Сенат Төрағасы ТМД ПАА-ның пленарлық отырысына қатысты
Сенат Төрағасы ТМД ПАА-ның пленарлық отырысына қатысты
©Е.Үкібаев
122
оқылды

Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 53-пленарлық отырысына қатысты.

Өз сөзінде Сенат Спикері ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің мерейтойлық отырысын Алматы қаласында өткізу мәселесі бойынша Қазақстанға қолдау білдіргендері үшін әріптестеріне алғыс білдірді. Аталған іс-шара келесі жылдың наурыз айында өткізіледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Қазақстан Республикасы келесі жылы ТМД-ға төрағалық ететініне назар аударды. Осыған орай еліміз қазіргі таңда бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізуде.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ТМД-ға төрағалық ету тұжырымдамасын бекітті. Төрағалық кезеңіндегі басымдықтар анықталды. Солардың бірі парламенттік дипломатия бағыты бойынша жұмыс. Қазақстан өзінің төрағалығы аясында Достастық елдерінің алдында тұрған міндеттерді атқаруда ТМД ПАА-ға одан әрі белсенді қолдау көрсетеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Пленарлық отырысқа қатысушылар пандемиядан кейінгі кезеңдегі даму мәселелерін талқылап, эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру бойынша жұмысты жалғастырудың маңыздылығына тоқталды. Осы орайда Қазақстан Сенатының Төрағасы болашақта биологиялық апаттар мен осындай дағдарыстардың алдын алу үшін Достастық елдері бірлесіп әрекет етудің берері мол екенін айтты. Сондай-ақ ол серіктес мемлекеттерді Қазақстанның Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру жөніндегі бастамасын қолдауға шақырды.

«Былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ жанынан Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастама көтерді. Бұл құрылым құрылған жағдайда коронавирус пандемиясы сияқты дағдарыстарға жол бермеу үшін алдын-алу шараларын қабылдауды көздейді. Одан бөлек, Агенттік тарапынан адамзатқа төнетін сын-қатерлер мен қауіптердің жаңа түрлеріне қарсы тұруға ықпал етуге мүмкіндік туар еді. Қазіргі таңда барлық мүдделі тараптармен практикалық консультациялық жұмыс жүргізілуде. Біз ТМД елдеріндегі әріптестерімізді Қазақстанның Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруға қатысты бастамасын қолдауға шақырамыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында парламентшілер Достастық елдерінің ұлттық заңнамаларында қолдану үшін ПАА әзірлеген модельдік заң жобаларын қарады. Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Ассамблея алаңында бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Өзбекстан Олий Мажлис Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаевамен кездесуде екі елдің парламентаралық өзара іс-қимылын одан әрі нығайту мәселесі сөз болды. Сұхбаттасу барысында екі мемлекеттің Сенаттары арасында құрылған Ынтымақтастық жөніндегі комиссия парламентаралық байланыстың маңызды тетігі екені атап өтілді. Мәулен Әшімбаев Комиссияның кезекті отырысын келесі жылдың бірінші жартысында Қазақстанда, Арал өңірінде өткізуді ұсынды.

«Комиссия отырысында Арал теңізін қалпына келтіру бағытындағы өзара жұмысты және басқа да мәселелерді талқылауға мол мүмкіндік бар. Жалпы, су мәселесі біздің екіжақты қатынастарымызда ерекше орын алады. Елдеріміздің су-энергетикалық әлеуетін ұтымды пайдалану және трансшекаралық өзендердің экологиясын қорғау мәселелері бойынша диалогты одан әрі жалғастыру маңызды. Қазақстан Президенті атап өткендей, «су дипломатиясы» аясындағы келіссөздердің тезірек аяқталуы біздің елдеріміздің және Орталық Азия мемлекеттерінің ортақ мүдделеріне сай келеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Қазақстан Сенатының Спикері Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесуде де трансшекаралық өзендер мәселесін қозғады. Мәулен Әшімбаев бұл мәселе екі елдің Президенттері қатысқан Қазақстан мен Ресейдің XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумында және Валентина Матвиенконың биылғы маусым айында Қазақстанға жасаған сапарында да көтерілгенін тілге тиек етті. Осыған орай Мәулен Әшімбаев бұл бағыттағы жұмысты жандандыруды және аталған мәселені салалық мемлекеттік органдарды жұмылдыра отырып парламенттік деңгейде талқылауды ұсынды. Сондай-ақ ол осы және басқа да ұсыныстарды Қазақстан Парламентінің Сенаты мен Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның алдағы отырысының күн тәртібіне қосу мәселесіне назар аударды. Комиссия отырысы келесі жылдың алғашқы жартысында өткізілмек. «Су мәселесі біздің өңіріміз үшін өзекті түйткіл. Тіпті трансшекаралық су ресурстарын ұтымды және ұқыпты пайдалану өңірлік дамудың маңызды факторы болып саналады. Одан бөлек, пандемиядан кейінгі жағдайда тұрақты даму мәселесі де екі елдің парламентшілері үшін маңызды екені сөзсіз. Біз Сенат жұмысында ауылдық аумақтарды кешенді дамыту, оның ішінде инфрақұрылымды, әлеуметтік нысандарды, бизнесті өркендету, жұмыс орындарын құру мәселелеріне баса мән береміз. Осы бағыттарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша ресейлік әріптестерімізбен тәжірибе алмасуға мүдделіміз», – деді Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы.