Шығыны мол отандық футбол
Шығыны мол отандық футбол
343
оқылды

Футболдан ӘЧ-2022 іріктеу турнирінің соңғы ойындарын Парижде өт­кізген Қазақстан құрамасы француздардан 8:0 есе­бімен оңбай жеңілді. Осы масқара жеңілістен кейін біздің аяқдопшыларды жер­ден алып, жерге са­лып, сын айтпаған пенде кемде-кем шығар? Бірақ бұл тәуелсіз қазақ футболы та­рихындағы ең ірі жеңіліс де­месеңіз, ой­сырай ұтыл­ған сәттер бұған дейін де болған. Алайда бюд­жеттен қыруар қаржы бөлінсе де, отандық футболдың өрге баспауының себебі не?

Қазақтың доп теуіп келе жат­қа­нына бір ғасырдан асыпты. Сонау 1913 жылы Семей қаласында Мұх­тар Әуезов пен Ахметсәлім Кәрімов бастаған «Ярыш» клубы қазақ фут­болы тарихының бастауы десе де болады. Бірақ не құдіреті бар­лы­ғын қайдам, біздің футбол­шылар допты дұрыстап тебуді әлі үйрене алмай жүр. Мемлекетке өкпе жоқ, ақшаны басқаға салмаса да, фут­бол­ға аяп жатқан жоқ. Әйтсе де, сол ақшаның нәтижесі жоқ, қыруар қар­­жы қайда кетіп жатқаны белгісіз.

Рейтингіміз неге төмен?

ФИФА рейтингісі бойынша біздің мемлекет 125-орында тұр. Ал ТМД елдері ішінде футболға ең аз ақша бөлетін Қырғыз Рес­пуб­ликасы 96-орында. Бір жылдары доп тебуді үйренеді деп Бразилияға алақай­лап аттандырып салған 78 бала­қайдың қазір қайда жүргені бел­гісіз. Әлемдік рейтингте ешқандай клубымыз жүздіктің қатарына кір­мейді. Ең үздік деген «Астана» ко­мандасы 186-орынға әрең ілі­гіпті. Біздің бірде-бір футбол­шы­мыз трансферлік құны бойынша алғашқы бес жүздікке де кірмеген. Ендеше футболға миллиардтарды босқа шашудың қажеті қанша деген ой келеді. Баспасөзде өңірлердегі футбол клубтарына 71 млрд жұмсалғаны, ал жалғыз «Астана» клубына 15 млрд бөлінгені айтылып жүр. Қа­зақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтхожин: «Біз бюджеттен қаражат алмаймыз, қайдағы миллиардтар, 200 мил­лион теңге ғана алдық» деп жауап беріпті. Ал «Жеңілістің себебі – жақ­сы футболшылардың тапшы­лығынан» деп ақталады. Феде­ра­ция «Бюджеттен көп қаржы ал­май­мыз» дейді, бірақ федерация құрамына кіретін кәсіпқой клубтар облыс әкімдіктері арқылы мил­лиардтар алып отыр. Соңғы үш жыл­дағы облыстардың кәсіби клуб­тарға бөлген қаржысы – 111, 2 млрд.

Ал федерацияға респуб­ликалық бюджеттен, «Самұрық-Қазынадан», УЕФА-дан, демеу­шілерден бөлінген қаржының есе­бі белгісіз, ол туралы нақты ақ­парат жарияланбаған.

Футбол әлеміндегі кез келген елдің кез келген командасына қатысты ақпарат жазатын transfermarkt.com сайтының мәліметі бойынша, Қазақстан футболының біржылдық бюджеті – 133 млрд теңге. Ал жақсы футболшылардың тапшы болатыны – ойыншы­ла­ры­мызды дайындаудың орнына мол ақшаға шетелден ортанқол ле­гио­нер сатып алатындымызда. Мә­селен, премьер-лигадағы 371 фут­болшының 150-і, ал бірінші лига­дағы 16-сы легионер, сонда ел ішінде «шайқап төгіп, үрлеп ішіп» 166 шетелдік ойыншы жүр. Бюджет ақшасы футболды дамытуға емес, шетел ойыншыларын байытуға жұмсалып жатыр. Командалардағы 11 ойыншының ең көп дегенде 4-5-еуі ғана өзіміздің қаракөзіміз, қалғандарының бәрі өзге ұлт өкілдерінен. Олар елдің, жердің намысы үшін емес, көпшілігі тек ақша үшін ойнайтынын жасырып қайтеміз?! Ал осы футболға бө­лінген 133 миллиардқа кемінде 133 мектеп салуға болар еді. Оның үстіне, біздің футболдың басынан дау айырылмай келеді. Қазір Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Астана» ФК-ның бұрынғы басшылығының үстінен клубтың ақшасын ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүр­гізіп жатыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агент­тігінің баспасөз қызметі хабарлады. «Футболшылардың (легионер­лер­дің) агенттеріне сыйақы төлеу ар­қылы ақша қаражатын алу туралы ақпарат тексеріледі. Өзге ақпарат тергеу мүддесі бойынша жария етуге жатпайды» делінген хабар­ламада. Жалпы кейінгі үш-төрт жылда бұл клубтың басшылары жиі ауысып, біраз келіспеушіліктер болып, ұжымның әбден берекесі қашып болды.

Футбол да бизнестің бір түрі

Футбол – басқа кәсіби спорт түрлері сияқты бұл да бизнес. Бас­қа елдерде кәсіби спорт мемле­кет­тің мойнына отырмайды. Сон­дықтан бюджетке байланған фут­бол клу­бының барлығын же­ке­шелендіріп, мемлекеттен қаржы­лан­дыруды тоқтатқан жөн. Бұл қаржы балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, ауыл футболын да­мытуға, балалар бапкерлерін да­йындауға жұмсалуы тиіс. Ауыл­дардағы талантты бала­ларға жағ­дай жасаған жөн. Аудан орталық­тарында, қала маңында да тегін футбол алаңдарын салу керек. Мә­селен, Қазақстан 30 жылда 1 ғана стадион салыпты, ал футбол бюджеті бізден екі есеге аз Өз­бек­стан бұл уақытта самаладай қылып 10 стадион салып тастаған. Сек­циялардағы жаттықтырушы­лар­дың жалақысы мектеп мұғалім­де­рінен кем болмауы тиіс. Футбол индустриясын, менеджменті мен маркетингін дамытып, футбол мамандықтарын, жаттықты­рушы­лар кадрын дайындау жұмыстарын жолға қойып, футбол академиясын қалыптастыру қажет. Осы уақытқа дейін мемлекеттен футбол сала­сына бөлінген қаржының есебі жариялануы тиіс. Өйткені ол ха­лықтың қаржысы! Легионер жаттықтырушылар ең бастысы ақша тауып, негізгі команданы белгілі бір маусымда жақсы көрсеткішке жеткізу үшін ғана келеді. Айталық, «Ақтөбені» бір кезде ел чемпионы қылған Вла­димир Муханов команда ізбасары болатын балалар мен жасөспі­рімдер футболын керек еткен жоқ. Ақтөбелік клуб әлі күнге келімсек футболшыларға тәуелді.

Ал ҚПЛ-дағы футболшылар жылына 55 млн теңге (148 мың доллар) жалақы алып, жырғап жүр. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша әлемде – 25, Еуропада 17-орында тұр. Яғни, әр футболшы айына шамамен 12 376 долларды қал­та­сына басады. Әйтсе де, фут­бол­дың отаны атанған Кәрі құрлық ойыншыларының жалақысы бізге қарағанда көп жоғары. Мәселен, ең қымбат чемпионат – АПЛ. Анг­лия чемпионатындағы ойын­шы­ның орташа жылдық жалақысы – 3 миллион 935 197 доллар. Сосын – Испания: 2 896 151 доллар.

Үз­дік үштікті Италия түйіндейді: 1 999 865 доллар. Десе де, футбол бюджетінің көлемі жағынан Қа­зақстан дамыған көп мемлекеттен алда, тіпті Оңтүстік Корея, Аус­тра­лия, Польша, Хорватия чемпио­нат­тарынан озып кеткен. Ал жеке­леген футболшылардың жалақысы тіпті бас шайқатарлықтай. 2018 жылы Jeune Afrique журналында «Қайрат» сапында ойнаған ивуар­лық легионер Жерар Гоудың жа­лақысы жарияланды. Ол жылына 2 миллион еуро алған. Бұдан бө­лек, оған сыйақы түрінде берілетін қомақты бонустарды тағы қосы­ңыз. Сондай-ақ кезінде ресейлік легионер Андрей Аршавиннің ресми жалақысы 1,5 млн және түрлі сыйақымен қоса санағанда 2,5 млн долларға жеткен. 2016 жылы «Ақтөбе» клубы ойыншы­ларының жалақысы жариялан­ған­да Алексей Щеткиннің ай сайын 9 миллион теңге алатыны мәлім болды. Тағы бір «ақтөбелік» Самат Смақов айына 6 миллион теңге тапқан. Кезінде «Самұрық-Қа­зына» әл-ауқат қорының басшы­лы­ғында болған Дархан Қалетаев «Астана» клубы ойыншыларының біріне 1,1 млн доллар жылдық жа­лақы төлегенін жария еткен еді. Ал әр жылдары ел біріншілігінде ой­наған бразилиялық Данило айы­на – 57 мың, Андерсон Сантана айына – 61 мың, армениялық ойыншы Маркос Пиззели айына 85 мың еуро алып тұрған. Сондай-ақ қанша айтылып келе жатқанымен, ауыл футболын, жалпы ауыл спортын дамытуға келгенде пейіліміз тарылып қа­латыны өтірік емес. Ауылдық жер­лерде алаңдар салып, аудандық, облыстық турнирлер жиі ұйымдас­тырылып жатса, талантты жастар суырылып шығар еді. Сонда әлем­дік доп додасында біздің де маң­дайымыз жарқырап, алда жүрер ме едік?! Балалар мен жасөспірімдер фут­болын дамытуға тағы бір ке­дергі – бапкерлер жалақысының төмендігі мен футбол секция­ла­рының ақылы болуы. Айлықтан-айлыққа өмір сүріп отырған көп­теген отбасы үшін футбол секция­сына төлейтін ақшаның өзі салмақ салады. Қазір елімізде арнап сал­ған футбол алаңдары баршылық десек те, оларда көбіне балалар емес, ересектер жағы бос уақытын өткізіп жатады. Ойлап қарасаңыз, осындай ұсақ-түйек себеп көп. Сол шағын проблемалар жиналып, шыны керек қазақ футболының келешегін көмескілендіріп отыр. Қазақстан футбол федерация­сының бас хатшысы Азамат Айт­хожин 2022 жылғы әлем чемпио­натының іріктеу кезеңіндегі сәтсіз ойынды былай деп түсіндіреді: «Негізгі құрамдағы ойыншы­лардың көпшілігі жарақатына бай­ланысты Парижге бара алмай қалды. Сондай-ақ бізде ұлттық құраманың резерві жоқ екенін айта кеткен жөн. Команда көшбас­шы­ларын ауыстырған ойыншылар халықаралық деңгейде ойнауға әлі дайын емес»,– дейді ол. Бірақ бұл уәж қаншалықты салмақты, қаншалықты дәлелді? Ал 30 жыл бойы өз қаракөздерімізді доп тебуге үйрете алмай жүрсек, оған кім кінәлі?!

Дәулет АСАУ