Дулат Исабеков. Қаламдастар қалжыңы
Дулат Исабеков. Қаламдастар қалжыңы
411
оқылды
Асқар Сүлейменов туралы Жазушылар одағының барында кофе ішіп отырмыз. Аты-жөні есімде жоқ, бір жігіт Асекеңнен: – Ас-еке, қазақ ұлт бола ма, болмай ма? – деп сұрады. Асекең әрі кофесін ішіп, әрі қолындағы газеттен көз алмай отырып: – Болады. Бірақ болмайды, - деді де газеттен көзін алмай отыра берді. Біз түк түсінген жоқпыз. – Асеке, таратып айтсаңызшы. Не ол – болады, бірақ болмайды деген. Неге болады, неге болмайды. Асекең сұрақ қойып отырған жігітке бажырайып бір қарады да: – Соған мияларың (миларың) жет­пей тұр ма? Болады, егер руға бөлгенін қойса. Бірақ, қазақ руға бөлгенін қой­майды. Дүниеде екі-ақ қазақ қалған болса, олар бір-бірінің руын сұрап барып өледі. Демек, олар ұлт бола алмайды. *** 1980 жылдың жазында Асқар Сүлейменов екеуміз Ялтада өтетін Бұкілодақтық драматургтердің бір айлық Семинарына баратын болдық. Оған барлық одақтас республикалардан, Москва, Ленинградтан белгілі драма­тург­тер, театр сыншылары қатысады. Әр драматургтың жол шығынын, бір айлық тамағын СССР Мәдениет ми­нистрлігі көтереді. Әр адамға жеке бөлме, машинка, аздап «қалта пүл» да беріледі. Екеуміз Алматы-Ақтөбе-Мине­ральны воды-Симферополь-Ялта ба­ғытымен ұшатын самолетке отырдық. Менде жол жүруге арналған магнитті шахмат бар, екеуміз әр партиясына 3 сомнан салып, Ялтаға жеткенше ермек қылдық. Сонымен, самолетіміз қосымша жолаушылар алу үшін Ақтөбеге келіп қонды. Барлық жолаушылар самолет бортынан шығып, аэропорт вокзалында жүрміз. Жарты сағаттан соң өкпек жолаушыларды (транзитті) самолетке отыруды сұрай бастады. Бәріміз орындарымызға жайғастық. Бәрі отырды. Асқар жоқ. Бортпроводниктер сыртқа шығып, рупормен оның фамилиясын айтып шақыра бастады. Асекең көрінетін емес. Келесі бір сәтте борпроводник: «егер бес минуттың ішінде жолаушы өз орнына келмейтін болса, ондай жағдайда борт қауіпсіздігін сақтау үшін жолаушының жүк салонын­дағы жүктері түсіріледі» деп айтып, соңғы ескертулер жасалды. Мен отырмын салонда күйіп-пісіп. Шыдамның шегіне жетіп, жүйкенің ішегі үзілердей болған кезде Асекең де көрінді-ау! Қолында газетке оралған бір заты бар. Бортпроводниктерден бастап салондағы жолаушыларға дейін авия­лайнерді осыншама кешіктіргені үшін оған ашу-ызаларын білдіре бастады. Борт­тағы жолаушылардың 80-90 про­центі орыс ұлтының өкілдері. Көп­шіліктің ішінде әр түрлі мінездің адамдары бола береді емес пе, алдыңғы жақта отырған ұстамсыздау бір әйел: «У них никогда не было культуры» деп ызасын ақтарып салды. Асекең әлгі сөзді айтқан егделеу әйелге бажырайып бір қарап алды да: «Да, у нас не было культуры. А у вас еще не появилась» деді де, жайбарақат орнына кеп жайғасты. Сонымен шырқау биікке көтеріліп, көңіліміз жайғасқан соң: – Асеке, қолыңыздағы газетке орал­ған не нәрсе? – деп сұрадым. – Бұл – Әзірбайжанның «Ақ дәм» деген шарабы. Бағасы – 62 тиын. Дүние­дегі ең арзан шарап осы болса керек. Осыны алғалы тұрғанымда шашаының бір жағы сары, бір жағы көк буфетші әйел бір жаққа шығып кете қойсын. Соның келгенін күтем деп қой кешігіп қалғаным. – Бұл виноны қайтпексіз? – Тұрады бөлмеде. «Бағасы 62 тиын» деген жазуына қарап күліп отырамын. – «Құданың құдіреті, тасбақаның суреті» деген тіркесті бала кезімізде жиі айтушы едік. Виноның бағасына қарап, бөтелкеге үңіліп, өзінен-өзі күліп отырған адамды сырттан көріп тұрған біреу болса сізді дені сау кісі деп айта қоймас... Сонымен, Ялтаға да келдік, ор­нымызға жайғастық, семинар жұмысы басталып та кетті. Семинардың басшы­сы – М.Горький атындағы дүниежүзілік әдебиет институтының ректоры В.Ф.Пименов, оның орынбасары – өнертану ғылымдарының докторы И.Л.Вишневская. Семинар әр топқа бөлініп, әр топқа жетекшілер белгі­ленген. Менің жетекшім – Вишневская, Асекеңнің жетекшісі – сол кездегі ең атақты драматург – Александр Гельман. Арада бес-алты күн өтіп, бәрімен аралас-құралас болып алған соң Асекең екеуміз ақылдасып отырып Пименовті, Вишневскаяны, Гельманды, СССР жазушылап одағының драматургия секциясының басшысы Эд.Бобровты «Астория» ресторанына шақырдық. Кешкі асқа бармай, бәріміз келіскен уақытта ресторанда бас қостық. Пиме­нов пен Вишневская болмаса мен Гель­манмен және Бобровпен біршама таныстығым бар еді. Отырыс басталып кетті. Бәріміз меню қарап отырмыз. Вишневская болса: «Ребята, смотрите сами. Ваш вкус мой вкус» деп дастархан мәзірін қараудан бас тартты. Асекең менюді алып дауыстап оқм бастады. әр тағамның атын оқыған са­йын: «Это тюркское. Это тоже тюркское название» дей берген соң Вишневская: «Дорогой... Ас... Аскар! У этих бедных хохлов должно же быть свое» деп еді, Асекең менюді аударыстырып отырып: «Да, у них тоже есть свое – «Запорожцы пишут письмо Турецкому султану» деп қосақ арасында айта салды. Мұндай диаметрально қарсы параллелге отырғандар ду күліп, онымен бірден етене танысып кетті. Дастархан үстінде алуан тақырыпта әңгімелер өрбіп жатты. Бір қызығы – барлық тақырып қамтылып жатса да драматургия жайлы бір ауыз сөз болған жоқ. Отырыстың орта тұсына келгенде Асекең кенеттен археология жөнінде әңгіме бастап кетті. Біз Ялтаға келерден екі-үш жеті бұрын «Известия» газетінде Отырардағы қазба жұмыстары жайлы мақала жария­ланып, археологтар төрт-бес бөшке виноның қалдығын тапқандары жайлы сенсациялық хабар таратқан еді. Орта ға­сырдан бері тұрған шарап қалың қабыршақ боп қатып қалған екен. Мәскеуден, Ленинградтан арнайы эксперттер келіп (араларында біздің Олжас та бар) қалдықтың құрамын, қазіргі сапасын лабароторияда тексеріп, тіпті ауызбен татып та көріп, қатқан қалдықтарды мұқият ерітсе пайдалануға, яғни, ішуге болады деп қорытынды жасапты. Асекең әңгімесін елігіп тыңдап отырған мәскеуліктер: «Япыр-ай, ол шараптар қазір кімдердің қолына түсті екен? Шіркін, бір тамшысын татып көрер ме еді» деп армандай жөнелді. «Драматургия – это интрига. Казахи большие интриганы» дегенді көп айтатын Асекең, интриганы одан әрі дамыта түсті. «Мен сол комиссияның мүшелері арқылы жүз грамм шарап ері­тін­дісін қолға түсіріп едім. Қаласаңыздар көрсетейін» дегені. Мынандай қиял-ғажайып сөзді естігенде отырғандар қойдай маңырап, қозыдай жамырап шыға келді. Бәрі Асекеңе жалынды, жалбарынды, өлердегі сөздерін айтып, егер ол шараптан тым болмаса бір тамшысын татып көрсе, өздерін бұл ғасырдағы ең бақытты адамбыз деп санайтындарын таусыла айтып жатты. Сәл ойланып, драматургиялық пауза жасап алған соң, Асекең асықпай жан қалтасын қолына салып, жүз грамдық сувенирлік коньяктің шақшасын столға қойды. Отырғандар орындарынан атып-атып тұрып, тап бір тунгус ме­теоритін көргендей шақшаға үңіле қара­ды. Асекең шишаның этикеткасын тазалап жуып, басын ақ матамен орап, бүйіріне «Отырардан сый» деп арапша жазып қойыпты. «Құдай ұрды, - дедім іштей. – Бұл баяғы «Ақ дәм» болды ғой. Мұның ақыры немен бітер екен?!» Әдебиет, театр, кино, драматургия дегендер әдірем қалып, жұрттың бәрі «біздің заманымыздың геройы» Асекең­мен болып кетті. – Ну, дорогой Аскар, - деді бұдан әрі шыдап отыра алмаған Вишневская. – Бізді азаптай бермей, мына қасиетті шараптан бір-бір тамшы құйып бер! – Ол үшін мына былғаныш рюмка­ларыңызды жудырып алыңыздар. Бәрі даяшыны шақырып, рюмка­ларын жудырып алдарына қойды. Асекең болса асықпай шишасының аузын ашып, «Капли детского короля» деп Шекспирден бір ауыз үзінді айтып, рюмкелерге бес-алты тамшыдан құйып шықты. Отырғандар Иисус Христостың даладағы дастарқанынан дәм татып отырған фанаттар секілді рюмкаларын аса бір сақтықен қолдарына алып, тілдеріне тамызды да, ауыздарын ашпай аспанға қарап біраз отырды. – Что вы почувствовали? – деді Асекең ақылды адамдардың өзін оп-оңай ақымақ ете салуға болатынын өз тәжірибесі арқылы көз жеткізгеніне іштей сеніп, оларға жымия қарап. – Мен Шыңғысхан әскерінің ат тұяқтарының дүбірін естіп отырмын, - деді Пименов. – Мен ортағасырлық жусан иісін жұтып отырғандаймын, – деді Вишнев­ская. – Осы шарапты бөшкеге құйып жатқан адамдар арада 600-700 жыл өткен соң қатқан қалдықты ерітіп, Совет драматургтері деген әлдебіреулер ішіп көретінін білмейді-ау! – деп терең ойға кетті. – Шараптың атасы жүзім ғой. Әу баста ол да біздің ішіп жүрген виномыз сияқты болған шығар, – деді бәріне сын көзбен қарап үйренген театр зерттеушісі Бобров. Асекең қалған шарапты рюмкелерге құйып, босаған шишасын столға қойғаны сол еді, Вишневская оны жұлып алып, естелік ретінде сақтау үшін қол сөмкесіне салып қойды. Әлден соң Пименов Асқарға қарап: – Дорогой Аскар, - деді өтінішті дауыспен. – Сіз маған дәл осындай шарапты тым болмаса жүз грамын тауып бере алмайсыз ба? Осыдан Мәскеуге барған соң аса құрметті кісі­лерді қонаққа шақырғалы оты едім. Олар үшін бұл теңдесі жоқ сый болар еді. Қанша сұрасаңыз да қымбат­сынбаймын. Булат Окуджаваның өлеңіндегідей «За ценой мы не пос­тоим». Асекең Таяу Шығыс мәселесін жалғыз өзі шешейін деп отырғандай ұзақ ойланып алды да: – Менің бөлмемде дәл осындай тағы бір шишасы бар еді. Сізге соня қияиын. Бірақ ол ақшаға сатылмайды. Тек, айырбастауға ғана болады. – Тайынбаңыз, айтыңыз! Неге айыр­бастайсыз? – Инна Люциановнаға. Инна Люциановна Вишневская, қазіргі тілмен айтқанда Пименовтің «под­ругасы». Екеуі теңіз жаққа қараған апартаментте бірге тұрады. Кульминация! «Ревизордағы» өлі сахна. Сын сағаты! Ұзақ үнсіздіктен соң Пименов пен Вишневская бір-біріне қарады. – Ну, Владимир Федорович! Решай! – деді Вишневская. – Ал, сен... қалай ойлайсың? – деді Пименов. Асекең драмалық ситуацияны онан әрі шиеленістіре түсті. – Мен түбегейлі айырбастау туралы айтып отырған жоқпын. Тек бір-ақ түнге, – деді ол екеуіне кезек қарап. – Онда айырбаста! Есесіне сен аса құрметті қонақтарыңды теңдесі жоқ қуанышқа бөлейсің. Ұзақ арбасудан соң олар айырбасқа келісті. Қонақ үйге де келдік. Пименовтердің есігінің алдында тұрмыз. Асекең шиша­сын алып келіп, оны Пименовтың қолы­на ұстатты да Вишневскаяға қарап: – Торг состоялся! Уходим! – деп ол Иннаның қолынан ұстады. Асекең бір-екі адым аттады да, сол орнында әлі сілейіп тұрған Пименовке қарап: – Екеуіңіз де тарихты қатты баға­лайды екенсіздер. Бөшкенің түбінен табылған шарап қалдығы осынша қым­бат тұратынын білмеппін, – деп мырс етіп күліп алды да, Вишневскаяның қо­лы­нан сүйіп, төменгі қабаттағы бөл­мемізге қарай жүре берді. Жүре берді де сәл артқа бұрылып: – Сіздердің ерліктеріңіз он бөшке ежелгі ақ дәм шарабынан жүз есе қым­бат. Сондықтан «Я возвращаю вам ваш портрет» деп төменге түсе берді. Бөлмеге келген соң екі иығымнан екі диірмен тас түскендей «Уф!» деп бір-ақ дем алдым-ау! Бөлмесіне барсам Асекең ештеңе болмағандай Фишер мен Спасскидің кейінге қалдырылған апртиясын жайба­рақат талдап отыр екен. – Сізбен бірге ұзақ жүрген адамдар ақыреттің қыл көпірінен өткенде онша қиналмайтын шығар, – дедім. Осынша оқиғаға қозғаушы күш болған (драмат­ургиялық термин) «Ақ дәм» шарабынан босаған едендегі бос бөтелкеге қарап тұрып. *** Драматургиялық семинар деген әр республикадан келген драматургтармен танысу, бір-біріңнің шығармаларыңды аудару, шығармашылық достықты қалыптастыру жағынан келгенде пай­дасы мол бас қосу болатын. бір респуб­лика мен екінші республика кездесіп «кіші чемпионат» өткізетін кезіміз де болады. Сондай «кіші чемпионат» кезінде біз Армян драматургтерімен кез­десетін болдық. Армяндар тума бильярдшылар. Мен де асып бара жат­қа. Бирьярдшы емеспін, Асекең де солай. Бірақ, «кіші чемпионат» болған соң ойнауға тура келеді. Алғашқы партияда 8:3 боп ойсырай ұтылдық. Екінші партияда қолымыз жүре бастады. есеп 5:2 боп алда келеміз. Асекеңнің көңілі көтеріңкі. Бірақ өзі әлі бір де шар түсірген жоқ. Есеп 6:4 боп тұрған кезде Асекең бір шар түсірді де қарап жүрмей: «Еше один удар Турков над армянами!» демесі бар ма? Ызақор армяндар ойынды тастай салып, Асекеңнің жағасынан ала түспесі бар ма. 1915 жылы Түріктердің армяндарды аяусыз қырғанын қазақ драматургы әдейі еске алып тұр деп ойлаған олар Асекеңнің жағасынан алып, бір-екі рет жұлқып қалды. «Ол бұл сөзді әдейі айт­қан жоқ, әзіл үшін айта салды» деп мен жүр­мін араға түсіп. Келесі столда Пим­енов пен Гельман да шар соғып жатқан. Жағаласып жатқан армяндар мен қазақтарды көріп олар да жетіп келді. Семинар басшысы Пименов арашаға түскен соң армяндардың ашу тарқап, екі жақ бітімге келдік. Қыл көпірден өтудің Асекеңнен бастау алатын тағы бір сабағынан әрең дегенде аман өттік. Бір аптадан «Біз соғысты көрген жоқпыз» деген повесімді бітірдім де, «Ай-Петри» жағалауын, Қырым хандығының астанасы Бақша сарайды, Воронцов сарайын, Караидар қорымын аралап шығып, «Мұрагерлер» атты пьесамды аударып жатқан «Театральная жизнь» журналының бас редакторы Ник.Мирошниченкомен сау бол айтысып, Алматыға қайтып кеттім («Мұрагерлер» драмасы 7-8 айдан соң «Театральная жизнь» журналында жарияланды). Ол да бір өзінше қызық дәурен екен.