Нұр-Сұлтанда жолаушылар автобусы қарсы жолаққа шығып кетіп, басқа автобуспен соқтығысты. CTS компаниясы хабарлағандай, жол-көлік оқиғасы 26 қараша күні сағат 10.50-де Байсейітова көшесінде «Шақпақ» аялдамасы маңында болған.
«№20 бағдарлы автобустың жүргізушісі рульді басқара алмай, қарсы бағытқа шығып кетіп, нәтижесінде № 39 бағдарлы автобуспен соқтығысты. Оқиға орнына келген полиция қызметкері № 20 автобус жүргізушісіне қатысты хаттама толтырды. Осыған қатысты шешім қабылдау үшін анықтау бөліміне жіберіледі. Жүргізуші ЖҚЕ бойынша бұзушылықтар тізілімінде көрсетілмейді. Жолаушылар көлігіндегі еңбек өтілі – 5 жыл. Рейс алдындағы медициналық тексеруден өту уақыты – 06.00, желіге кіру рұқсаты бар», – деді CTS.Компанияның мәліметінше, 1961 және 1954 жылы туған екі жолаушы жарақат алып ауруханаға жеткізілді.