Фармацевтика – ғылыми-әлеуметтік әлеует
Фармацевтика – ғылыми-әлеуметтік әлеует
498
оқылды

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі бес жылда фармацевтика саласы тоқырау жағдайында тұрғаны рас еді. Біраз уақыт өзімен-өзі қалған нарықты әркім қолынан келгенше дамытып жатты. Мемлекет эко­номика­лық жағдайын түзеп алғанша дәрі-дәрмек өндірісіне көңіл бөле алмады. Әйтсе де, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәл атап көрсеткендей, «Фармацевтика – ұлттық қауіпсіз­діктің бір факторы» екені шегеленіп бекітілді де, Үкімет 90-жылдардың екінші жартысында бұл секторды дамытуды өз қолына алып, көптеген бағдарлама ұсынды. Енді бүгінде елімізде дәрі-дәрмектер өнеркәсібі ішкі қажеттілікті өтеп қана қоймай, экспорттық әлеуетке де ие болып отыр.

1991-2001 жылдар: 1990-жылдардың бірінші жартысында, барлық посткеңестік аумаққа тән жағдай, дәріханаларда тіршілікке қажетті дәрі-дәрмектер болмады. Импорт тоқтап, отандық фармацевтика өндірісі елдің дәрі-дәрмекке деген сұра­нысын небәрі 3%-ға ғана қанағаттандыра алды. Ахуалды түзеу үшін мемлекет 1995 жылдан бастап фармацевтикалық секторға түбегейлi қайта құру жүргiздi. Дәрiлiк қам­та­масыз етудiң орталықтандырылған жүйе­сiнiң орнына фармайналымның жаңа сипаты қалыптасты. Яки, iрi дистрибьютерлiк компаниялар пайда болып, дәрiхана ұйым­дары дербестiк алды.

Дәрiхана ұйым­дарының саны 1996 жылы 2 120-дан 2001 жылы 6 471-ге дейiн, дәрiлiк заттар ассортиментi 1 220 атаудан 4 450-ге дейiн артты. Фармацевтикалық қызмет көрсетудiң жаңа нысандары пайда болды. Осы кезеңде отан­дық фармацевтикалық және меди­цина­лық өнеркәсiп дамып, өндiрушi кә­сiп­орындар саны 13-тен 70-ке дейiн кө­бейдi. Өндiрiс көлемi 4,7 млн АҚШ долларынан (1996 жылы), 19 млн АҚШ долларына (2001 жылы) жетті. Ал қазақстандық фармацевтика ұйымдары өндiрген және тiр­кеген дәрiлiк зат саны 60-тан 315-ке дейiн өстi.

Дүниежүзiлiк Денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ұсынысымен негiзгi дәрiлiк заттар тiзiмi екi жылда бiр рет бекi­тіле­тiн болды. Дәрiлiк заттардың қауiпсiз­дігін, тиiмдiлiгi мен сапасын бақылау жүйесi құрылып, дәрiлiк заттарды мемлекеттiк тiркеу рәсiмi ретке келтірілді. Қатаң бәсекелестік есебiнен дәрі-дәрмек бағасы төмендеп, нарық тұрақтандырылды. Осылайша, аталған саланың ғылыми-әлеумет­тік маңызы бәсекелестік ортада жаңа қа­жет­тіліктер мен талаптар аясында қалып­таса бастады.

Әйтсе де, шешімін күткен мәселелер әлі де көп еді. Берілген еркіндікке сай, дәрiханалар желiсi бейберекет қалыптасып, олар көбіне қалаларда шоғырланды да, ауыл халқының басым бөлiгiнiң дәрiлiк көмекке қолы жетпедi. Жалған дәрiлiк заттар мен контрабандалық өнiм, мемлекеттiк тiркеуден және сертификаттаудан өтпеген дәрiлер көбейді. Отандық фарма­цевтикалық өндiрiс ассортиментiнiң негiзгi үлесi ескiріп, олардың денін бәсекелес­тiкке қабiлетсiз дәрiлер құрады.

Дәрiлік заттар өндiрiсiн реттейтiн нормативтiк-құқықтық база жеткiлiксiз болды. Республикада сапаның халықаралық стандарттарына негiзделген фармацевтикалық өнiмдi сертификаттау жүйесi құрылмаған еді. Ғылымды және капиталды көп қажет ете­тiн жаңа дәрiлiк заттар өндiрісінiң жеткiлiктi қаржыландырылмауы бүкiл дүние­жүзiнде өсе түскен сұранысқа және табиғи шикiзатқа (өсiмдiк, жануар, минерал) аса бай ел екенімізге қарамастан, сыртқы на­рық­қа шығуға мүмкiндiк бермедi. 2002-2012 жылдар: Жалпы, елімізде медицина саласына ерекше серпін берген Елбасының Жарлығымен 2002 жылдың «Денсаулық жылы» болып жариялануы еді. Бұл Қазақстан медицинасындағы оң өз­геріс­тер­дің басы болды. Енді денсаулық сақ­тау жүйесін реформалау төрт бағыт бо­йынша жүрді. Соның төртінші бағыты дәрілік қамтамасыз етудің ұлттық саясатын жүзеге асыруды қамтыды. Оның аясында сол жылы 29 мамырда «Қазақстан Респуб­ликасының дәрiлiк саясат тұжырымдамасы» қабылданды. Бұл құжат фармацевтикалық секторды одан әрі жетілдіруді, халықты дәрiлiк заттармен қамтамасыз етудiң мемлекеттік стратегиясын айқындауды көз­деді. Дәрі-дәрмектердің бағасын кезең-кезеңмен реттеуді, тіркеу рәсімдерін өзгертуді, барлық дәрі-дәрмекті таңбалау мен қадағалаудың электронды жүйесін енгізуді қарастыратын заң жобасы әзір­ленді. Фармацевтикалық саланы тiкелей мемлекеттiк реттеу қайта қалпына келтiрiлдi. Дәрiлiк заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника сапасын бақылауды қамтамасыз ету жөнiндегi қызмет реттеле бастады. Отандық фармацевтикалық өнiмдер өндi­рiсi­нiң номенклатурасы мен көлемiнiң жыл сайынғы өсiмi қамтамасыз етiлдi.

Қазақстан нарығына сол жылы ең алғашқы отандық дәрі-дәрмек өндіруші жетекші компания «НОБЕЛ АФФ» АҚ келді. Ол елімізге инвестиция ғана емес, халықаралық стандарттағы GMP сертификатты өндірісті де ала келді. Отандық ком­пания екі жыл көлемінде құны 30 миллион АҚШ доллары тұратын заманауи озық жабдықтарда алты препараттың өндірісін жолға қойды. 2004 жылы дәрiлiк заттар айналымы саласында 7,5 мыңнан астам фармацевтикалық объектiлер жұмыс iстедi. Оның iшiнде 370-i ғана, яки 5%-дайы ғана мемлекеттiк меншiк нысанындағы объектілер еді.

Бұл кезеңде де атқарылған реформа­лардың белгiлi бiр терiс салдары болды. Мәселен, дәрiлiк заттардың халықтың әлеу­меттiк осал топтары үшiн қолжетiм­дi­лiгi төмендедi. Осы уақытқа дейін фарма­коэкономикалық зерттеулердi жүргiзу тетiктерi әзiрленбегендіктен, дәрiлiк зат­тардың жанама тиiмдiлiктерiн, пайдаланылуын, бағасын және қолжетiмдiлiгiн бақылау мониторингi тиiстi деңгейде жүргiзiлмей келдi. Сынақ зертханаларының материалдық-техникалық базасы дәрiлiк заттардың сапасын бақылауды ұйымдас­тырудың қазiргi заманғы талаптарына сәйкес келмедi. иммунобиологиялық зерт­теулердi жүргiзу үшiн зертханалар болған жоқ. Жалған дәрiлiк заттар жасау, фар­ма­колаңкестiк, дәрiлiк заттар мен биология­лық белсендi қоспаларды агрессиялық жарнамалау проблемасы өсе түсті. Тұтас алғанда, республиканың фармацевтикалық және медициналық өнеркәсiбiнде халық­аралық өндiру стандарттарына сәйкес келетiн субъектілер жоқ еді. Бұл мәселердің шешімі Денсаулық сақтау саласын реформалау мен да­мытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада қарастырылды. Мемлекеттік бағдарламаның әкелген бір жаңашылдығы – 18 қыркүйек 2009 жылы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстанның кодекс қабылдағаны. Сондай-ақ осы жылы бірыңғай дистрибьюторлық жүйе тетігімен «СҚ-Фармация» ЖШС-ның құрылуы. Ондағы мақсат – тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде ха­лық­ты дәрі-дәрмек заттарымен қамтамасыз ету және тең құқылы серіктестік жағ­дайын­да жеке және мемлекеттік секторлар­дың күш-жігерін біріктіру жолымен еліміз­дегі фармацевтикалық саланы дамытуға жәрдемдесу, оның тұрақтылығы мен бәсе­ке­ге қабілеттілігін арттыру, бюджет қара­жатына алынатын медициналық техниканы қаржылық лизинг шартымен денсаулық сақтау ұйымдарына беруді ұйымдастыру. Осындай жұмыстардың нәтижесінде 2010 жылы фармацевтикаға қатысты жаңа шарт­тарға қол қойылып, бірнеше транс­ұлт­тық жаңа компания Қазақстан нары­ғы­на кіруге рұқсат алды. Ең маңызды келісім­нің бірі Польшаның Polpharma фирмасы мен Қазақстанның ең ірі «Химфарм» ком­па­ниясының арасында 2011 жылы қыркүйекте жасалды. Осы шарттың негізінде екі компания Шымкент қаласын­дағы фармацевтика зауытына қосымша 85 мил­лион доллар қаржы бөліп, оның қуа­тын арттырды. Ал 2012 жылы Alma Pharma және Түркияның Abdi Ibrahim Global Pharm компаниялары Қазақстанда құны 60 миллион доллар болатын дәрі жасайтын зауыт салатыны жайлы хабарлады. 2013-2021 жылдар: Өткен жылдар елі­міз­дің фармацевтика саласында қалыптасу мен даму жолындағы белес болса, ендігі мақсат жетілу, яки халықаралық стандарт пен нарыққа түбегейлі бет бұру болатын. Сондықтан да 2014 жылы дәрі-дәрмек­тердің 80%-ы сырттан әкелінетіні сынға алынып, Үкімет алдына ішкі сұраныстың 50%-ын отандық өндірісте өндірілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету міндеті қойыл­ды. Өйткені елімізде GMP стандартына ие кәсіпорындар саусақпен санарлық еді. Ал шетел асып келетін дәрі-дәрмек бағасы қымбат. Оның үстіне, елімізде отандық дәрі-дәрмек өндірісін жолға қоятын бар­лық мүмкіндік: ғылыми әлеуетіміз, био­логия­лық шикізат қорымыз жеткілікті. Елімізде кешегі кеңестік кезеңнен қалған 5 зауыт, кейін қосылған 79 кәсіпорын бар. Олардың ішіндегі беткеұстарлары – Шымкенттегі «Химфарм» АҚ, Алматыдағы «СП Глобал-Фарм», «Нобел АФФ», «Нұр-Май-Фарм» ЖШС зауыттары, Павлодардағы «Ромат-Фарм», Қарағандыдағы «Фитохимия» ғылыми-өндірістік холдингі, астана­дағы «Ұлттық медициналық холдингі» сияқты толық циклді кәсіпорындар. Олар­дың ішкі нарықты қамтуы 2000 жылы 3%-ды, 2014 жылы 10%-ды құрады.

Сол жылдан бастап елімізде ішкі нарық­пен қатар экспорттың да үлесі артты. Мәселен, 2016 жылмен салыстырғанда, отандық фармкомпаниялар 2015 жылы шетелге 62%-ға артық өнім жөнелткен. Бұған бір жағынан шетелдік инвестиция­ның көмегі де тиіп отыр. 2017 жылы бұл салаға 11,5 млрд теңге құйылды. Бұл сегменттегі экспорт нарығы көбіне Еура­зиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріне, оның ішінде Ресей мен Қырғыз Республикасына бағытталған. Оның сыртында Тәжікстанға, Өзбекстанға, Моң­ғолияға, Германияға және басқа да елдерге препараттар жөнелтіледі.

Тек 2018-2019 жылдардың өзінде Қазақстанның фармацевтика саласындағы өсім 18% болған болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 34,1%-ға өсіп, 98 млрд теңгеге дейін жетті. Осыдан 10 жыл бұрын Үкімет Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын қабылдап, онда фармацевтика басымдыққа ие салалардың бірі ретінде белгіленді. Ол кезде елімізде бар-жоғы 8-10 миллион АҚШ долларының дәрі-дәрмегі өндірілетін еді. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде 2020 жылы бұл көрсеткіш 225 миллион АҚШ долларына (шамамен 100 миллиард теңгеге жуық) жетті. Бүгінде республика бойынша фармацевтика өнеркәсібінде 168 кәсіп­орын жұмыс істейді. Аталған кәсіп­орындарда 17 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Айта кетейік, отандық фармацевтика нарығының сұранысы 1 миллиард 500 миллион АҚШ долларына тең. Басқаша айтсақ, Қазақстан халқы жыл сайын осынша ақшасын дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтарға жұмсайды деген сөз. Жоғарыда айтылған 168 кәсіпорын бүгінде соның 15%-ын қамтамасыз етіп отыр. Қалған 85%-ы шет мемлекеттерден импортталады. Отандық фармацевтика өнер­кәсібіндегі компаниялардың алдында осы көрсеткішті 30%-дан асыру міндеті тұр. Осынау асқақ мақсатқа жылдан-жылға жа­қын­дап келеміз. Фармацевтика – медицина саласының ғылыми-әлеуметтік әле­уеті ғана емес, «Ұлы байлық – денсау­лығымыздың» қазына кені болып қала бер­мек.

Нұрлан ҚОСАЙ