991 жы­лы «Қазақстан коммунисі» де­ген атаулармен жарық көрген. 1991 жылдан бастап «Ақиқат» деп атал­ды. Әр жылдары журналға Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандосов және басқа да қазақ зиялылары жетекшілік етті. «Қызыл Қазақстан» журна­лы­ның алғашқы нөмірі қалай та­был­ды? Сүйінші хабарды жеткізген – шығыстанушы ғалым Мухиддин Бекмырзаұлы. Ол осыдан 10 жыл бұрын «Ақиқат» журналының бас редакторы қызметін атқарып жүр­ген кезінде журналдың алғашқы нөмірін іздеп, архив аралап кетеді. «Жақында осындай сүйінші хабар алдым. Бұл 10 жыл бойы күт­кен ақжолтай жаңалық еді. 2011 жылы басылымның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында журнал­дың арнаулы нөмірін шығару, ғы­лыми конференция ұйымдас­тыру жұмыстарын жоспарладық. Мәскеу Со­нымен қатар Алаш арыстары жур­налдың алғашқы сандарында қан­дай өзекті әрі ұлттық мәсе­ле­лерді көтергенін білуге мән берілді. Бұл істі тікелей өз міндетіме ал­дым. Әрине, ол үшін Алматыдағы Қазақ ұлттық кітапханасының Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қызметі бөліміне бару керек. Онда өткен ғасырдың ба­сында шыққан газет-журнал­дар­дың тігінділері бар. Осындай мақ­сатпен Ұлттық кітапханаға келіп, «Қызыл Қазақстан» журналының алғашқы нөмірлеріне тапсырыс бердім. Сирек қордағы қызметкер журналдың алғашқы нөмірі жоқ екенін айтты. Барлық саны бар да, біріншісі жоқ. Енді не істейміз?

Түйткілдің түйінін шешу үшін Сирек қолжазба қорының сол уақыттағы меңгерушісі Толқын Зәмзаева қарындасымызбен ақыл­дастық. Ойласа келе кітапхананың атынан Орынбор, Ташкент, Мәс­кеу және басқа да қалаларға жур­налдың бірінші санын сұратып хат жазайық деген тоқтамға келдік. Хат жіберілді. Өкінішке қарай, қуанышты хабар болмады», – дейді шығыстанушы ғалым.

Хат жіберілгенімен, жуық ара­да жауабы келе қоймаған. Сөйтіп жүргенде, 10 жыл өте шығыпты. «Табылды» деген сүйінші хабарды жеткізген Толқын Зәмзаева екен. Оған Ресейден хабарласып, жур­налдың алғашқы нөмірінің элек­тронды нұсқасын алуға болатынын жеткізіпті.

«Осылайша, ұлттық баспасөз саласында өзіндік орны бар қара шаңырақ «Ақиқаттың» («Қызыл Қа­зақстанның») алғашқы нөмірі қолға тиді. Журналдың жариялан­ған уақыты 1921 жылғы 1-15 қыр­кү­­­­йек деп көрсетілген. Жоғымыз табылды. Бұл ұлттық баспасөз үшін елеулі жаңалық болады деп ойлай­мыз», – дейді Мухиддин Бек­мырзаұлы.

Журнал төте жазумен берілген. Алғашқы нөмірде қалың мал, құн төлеу туралы декрет беріліпті. Автор ретінде Әлібеков пен Бө­кейханов қол қойған. Одан бөлек, Екінші жалпы қазақ съезінің қау­лысы басылыпты. Оған қол қойған Кіндік комитет бастығы Мең­де­шов. Журналға алыс-жақын шет­ел жаңалықтары да басылған. Қытай, Корея, Швейцария, Ауғанстан, Италия елдері туралы хабарлар берілген. Журналдың жалпы кө­лемі – 43 бет. «Журналды саралай келе, жа­рияланған мақалалардың негізі­нен авторы көрсетілмегенін және біразы «Степная правда» газетінен аударылып басылғанын байқадық. Сондай-ақ өткен ғасырдағы Қа­зақ­стандағы жағдай, үгіт-насихат жұ­мыстары жөніндегі материал­дарға да орын берілген. Атап айт­қанда, Кеңес өкіметінің кедейлер мен қара шаруаға қатысты ұста­нымдары, жаңа өкімет тұсындағы сайлау құқы туралы түсіндіру жұ­мыстарының жүргізілу барысы басылған. Сонымен қатар журнал­дың құрылымы басқармадан деп аталатын кіріспе бөліммен баста­лып, саяси, экономика, жастар бөлімі, ел ішіндегі және шет мем­лекеттердегі жағдайлар және әр­түрлі жаңалықтар сияқты бөлім­дерге бөлінген. 1921 жылы елімізде бол­ған аштық, ауыл шаруашы­лы­ғын дамыту, оның ішінде адайлар­дың егін егу ісін қолға алғаны ту­ралы ма­қалалар басылған. Әрине, қо­ғамдық-саяси журналдың ал­ғашқы нөміріне Алаш зиялылары не жаз­ды екен деген ой жетелегені жа­сы­рын емес. Бірақ авторлары көрсе­тілмегендіктен, нақты анықтау мүм­кін болмады.

Тағы бір көңіл ауда­ратын дүние осы нөмірде Әді­лет комиссары Ғ.Әлібеков пен Кін­дік комитеттің секретары Ғ.Бө­кейханов қол қойған Қазақ ішінде қалың малды жоғалту туралы дек­рет (закон), Қазақ ішінде құн тө­леуді жоғалту туралы туралы дек­рет жарияланыпты. Сонымен бірге 11 мәселе қамтылған Екінші жал­пы қазақ съезінің қаулысы ба­сыл­ған. Оған Кіндік комитет бастығы Меңдешев қол қойыпты», – дейді Мухиддин Бекмырзаұлы.

Мұнда журналдың мұқабасы және мазмұны екі тілде берілген. Сондай-ақ қалың мал, құн төлеу мәселесіне арналған мақалалар мен Екінші жалпы қазақ съезінің қаулысы басылған беттерді оқыр­манға алдын ала ұсынып отырмыз.

«Өткенімізден хабар беретін осындай дүниелердің табылғанына шүкіршілік етеміз. Бұл ұлттық баспасөз үшін елеулі жаңалық бо­лады деп ойлаймыз. Енді алды­мызда журналдың сарғайған па­рақ­тарын егжей-тегжейлі зерделеу мәселесі тұр», – дейді ғалым.

Қалай десек те, жазылған, жа­рыққа шыққан құнды дүниелер­дің жоғалмай, құртылмай, сол күйін­де оқырманына қайта жет­кенінің өзі – біз үшін үлкен олжа. Журналдың бағыты қандай болды, қандай өзекті мәселелер көтерді, мақалалардың бағыт-бағдары қан­дай болды, нендей дүниелер ашық айтылды, мұның бәрі – алдағы уақыттың еншісінде. Жур­нал төте жазумен шыққандықтан, оны ег­жей-тегжейлі зерттеп-зерделеумен ғалымдар айналыса жатар. Бас­ты­сы – тарихымыз тү­генделіп, жо­ғалғанымыз табылды. Тәубе!

Гүлзина БЕКТАС